Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

1. Кеңес дәуіріндегі Қазақстан тарихы бөлімі Ш.Ш. Уәлиханов ат. Тарих және этнология Институты құрамында ашылған  құрылымдық буынның бірі болып табылады. Ол 1995 ж. бері жұмыс істеп келеді. Кезінде ХХ ғасырдың 60-шы, 70-80-ші, 90-шы жж. ашылған Октябрь революциясы және Қазақстандағы социалистік құрылыс, Ұлы Отан соғысы тарихы, аграрлық қатынастар және шаруалар тарихы, сондай-ақ мәдениет тарихы бөлімдері негізінде құрылған. Кезінде бөлім құрамында Қазақстанның көрнекті ғалымдары академиктер А.Н. Нүсіпбеков, Р.Б. Сүлейменов, С.Н. Покровский, М.Х. Асылбеков, К.Н. Нұрпейіс, Қазақ КСР ҒА корр.-мүшесі Г.Ф. Дахшлейгер, тарих ғылымдарының докторлары, профессорлар Т.Б. Балақаев, А.С. Елагин, Ф.К. Михайлов, С.Б. Нұрмұхамедов, П.С. Белан, тарих ғылымдарының кандидаттары Б.Н. Әбішева, Х.И. Бисенов, В.К. Савосько, Н.Е. Едігенов, Н.Г. Пан т.б. қызмет етті.

 

2. Қазіргі уақытта бөлімде 9 ғылыми қызметкер бар: бөлім меңгерушісі т.ғ.к. Асанова Салтанат Амиргалиевна, 4 бас ғылыми қызметкер – Қ.С. Алдажұманов, Ж.Б. Абылхожин, А.А. Галиев, Г.К.Халидуллин, 3 ғылыми қызметкер – А.А. Джунисбаев, Р.Д. Кубеев, Б.Б.Бурханов, кіші ғылыми қызметкер А.Н. Қали жұмыс істейді. Тарихтың өзекті проблемаларын зерттеу, қажеттігі, оның ішінде Қазақстан мәдениетінің тарихын, республиканың көп ұлтты халқының қалыптасуын, ұлтаралық қатынастар мәселесін, әлеуметтік-экономикалық даму тарихын зерттеу бөлім қызметкерлерінің негізгі жұмысы.

Бөлімнің ерекшелік белгісі мен құрамы. Қазіргі заман тарихы бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізу тәжірибесі  көрсеткендей, Тәуелсіз Қазақстан өміріндегі көптеген оқиғалардың негізі кеңестік кезеңнен бастау алады. Олар бір-бірімен өзара логикалық байланыста. Мысалы, РКФСР, кейін КСРО құрамында Қазақ Кеңес автономиялық, онан соң одақтық республикасының құрылуы және Қазақстанның бүгінгі мемлекеттік шекараларының қалыптасуы, немесе кеңес дәуіріндегі табиғи байлықтарды игеру және өнеркәсіп құрылысы мен бүгінгі үдемелі индустриялық-инновациялық даму мәселесі арасындағы байланыстар бұған айқын дәлел. Осыған сәйкес кеңестік дәуірдегі Қазақстан даму мәселесі арасындағы байланыстар бұған айқын дәлел және өнеркәсіп құрылтарихы бөлімі еліміздің бүгінгі әлеуметтік-экономикалық және мәдени даму мәселелерімен тығыз байланысты өзекті проблемаларды зерттеумен айнылысады.

3. Бөлімнің даму жолдары.

