Көкебаева Гүлжаухар Кәкенқызы

kokebaeva

 

Тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ш.Ш.Уалиханов атындағы Тарих және этнология институты Дүниежүзі тарихы бөлімінің меңгерушісі. Қазақстандағы шетелдер тарихын, соныі ішінде Батыс елдері тарихын зерттеу саласындағы көрінекті маман.

1982-1985 жж. Москвада КСРО Ғылым академиясында аспирантурада оқыған. 1986 ж. Москвада Германияның сыртқы саясаты мәселелері бойынша кандидаттық диссертация қорғаған. Қазақстанның жоғарғы оқу орындарында ұзақ жылдар ұстаздық қызмет атқарған. Кеңес-герман қатынастарына, екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі соғыс тұтқындарына қатысты тақырыпта докторлық диссертация қорғаған.

2003 жылы «Неміс академиялық алмасу қызметінің» ғылыми Грантын жеңіп алып, Германиядағы Рур университетінде профессор Берндт Бонвечтің жетекшілігімен ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізген. Зерттеу барысында Германияның Сыртқы істер министрлігінің Саяси архивінде, Федералдық архивінде, Әскери архивінде және бұрынғы ГДР Қауіпсіздік министрлігінің құпия архивіндегі тарихи құжаттарды зерттеген.

2005-2007 жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша Германияның, Венгрияның, Польшаның архивтерінде және кітапханаларында ғылыми-ізденіс жұмыстарын жүргізіп, қазақ халқының тарихына және мәдениетіне қатысты деректерді жинаған. Осы сапарларының барысында Европа архивтеріндегі қазақ зиялыларының белгілі өкілі Мұстафа Шоқай туралы, Қазақстан тарихының басқа да елеулі мәселелері туралы мағлұмат беретін бірқатар құжаттарды тауып, көшірмесін әкелген.

230 ғылыми еңбектері басылып шыққан, оның ішінде 5 монографиясы бар, 30-ға жуық оқулығы бар. 50 мақаласы шетелдерде басылып шыққан. Профессор Л.Штайндорфпен (Германия) және профессор В.Мюллермен (Австрия) бірлесіп, докторанттардың ғылыми зерттеулеріне жетекшілік жасайды.

«Германия – Россия – СССР: политика, война и плен» атты монографиясы Германиядағы Рур және Христиан Альбрехт университеттерінің, Америка Құрама Штаттарындағы Стенфорд және Иллинойс университеттері кітапханаларының ғылыми каталогына енгізілген.