Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

http://www.aikyn.kz/interviews/view/25262

Светлана СМАҒҰЛОВА,
Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының орынбасары,
тарих ғылымдарының докторы
– Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин Қазақстан тарихын қайта жазуға қатысты жақсы ұсыныстар айтты. Осы мәселеге байланысты көзқарасыңыз қалай?
– Тарихсыз халық жоқ. Тарихын білген халықтың болашағы айқын. Өткенімізге көз тастап, ұлттық тарихымызды халықтың игілігіне айналдыра отырып, болашаққа қарай ұмтылуымыз қажет.  Астанада тарихты зерделеуге қатысты өткізілген отырыста Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин Отан тарихына байланысты бес орынды ұсыныс айтты. Соның бірі – ұлттық тарихты қоғамдық ғылымдардың арасында орталық буынға айналдыру болса, екіншісі – жаңа деңгейде Қазақстан тарихының ортақ тұжырымдамасын жасау. Екеуі де өте дұрыс ұсыныс. Бұл біріншіден, ұлттық санамызды нық қалыптастыруға, екіншіден, ұлттық тарихымызды өскелең жастардың бойына  сіңіре отырып, патриоттық сезімде тәрбиелеуге үлкен мүмкіндік берсе, үшіншіден, Отанымыздың тарихын әлемдік деңгейге көтеруге жол ашады. Ол үшін, Мемлекеттік хатшы айтқандай, ұлттық тарихты кеңейту үшін тарих ғылымының әдіснамасын жаза отырып, ұлттың жаңа тарихи дүниетанымын қалыптастыруымыз қажет.
Үшінші ұсыныс – Қазақстанға қатысты шетелдердегі тарихи материалдардың барлығын жинай отырып, елімізге қайтару мәселесі.  Шындығында, тарихымыздың белгісіз беттерін ашатын қаншама құжаттық материалдар жақын және шетелдердегі мұрағат пен кітапхана қорларында сақ­таулы. Бұл құжаттар мен материалдарды жинақтауға тарихшылардың жіберілуі біріншіден, рухани құндылықтарымызды елімізге әкелуге, екіншіден, тарихтағы көптеген проблемалық мәселелерді жаңа көзқараспен қарауға, жаңа тұжырым жасауға мүмкіндік береді деуге болады. Осы мәселені қазіргі таңда біздің институт үйлестіріп отыр.
Мемлекеттік хатшының көтерген төртінші мәселесі  – Орталық Азиядағы номадтық өркениетті зерттеу. Бұл жолда тарихшы қауымға қазақтардың номадтық өркениетін зерттеу саласында ғылыми және ғылыми-қолданбалы зерттеу бағдарламасын дайындауды тапсырып отыр.
Бесінші ұсыныс – соңғы кездерде жиі көтеріліп жүрген сапалы оқулықтар даярлау мәселесі. Ол үшін орта мектептер мен жоғары оқу орындарындағы тарихты оқытудың осы заманғы және шын мәніндегі ғылыми біртұтас мемлекеттік стандартын жасау қажеттігін баса көрсетті. Расында да, біздің білім ордаларында оқытылатын оқулықтарымызды қайтадан жазуымыз керек. Себебі өзіңіз білесіз, тәуелсіздігімізді алғаннан кейін сапасы өте төмен әрі мектеп оқушыларына оқуға ауыр, жоғары оқу орындарының сту­денттеріне түсініксіз жазылған оқулықтар қаптап кетті. Қай оқулықпен оқытуды білмейтін дәрежеге жеттік.  Оқулық жазу барысында орталықтандырудың маңызы зор. Бұл мәселеге орай Білім және ғылым министрлігінің тікелей бақылауымен ұлттық тарихтың ежелгі замандардан бүгінгі күнге дейінгі ұлттық тарих, сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанның қазіргі заман тарихы оқулықтарын даярлауға қатысты жұмысшы тобы құрылып, осы заманғы зерттеу тәсілдері мен оқыту әдістеріне негізделген, біртұтас мемлекеттік стан­дартқа  сүйенген оқулық жасау қолға алынды. Оқулық мәселесін де минис­трліктің тап­сырмасымен біздің институт үйлестіріп отыр.
Жалпы, ұлттық тарихты зерделеуге қатысты жиында тарихшылар тарапынан тарих саласында кездесетін проблемалық мәселелер баса айтылды. Солардың бірі – тарихшы мамандар даярлау мәселесі. Өзіңіз білесіз, соңғы үш жыл көлемінде ғылым саласында мамандарды даярлау мәселесі Болон жүйесі арқылы іске асырылып, PhD докторларды даярлау жоғары оқу орындарына ғана берілді. Тарихшылар бас қосқан жиында  Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және эт­нология институтының директоры, тарих ғы­лымдарының докторы, профессор  Х.Әбжанов осы мәселені  ашық көтеріп, қазіргі таңда ғылыми-зерттеу инс­ти­туттарында бұрындары қорғап үл­гермеген, PhD докторлығын жасының ұлғаюына байланысты оқуы мүмкін емес ғылыми қызметкерлердің барлығын баса айтқан болатын. Шындығында да, бұл мәселе барлық ғылыми-зерттеу инс­титуттарында кездесетін жайт.  Қорғап үлгермеген, бірақ доктор, кандидаттармен тең осындай қызметкерлердің ғылыми дәрежеге қол жеткізе алмауы амалсыз қынжылтады. Ғылыми-зерттеу инс­ти­туттарында қызмет ететін қызметкерлерге PhD докторантурада оқуға арнайы түрде министрлік тарапынан квота бөлінсе,  кадрлар сапасы көтерілер еді.