Институт құрылған кезден бері 80-жылдардың соңына дейін кеңестік Қазақстан тарихы оның ғылыми-зерттеу қызметінің жетекші саласы болып саналатын. Бірақ ол кезде, 70-80 жылдары, кеңестік Қазақстан тарихын зерттеу ауқымы өте тар және идеологияға бағынышты болды. Сондықтан ол тіптен өз заманының талабына да жауап бере алмайтын. Бұл басқару органдарының (ең алдымен Қазақстан Компартиясы және КОКП Орталық комитеттерінің ғылым бөлімінің) ҒЗЖ тақырыптарының 70 % дейін кеңестік дәуірге арналсын деген талабына қарамастан солай еді. Бірақ бұл басымдық Қазақстанның революцияға дейінгі тарихын (оның ішінде ежелгі және ортағасырлар тарихы да бар) зерттеуге нұқсан келтіргеніне қарамастан, тиісті нәтиже бере алған жоқ. Кеңестік Қазақстан тарихы тек КОКП-ның халық шаруашылығының белгілі бір саласындағы жетекші ролін көрсету тұрғысынан ғана, жұмысшы табы мен шаруалардың 20-40 жж. социализм орнату жолындағы күресін көрсету және осы сияқты мәселелер тұрғысынан ғана жазылды. Мұның үстіне басты назар республика халқының Қазан революциясына және кеңес өкіметін орнатуға «белсене қатынасуын» көрсетуге аударылды.

Тарихты бұлайша жазу және идеологияландыру ақыры оқиғалар мен фактілерді барынша бұрмалауға әкеліп, жалпы тарихи процестерді объективті қарастыруға нұқсан келтірді.

Осындай жоспарлау мен шектен шыққан идеологияландырудың қайғылы қорытындылары немен аяқталғаны белгілі: көптеген онжылдықтар бойына, КСРО құлағанға дейін, Алаш және Алашорда бастаған ұлт-азаттық қозғалысының, 20-жылдардың басындағы ашаршылықтың қайғылы оқиғаларының, шаруа қожалықтарын күштеп ұжымдастыру кезеңінің тарихы, жаппай саяси қуғын-сүргін, халықтар мен этникалық топтарды күштеп жер аудару, еңбек армиясының, тарихтары жасырылып қалды. Сол сияқты соғыс кезінде қазақстандық жауынгерлердің Еуропа елдеріндегі Қарсыласу қозғалысына қатынасуы, тұтқынға түскен қазақстандық жауынгерлердің елге қайтарылуы (репатриация) және олардың соғыстан кейінгі тағдыры, қазақ ұлттық атты әскер дивизиялары мен атқыштар бригадаларының құрылуы мен майдандағы ұрыстарға қатынасуы, жалпы республиканың адам ресурстарын майдан мен тыл жұмыстарына жұмылдыру (мобилизация) және Қазақстанның адам шығындары, оның ішінде ұлттық шығындар зерттеу саласынан тыс қалып, айтылмай қалды.

20-30 жж. Қазақстанда іске асырылған индустрияландыру және 60-80 жж. табиғи ресурстарды игеру мен оның зардаптары да тарихи тұрғыдан объективті зерттелген жоқ. Сол сияқты еңбек күштерінің қалыптасуы мен халықтың ұлттық құрамындағы өзгерістер, ұлтаралық қатынастар мен кейбір жағдайларда (1954 ж. – Лениногорск, Зыряновск, 1958 ж. – Жетіқара, 1959 ж. – Теміртау, 1967 ж. – Шымкент, 1989 ж . – Жаңаөзен, Ұзынағаш т.б. сияқты) этникалық және әлеуметтік жанжалдар мен кикілжіңдерге әкеліп соқтырған аймақтық әлеуметтік – экономикалық даму мәселелері де тиянақты өз шешімін тапқан жоқ.

1980-жылдардың соңы – 1990 жылдардың бас кезінде жоғарыда айтылған проблемалар Институт бастамасымен жасалған Қазақстан тарихындағы «ақтаңдақтарды жою» бағдарламасына енгізілген болатын. Объективтік себептер мен жағдайларға (қаржы тапшылығы, маман кадрларды қысқарту және т.б.) байланысты бұл бағдарлама ішінара ғана іске асырылды. Мұна Алашорда мен 1931-1933 жж. ашаршылық тарихын зерттеуден байқауға болады. Сондықтан келешекте Қазақстанның кеңестік кезеңіндегі тарихының проблемаларын зерттеуді жалғастыру қажет. Олар өзекті мәселелер және бүгінгі күнгі еліміздің даму стратегиясымен тығыз байланысты.

