Тарих еріккеннің ермегі емес

http://www.aikyn.kz/articles/view/23818

Қайрат ӘЛІМҒАЗИНОВ,

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институ­ты­ның Тарихнама, деректану және заманауи методология бөлімінің меңгерушісі:

– Тарих ғылымы қоғамды тәрбиелеуде, оның ой-санасын қалыптастыруда және мемлекеттілікті нығайтуда жетекші рөл ат­қарады. ҚР ұлттық тарихын зерделеу жө­ніндегі ведомствоаралык жұмыс тобы­ның кеңейтілген отырысында Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин осыны ерекше атап көрсетті. Ол төл тарихымызды зерттеу үшін тарихшыларымызға жан-жақты жағдай жасалып жатқанын жеткізіп, ұлт тарихы дү­ниежүзі тарихынан тыс қарастырылуы қажет екендігіне екпін түсірді. Жаһандану за­манында ұлттық идея мен мемлекеттік мүд­де бәрінен биік тұруы тиіс деген ойға ар­қа сүйеген М.Тәжин тарихшылар жаңа за­манның жаңа тарихын жазуы тиіс деген бай­лам жасады.
Мемлекеттік хатшының мәлімдеуінше, жа­ңа тарих мәселелері бойынша зерт­теу­лердің тақырыптық аясын кеңейту керек. Олардың арасында біздің мемлекетіміз бен қоғамымыздың өтпелі кезеңінің көзге түсер ерекшелігі ретіндегі үш еселенген тран­зит, мемлекеттік менеджмент пен стра­тегиялық басқару жүйесі, мемлекеттік құрылыстың жүріп өткен әр белесіндегі әлеуметтік-саяси үдерістер, қоғамның жаңа әлеуметтік құрылымы, жаһанданудың ұлттық мәдениетке ықпалы және басқа да көкейкесті тақырыптар бар.
Мемлекеттік хатшы ел болашағының дү­ниетанымдық жаңа моделін жобалау және басты құндылықтар мен бағдарларды ай­қындау үшін тарих ғылымы фено­ме­но­логия мен герменевтика әдістерінен арыл­уы, ал тарихшылар фактілерді тізбелеуші, оқи­ғаларды «тіркеуші» болуды тоқтатуы тиіс деген пікір білдірді. Оның ойынша, та­рихшылар «пайымдаушыға» айналуы ке­рек. Сөйтіп, бұқара халыққа қоғамның нақты құндылықтары мен жөн-жосықтарын және моралін түсіндіруі тиіс. Сәйкесінше де­ректер мен оқиғаларды құр баяндамай, тал­дау қажет.
Осы отырыста тарихи кезеңдену мә­се­лесі де талқы таразысына салынды. Бұған та­рихқа қатысты уақыт өлшемінің өзгеруі, зерттеу кеңістігінің кеңейюі, методо­ло­гия­лардың жаңаруы түрткі болды.
Басқосу барысында М.Тәжин тарих пә­ніне қатысты оқулықтардың сапасы сын кө­термейтінін тілге тиек етіп, мұны мезгіл мә­селесі ретінде қарастырды.
Лауазым иесі олқылықтың орнын тол­тыру үшін орта мектептер мен жоғары оқу орындарындағы тарихты оқытудың осы заманғы және шын мәніндегі, ғылыми бір­тұтас мемлекеттік стандартын жасау қажет еке­нін айтып, тарих саласы бойынша веб-сайт­тар жасауды, ғылыми журналдар шы­ғаруды және зертханалар құруды ұсынды. Бұған қоса, М.Тәжин Қазақстан тарихының ортақ тұжырымдамасын жасап шығару бас­тамасын көтерді. Ол тұжырымдама бүкіл әлемдік тарихпен тығыз байланыста болуды, Қазақстанның аса ауқымды тарихи үдерістердегі, олардың өзара байланысы мен ғылыми кезеңдену жүйесіндегі орнын көрсетуді көздейді.
Маған Мемлекеттік хатшының кадр дайын­дау мәселесін мықтау туралы толға­нысы қатты әсер етті. Тарих – еріккеннің ермегі, желіккеннің желеуі емес. Оны зер­де­­леумен шын мәніндегі кәсіби маман ай­на­лысуы керек. Осы тұрғыдан алғанда, М.Тәжин өте орынды ой білдірді деп ой­лай­мын.