– Кеңестік кезеңдегі идеологиядан арылуға бұл қаншалықты мүмкіндік береді? Осы тұрғыда институт қандай шараларды қолға алды?
– Тарихта зерттеуін күткен тақырыптар өте көп. Бір тақырыпта докторлық, кан­дидаттық диссертация қорғалды немесе ғылыми кітап жазылды, осымен бітті, тарих жазылды деп қарауға болмайды. Жаңа деректердің табылуы зерттелініп отырған тақырыпты толықтыруға, жаңаша тұрғыда жазуға мүмкіндік  береді. Қазақстан тарихында соңғы жылдары қолға алынып, зерттелініп жатқан мәселелердің арасында ортағасырлық мемлекеттер, Қазақ хан­дығы, жоңғар шапқыншылығы, ұлт-азаттық көтерілістер, этногенез, ашар­шылық, қуғын-сүргін, кеңестік жүйеге қарсы қозғалыстар, күштеп қоныстандыру және т.б. тақырыптар кең ауқымда қа­растырылуда. Мәселен, алысқа бармай ке­шегі кеңес өкіметі тұсында қазақ халқына үлкен қасірет әкелген 1921-1922 және 1931-1933 жылдардағы  ашаршылық мәселесі терең ғылыми талдау жасап, қайта қарауды қажет ететін тақырыптың бірі.
Қазақстан тарихнамасында аталған жылдардағы ашаршылық тарихы анығына жетіп зерттелмегендіктен, тың негіздерді батыл тұрғыда іздестіріп, бұл тақырыпты концептуалды тұрғыда терең қарастыра, ғылыми бағасын беруіміз керек. Осы уа­қытқа дейін ашаршылық құрбандарының нақты саны анықталмай отыр. Бұл мәселені зерттеген ғалымдардың еңбек­терінде құрбан болғандардың саны  түрліше көрсетіліп келеді. Міне, осыған орай ғылым саласындағы тың әдістемелік тәсілдерді қолданып, жаңа бағыттарды игеру қажет. ХХ ғасырдың 20-30 жылдары қарастыратын тағы бір мәселе, бұл – қуғын-сүргін. Кеңестік идеологияның құрбанына айналған қаншама қай­раткерлеріміздің тағдыры зерттелусіз жатыр. Бұл мәселені де қолға алу үшін мемлекет тарапынан қолдау болса.
Институт ғалымдары 15 ғылыми жо­бамен зерттеулер жүргізуде. Әрбір ғы­лыми жоба жаңаша көзқарас негізінде жа­зы­латындықтан тарих ғылымы саласында маңызы ерекше болары сөзсіз. Сонымен қатар «Ғылыми қазына» бағдарламасы бойынша 20 кітаптан тұратын 10 томдық «Қазақстан тарихы» жазылу үстінде. Бұл жобаға тек инсти­туттың қызметкерлері ғана емес, Қазақ­станның жоғары оқу орындарының, ғылыми орталықтардың, таяу-алыс шетелдердің тарихшы ма­мандары қатысуда. «Қазақстан тарихы» жобасын қазіргі ғылыми жетістіктер негізінде даярлау, тарих философиясы, мето­дологиясы және тарихнамадағы инно­вациялық тұжырымдар, деректану мен археография салаларын инновациялық тұрғыда дамыту, тарих ғылымындағы және тарихты оқытудағы жаңа  технологиялар, этнологиялық және антропологиялық зерттеулер, тәжірибесі мен дамыту жол­дары, патриотизмді қалыптастырудағы тарихтың орны мен рөлі, тұлғатану тағылымы, өңірлер тарихын зерттеудің қырлары, «Қазақстан тарихын» дәуір­леудің жаңа ұстанымдары сияқты мәсе­лелер зерттелінуде. Бұл көптомдықтың басты ерекшелігі сонда бұрындары зерттеу нысаны болмаған немесе нақты ғылыми бағасын алмаған  мәселелер қамтылмақ.
– Тарихқа енгізілер өзгерістерді електен қалай өткіземіз, оны жұрт санасына сіңірудің қандай жолы бар?
– Тарихқа енгізілер әрбір жаңалық ғылыми тұрғыдан негізделуі тиіс. Кей жағдайларда ғалымдар, әсіресе, әуесқой ғалымдар табылған құжаттарды бірден жариялап жіберуге тырысады. Жи­нақ­талған құжаттың қаншалықты шынайы екендігін анықтап, електен өткізіп алмай қолдану дұрыс емес. Себебі кейбір құжат­тарда бұрмалаушылық немесе дәлдіктің болмауы шатастырушылыққа алып келеді. Сондықтан қолда бар ма­териалдарды сұрыптап, саралап барып қолданған жөн.
Жазылған тарихи еңбек жұртқа ақпарат құралдары арқылы таралады. Дегенмен Қазақстан тарихы тарихының өзекті мәселелеріне байланысты кезінде ғылыми тұрғыда қорғалған, шынайы ба­ғасын алған, бірақ көпшілікке белгісіз еңбектер бар. Солар монография ретінде  жарияланса, оқырмандарын тапса, онда ұлттық тарихтың белгісіз деп келген беттері ашылар еді.