Мұнда, зерттеу ауқымын кеңейте отырып, кеңестік кезең тарихын зерттеудің методологиялық мәселелеріне де назар аударған жөн. Өйткені бұрынғы жабық мұрағат қорларының құпиялығын ашу нәтижесінде көптеген жаңа деректер ғылыми айналымға енгізілді.

4. Бөлімнің таяу арада зерттеуге алатын стратегиялық тақырыптары.

Бөлімнің соңғы жылдардағы қызметі сондай-ақ жоғарғы оқу орындарындағы зерттеу жұмыстарының тізімі мен ахуалы көрсеткендей, осыған дейін кеңестік кезең зерттеушілерінің басты назарында республиканың қоғамдық-саяси өмірінің, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының жалпы мәселелері кеңінен орын алды. Осының салдарынан ғылыми зерттеулер жоспарынан бүгінгі күні өте қажет өзекті мәселелер түсіп қалды. Егер топтастыра қарайтын болсақ, олар мынаған саяды:

  1. Қазақстандағы ХХ ғ. 20-30 жж. индустрияландыру және соғыстан кейінгі өнеркәсіптің даму тарихы. Кеңестік кезеңде бұл мәселе әжептәуір зерттелді дегеніне қарамастан, бір жақты және ұлттық тарихқа нұқсан келтіре отырып, объективтік тұрғыда керісінше жазылды. Деректер көрсеткендей, республика өнеркәсібінің тарихына арналып, кеңестік тұжырыммен жазылған соңғы кандидаттық диссертация 80-жылдардың соңында қорғалыпты. Сонан бері бұл тақырыпқа арналған бірде-бір зерттеу жоқ. Ал бұл мәселе тек өзінің саласының ғана тарихын емес, соған байланысты пайда болған қалалар тарихын да  қамтитыны белгілі.
  2.  Республикадағы ХХ ғ. 20-30 жж., 50-80 жж. аграрлық реформалар мен олардың зардаптары.
  3. ХХ ғ. мәдениет тарихы. Кеңестік кезеңде бұл мәселе мүлдем басқа идеологиялық тұжырымдар негізінде жазылғандықтан, оның негізгі мазмұны мен (Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев т.б. сияқты) тұлғалары зерттеуден тыс қалды. Ал бұларсыз қазіргі мағынадағы мәдениет тарихын жазу мүмкін емес.
  4. Қазақстан Кеңес Одағының Ұлы Отан соғысы қарсаңы мен кезеңінде. Қазақстандық жауынгерлердің майдандағы ерлік істері туралы зерттеулердің бар болуына қарамастан, ұлттық тұрғыда бұл мәселе жеткіліксіз зерттелген. Бұл мәселе, жоғарыда айтылғандай, Қазақстанның КСРО әскери экономикасына қосқан үлесін, республиканың материалдық және адам ресурстарын мобилизациялауды, қазақ ұлттық әскери құрамаларының тарихын, Еңбек армиясының, жер аударылған халықтардың, соғыс шығындарының, әскери тұтқындардың майданның арғы бетіндегі тарихы мен тағдырын және т.б. қамтиды.
  5. Тарихи тұлғалар, оның ішінде көрнекті Қазақстан ғалымдарының мұрасы.
  6. Қазақстанның сталиндік  және онан кейінгі кезеңдегі қоғамдық-саяси өмірі.
  7. Ұлтаралық қатынастар мәселесі, сонымен бірге кеңестік кезеңде республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуында орын алған келеңсіздіктерден туындаған әлеуметтік және этникалық жанжалдар мен кикілжіңдер тарихы.