Оразгүл Хасенқызы Мұхатова 

Тәуелсіз   Қазақстан Республикасында отандық тарихнама ғылымы бойынша ана тілінде алғашқылардың қатарында докторлық диссертация қорғаған тарихнамашы – ғалым. Тарих ғылымдарының докторы, профессор, республикадағы Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері. Отандық тарихнама ғылымының теориялық-методологиялық мәселелерін зерттеп, іргелі проблемаларды зерделеуге үлес қосып келеді.

Мұхатова Оразгүл Хасенқызы 1960 жылы 29 ақпанда Алматы облысының Матай стансасында теміржолшының отбасында дүниеге келді.  1968-1978 жылдары темір жол мектебінде білім алды. Мектепті бітірген соң бірден С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетіне оқуға түсті. 1983 жылы оны үздік белгімен тәмамдады. Кеңестік кезеңдегі мамандар дайындаудың талаптарына сәйкес Өскемен қаласындағы құрылыс-жол институтына, қазіргі Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеіне жолдамамен қызметке жіберілді.

1987-1988 оқу жылында Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетінде ғылыми стажировкадан өтті. 1988 жылы аталмыш оқу орнына аспирантураға түсті. 1991 жылы өз мерзімінде «1920-жылдардағы Қазақстан батырақтарының арасындағы бұқаралық-саяси жұмыс» тақырыбында кандидаттық, 1999 жылы «Қазақстандағы аграрлық өзгерістер тарихнамасы (ХІХ ғасырдың соңы-ХХ ғасыр)» атты докторлық диссертация қорғады.

О.Х.Мұхатова – жоғары оқу орындағы барлық сатылардан өткен  жоғары білікті маман, тәжірибелі ұстаз.  Ол ассистенттен бастап кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарды. Ғылыми-педагогикалық өтілі – 37 жыл. Тарихнамашы ғалым – 6 монографияның, 12 оқу және оқу -әдістемелік құралдарының, 280-нен астам ғылыми мақалалардың авторы. Қазақ халқының этникалық тарихын жазуға араласып, тиянақты еңбек етті. Қомақты нәтижелерге қол жеткізген ғалым  – 16 қазақтың ру-тайпалары тарихы бойынша жарияланған кітаптардың соавторы. «Тарихнама ғылымының методологиялық ұстанымдары», «Тарихнама ғылымы: теориялық-методологиялық негіздері және зерттеу үлгілері» атты зерттеулері тарихнамашылардың жеке кітапханасынан табылатын еңбектерге айналған. Ұзақ жылдар бойы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде профессор қызметін атқарды. Тәжірибелі профессор  студенттер мен магистранттардың алған білімдерін өз беттерінше ғылыми зерттеулер жүргізуде  пайдалануларына баса мән берді. Сонымен қатар тарихнама пәндерін және арнайы курстарды, өзбетінше жұмыстардың тапсырмаларын талдауда оқытудағы интерактивті әдіс-тәсілдерді пайдаланып қоймай,  сапалы білім беру үшін заман талаптарына сәйкес жеке дара емес өзге де  пәндердің көмегімен, пәнаралық байланыста оқытуға да жіті назар аударды. Білімді де, білікті маманның осындай еңбегі еленіп, 2004 жылғы Қазақстан Республикасы білім және ғылым саласы қызметкерлерінің съезіне делегат болып қатысты. 2009-2010 оқу жылының нәтижелерін сараптауда «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың үздік оқытушысы» атанды. 2011жылдың қорытындысы бойынша «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантын   иеленді.

Оразгүл Хасенқызы көптеген халықаралық және республикалық конференцияларға қатысып, тартымды баяндамалар жасайды. Бірқатар ғылыми жобаларға жетекші, мүше ретінде қатысып, іргелі зерттеулер жүргізеді. Жас тарихнамашылар дайындауға да өз үлесін қосуда. Бірнеше ғылым кандидаттарын дайындап, магистранттардың диссертацияларына жетекшілік етіп келеді. 2016 жылы Мұрағаттану, құжаттану және құжаттамамен қамтамасыз ету» мамандығының магистратурасында Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетімен «Басқармалар мен архивтердегі электронды құжаттармен жұмыс жасаудың теориясы және тәжірибесі» атты қос диплом бағдарламасы бойынша қосымша келісімге қол жеткізді. Аталған мамандықтың докторантурасын ашу үшін осы оқу орнымен қосымша келісім жасады. Бірқатар студенттері мен магитранттары жастардың республикалық ғылыми жұмыстарының жүлдегерлері атанған. Тарих факультетіндегі «Жас тарихнамашы», «Жас архивист» үйірмелерінде жас ізденушілерді ғылымға баулыды.

Ол ҚР БжҒМ жанындағы білім саласын бақылау комитетінің тарих ғылымдары бойынша сараптама кеңесінің мүшесі болды. Тарих факультеті жанындағы докторлық дисссертациялық кенестің мүшесі қызметін де абыроймен атқарды.

О.Х. Мұхатова «Алаш» тарихи-этнологиялық ғылыми журналдың жауапты хатшысы,  «Туған өлке» республикалық журналының редакциялық алқасының мүшесі қызметтерін атқарады. Алматы облысы әкімшілігің ішкі саясат департаментінің насихаттаушы лекторы, облыстық Халықтар Ассамблеясының  координациялық  орталығының мүшесі ретінде қоғамдық жұмыстарға белсене араласты.