Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикалары арасындағы ғылым мен білім саласындағы байланысының негізі бар. Мәселен, 2002 жылы Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен Қазақстан Республикасындағы Иран Ислам Республикасы елшілігінің мәдени өкілдігінің қатысуымен Риза Шабанидің «Иран тарихы» қазақ тілінде жарық көрді.
1. Сонымен қатар екіжақты келісім бойынша «Ежелгі және ортағасырлардағы Иранның көшпелі әлемі және өркениеті: ежелгі және ортағасырлардағы этносаяси және әлеуметтік-мәдени ықпалдастықтың тарихы» атты бірлескен ғылыми жоба жасалды. Жоба Қазақстан мен Иран халықтарының өзара тарихи-мәдени терең байланысын кешенді түрде зерттеуді мақсат етеді.
Жоба бойынша мынадай мәселелерді қарастыру көзделген:
1. Ахеменидтер империясы және ертедегі көшпелілер әлемі
• Көшпелілер әлемі мен Ахеменидтер империясы арасындағы саяси байланыстардың қалыптасуы
• Кир тұсындағы Ахеменидтер мен сақ тайпалары
• Дарий тұсындағы Ахеменидтер әскеріндегі сақ жауынгерлері
• Мәдениет саласындағы өзара ықпалдастық (Ахеменидтер кезеңіндегі материалдық және рухани мәдениет ескерткіштерін бірлесіп зерттеу, парсы және түрік тілдерінің қалыптасуының мәселелері)
2. Түрік қағанаты және ортағасырлық Иран
• Хосров Ануширван және алғашқы Түрік қағанаттары
• Бахрам Чубиннің ерліктері
• Ұлы жібек жолы және Иран мен Түрік әлемі мәдениетінің өзара баюы
3. Моңғол империясы жүйесіндегі Қазақстан мен Иран
• Қазақстан мен Иран территориясына моңғолдардың жаулап алу жорықтары
• Ұлыстардың құрылуы. Қазақстандағы жошылықтар мен Ирандағы хулугуидтер.
• Шығыс Дешті Қыпшақ және Илхан мемлекетінің билеушілері арасындағы әскери-саяси байланыстар
• Қазақстанға исламның енуі және таралуы. Иранның рөлі.
4. Қазақ хандығы және Сефевидтер мемлекеті
• ХҮІ ғ. Қазақ-иран байланыстарының орнауы
• Саяси және әскери байланыс мәселелері
• Иран деректеріндегі мәліметтер және Қазақ хандығы тарихының жаңа проблемалары
• Ортағасырлардағы қазақ-иран байланыстарының тарихи-мәдени мұралары
Аталған жоба ирандық ғалымдар жағынан толықтырулар мен өзгерістер енгізуге ұсынылған болатын.
2. Сонымен қатар ортағасырлық қолжазбаларды зерттеудегі иран тарих ғылымының жетістіктерін пайдалана отырып, бірлескен зерттеу жүргізу мақсатында мынадай тақырып ұсынылған болатын:
«Ортағасырлық ирандық тарихи шығармалар және ХІІІ-ХҮІІ ғасырлардағы Қазақстан тарихын зерттеудегі олардың рөлі».
Тақырып бойынша төмендегі мәселелерді бірлесе зерттеу қолға алынған:
1. Ортағасырлық иран тарихшыларының еңбектеріндегі моңғол шапқыншылығының көрініс табуы
2. Ортағасырлардағы қазақ және қазақ мемлекеттілігі тарихын зерттеудегі парсы деректерінің рөлі.
Осы екі жобаны дайындауда Қазақстан жағынан ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Қазақстанның ежелгі және орта ғасырдағы тарихы бөлімі қызметкерлері, тарих ғылымдарының кандидаттары Қазақстан тарихының моңғол кезеңі тарихы жөніндегі және ХҮ-ХҮІІ ғғ. Қазақ хандығы мен оның сыртқы саяси байланыстары жөніндегі мамандар Қанат Өскенбай мен Нұрлан Атығаевтар ұсынылған.
Аталған мәселені тереңірек зерттеу мақсатында, парсы деректерін игерудің сапасын көтеру үшін аталған екі қызметкердің Иран Ислам Республикасында ғылыми стажировкадан өтуіне мүмкіндік жасалынса деген ұсынысымыз бар. Жобаны орындаушылар ретінде бекітіліп отырған екі маман да Қазақстан Республикасындағы Иран Ислам Республикасының мәдениет өкілеттілігінде парсы тілін оқып-үйренген.
3. Екі ел зерттеушілерінің дәстүрлі ислам мәдениетінің Арал-Каспий аймағының қазақтарының сәулет өнері мен эпиграфикасына тигізген әсерін біріге зерттеуі де ғылыми нәтиже берері сөзсіз. Институт тарапынан 2003-2005 жылдар аралығында қазақтың исламданған ескерткіштерін кешенді зерттеу мақсатында Атырау (2 экспедиция), Ақтөбе (2 экс., біреуі қазан айына жоспарланған) және Батыс Қазақстан облыстарына экспедициялар шықты.
Институттың ұсынылған жобалар бойынша жұмыс істеуге лайық, тәжірибелі, осы салаларды зерттеумен танылған мамандары бар.