Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Тарих саласындағы жапон-қазақ ғылыми байланыс бастамасы


2018 ж. 26 желтоқсанда институтқа Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Кавабата Ичиро мырзаның және бірқатар Елшілік атташеларының жетекшілігімен Жапонияның Парламенттік Сыртқы Істер вице-министрі, Жапония Парламенті Өкілдер палатасының депутаты Кенджи Ямада мырза және Жапонияның Сыртқы Істер Министрлігі Еуропа департаментінің Орталық Азия мен Кавказ бөлімшесінің бас инспекторы Маэда Такума мырза ресми іс-сапармен келді. Институтымыздың тарапынан директор, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Ермұханұлы Қабылдинов, бас ғылыми қызметкер Қайдар Сейсембайұлы Алдажұманов, жетекші ғылыми қызметкер, тарих ғылымдарының кандидаты Зира Маймаққызы Төленова және институттың кіші ғылыми қызметкері, жапонтанушы аудармашы ретінде Қуанбай Олжас шет елдік мәртебелі меймандарды қабылдады. Кездесу барысында жапондық тараптың қызығушылығын тудыратын Қазақстанға күштеп қоныс аударылған жапондық тұтқындар тақырыбы отырыс өзегі болды. Қайдар Сейсембайұлы Алдажұманов құрметті қонақтарға тарих және этнология институтының қалыптасу кезеңі, Ғылым Академиясының салыну тарихы, оған жапондық тұтқындардың қалай тартылғандығы, сол әскери тұтқындардың тағдыры мен күнделікті тұрмыс тіршілігіндегі оқиғаларды жапондық делегацияға баяндай келе, жалпы кеңестік кезеңдегі зобалаң жылдар жайлы елу жыл институтта қызмет еткен, сол дәуірдің куәгері, алмастың асыл сынығы ретінде кеңінен ақпарат берді. Төленова Зира Маймаққызы тағдыр тәлкегінен Отандарын тастап келген жапондық бейбақтардың ауыр жұмысқа тартылу аймақтарын, жерленген жерлері мен олар жайлы зерттеу жүргізген ғалымдардың естеліктерімен бөлісті. Институт директоры Зиябек Ермұханұлы институт басшылығында болған, қазақ халқына еңбегі сіңген қайраткерлерді, институт бөлімдері мен ғалымдар құрамын және зерттеу бағыттарын жан-жақты таныстырды. Жапондық өкілдерімен болған кездесу барысында болашақта институтымыздың ғылыми байланысын нығайту саласында алғашқы қадамдар жасалынды. Өз кезегінде Жапонияның Парламенттік Сыртқы Істер вице-министрі, Жапония Парламенті өкілдер палатасының депутаты Кенджи Ямада мырза Қазақстан мен Жапония арасындағы өзара тарихи ғылыми институттар байланыстарын орнатуда өз үлесін қосуға мүдделі екендіктерін жеткізе келе, осы сапарларының 2015 жылы ҚР ресми іс-сапармен келген Жапонияның премьер-министрі Щиндзо Абенің тапсырысы бойынша Қазақстан мен Жапонияның байланысын нығайтудағы нақты қадамдардың бірі екендігін атап өтті. Қос тарап зерттеу негізі болатын ортақ тақырыптар, оның ішінде жапон тұтқындарынан тыс Семей мен Хиросима, Нагасаки қалаларының ортақ тағдыры ғылыми байланыс тетігі болатынын да атап өтті. Ұсыныстар арасында, бірлесіп «Қазақ-жапон зерттеу институтын» да құру сынды үлкен жобаларға қатысты пікірлер білдірілді. Сонымен қатар, Жапонияның Парламенттік Сыртқы Істер вице-министі Кенджи Ямада мырза келешекте жасалынатын ғылыми-тәжірибелік байланыстарды нығайту іс-шараларын Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Кавабата Ичиро мырзаға тапсырды. Кездесудің ресми бөлімі тәмамдалуымен жапондық қонақтар Ғылым ордасының  мұражайында болып, ондағы экспонаттармен танысып, институт ұжымы мен басшылығына алғыстарын білдірді.