Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

«Қазақстанның шығыстанушы ғалымы – К.Ш. Хафизова» атты Халықаралық дөңгелек үстел өткізілді


2019 ж. 25 сәуірде «Ғылым ордасы» РМК институт т.ғ.д. Клара Шайсұлтанқызы Хафизованың 80 жылдық мерейтойы аясында «Қазақстанның шығыстанушы ғалымы – К.Ш. Хафизова» атты Халықаралық дөңгелек үстелді өткізді. Конференцияның модераторы директордың ғылым жөніндегі орынбасары С.М. Борбасов болды. Дөңгелек үстелдеАлматы қаласындағы ҚХР-ның Бас консулы Чжен Вэй, Қазақ-неміс университетінің жанындағы ХжАЫИ-ның директоры, саясаттану ғылымдарының докторы Б.Қ. Султанов, ЮНЕСКО қамқорлығындағы Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығы директорының орынбасары В.Г. Толмачев, Р.Б. Сүлейменов ат. Шығыстану институтының директоры, профессор Ә.Б. Дербісәлі, Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ профессоры С. Абдулло, Абай ат. ҚазҰПУ-нің профессоры С.А. Урашев, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-ның Алматы қаласындағы өкілдігінің басшысы Ә.С. Әбен құттықтау сөз сөйледі. Сонымен қатар, Р.Б. Сүлейменов ат. Шығыстану институты директорының орынбасары Л.Ғ. Ерекешева, ҚР ОМА мұрағат және тарихи-деректік жинақтармен жұмыс жөніндегі бөлімінің қызметкері Е.Н. Жунусова, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі академиясының профессоры Қ.Ғ. Шаймерденова, профессорлар С. Өтениязов пен М.Ж. Әбдіров және т.б. еліміздің белгілі ғалымдары баяндама жасады.

Профессор К.Ш. Хафизованың Қазақстанда және шетелде жарық көрген 150-ден астам ғылыми еңбектері бар. Оның Англия, Ауғанстан, ҚХР, Гонконг, Тайвань және ТМД елдеріндегі халықаралық ғылыми конференцияларда жасаған ғылыми хабарлары әлемдік тарихшылар қауымдастығының назарын үнемі өзіне аудартып отырады. К.Ш. Хафизова әр жылдары мынадай қызметтер атқарды: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің (сол кездегі С.М. Киров атындағы ҚазМУ) қытай филологиясының алғашқы меңгерушісі; Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының директоры (1998-2005 жж.); Қазақстан (КСРО) тарихшылары арасынан ҚХР-ның Алғашқы тарихи Архивінде және Тайванның Тайбэй қаласында орналасқан Гугун музейінің Тарихи Архивінде тұңғыш болып жұмыс істеуге мүмкіндік алды.

Конференция жұмысы барысында академик Қ.И. Сәтпаевтың мемориалдық музейі мен «Ғылым Ордасының» Орталық ғылыми кітапханасы кітап көрмесін ұйымдастырды.