Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

2018 жылдың сәуір айының 11-23 аралығында Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғалымдары «Өзбекстандағы қазақтардың киелі жерлері (Жалаңтөс батыр, Төле, Айтеке билердің қабірлері т.б.), пайда болуы, зерттелу тарихы, қазіргі кездегі жағдайы» атты жобасы бойынша Өзбекстанның Ташкент облысы мен Ташкент қаласындағы киелі жерлерді аралап, тарихи тұрғыдағы ауызша аңыз-әңгімелерін жазып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Экспедиция басшысы т.ғ.д., профессор Ахмет Тоқтабай бұдан бұрында 1982 ж. Ташкент қаласындағы Төле би, 1993 ж. Самарқанд қаласы маңындағы Жалаңтөс батыр құлпытасын, 2000 ж. Бұхара облысы Нұрата қаласындағы Әйтеке би қабірлерін зерттеген. Ташкент атырабындағы әулиелі орындар мен тарихи жерлерді анықтау осы жұмыстың заңды жалғасы, – дейді белгілі ғылым. Экспедиция барысында Бостандық ауданындағы Көктерек әулие, Бабай шертер, Құс қонбас әулие, Зәркет баба, Ақсақ ата, Нұреке әулие, Былғары ата, Көктілек ата, Көктонды ата, Құдайберген ата, Еңсе әулие т.б. сияқты киелі жерлер анықталып, жан-жақты зерделенді. Ташкент қаласындағы Шымыр ата, Жыланды ата, Жалаңаш әулие, Шопан ата, Сүйел ата, Қазақмазар т.б. көне мазарлар мен мешіттердің шығу тегі, салынған уақыттары, пайдалануы туралы т.б. мәліметтер жиналды.

Өзбекстан тарихшылары жазған Ташкенттің Дулат дарбазасы, Найман дарбазасы, он екі қақпан туралы жазба деректерден белгілі. Осы тарихи орындардың қай жерлерде орналасқаны жөнінде іздеу жұмыстары жүргізілді.

Профессор Ахмет Тоқтабайдың айтуынша «Біз халықтар достығы деген сөзді қай кезде де, қай жерде де айтуға құмармыз. Киелі жерлердің мазарлар мен зиратханалардың тарихына қарап отырсақ, бұл нысандар ежелден ғасырлар бойы қазақ-өзбек халықтарының достығының белгісі болып қоймай, ынтымақтастықты бекітуге, дамытуға себепкер болған», – дейді.

Өзбек және қазақ қариялары мен әулиелі жерлердің шырақшылары ескерткіштердің тарихын бірін-бірі толықтыра отырып баяндаған мәліметтері осы жобаның тарихын аша зерттеуге септігін тигізді.

Зерттеу жұмыстары алдағы уақытта да жалғаса бермек.