Жүгенбаева Гүлбану Саламадинқызы

2014_zhugenbayevaЖүгенбаева Гүлбану Саламадинқызы – ҚР БҒМ ҒК Ш.Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты тарихнама, деректану және заманауи методология бөлімінің бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы.

1994 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетін үздік бітірген. Ғылыми-зерттеу шығармашылығындағы негізгі ғылыми бағыт: тұлғатану; ұлт зиялыларының қоғамдық-саяси қызметтері және мұралары; қазақ халқының тарихи зердесі; дәстүрлі ауызша тарих; тарихи деректанудың теориялық-методологиялық мәселелері, ұлттық тарихнама. Ұлттық тарихтың аса маңызды мәселесі тарихи тұлғалар мен зиялылардың орны мен рөлі жайында бірнеше зерттеулер жүргізді. Мысалы,тарихи тұлғалар Едіге би, Есім хан, Сыпыра жырау, Жиембет жырау, Әбілхайыр хан, сондай-ақ Алаш қайраткерлері Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Тынышбаев, Х.Досмұхамедұлы, Ж.Досмұхамедұлы, М.Шоқай, С.Шәлімбеков, Ғ.Бердиев, Т.Шонанов және т.б.

2010 жылы «Қазақ халқының дәстүрлі ауызша тарихы: теориялық-методологиялық негіздері және деректемелік орны» докторлық диссертациясын қорғады. Қазақ халқының дәстүрлі ауызша тарихы арнайы, жеке дара қарастырылып, тарихи дерек ретіндегі гносеологиялық қырлары зерттеуге тартылды. Ұлттық руханиятты жаңғыртуда және ұлттық тарихи зердені сақтап, одан әрі дамытуда төлтумалық ауызша тарихи деректердің зор маңызын отандық тарихнамада тұжырымдауға атсалысты.

Ұлттық тарихи зерденің ұлттық тарихнаманың қалыптасуындағы өзіндік орнын, дәстүрлі тарихи танымның көшпенділердегі қалыптасу ерекшеліктерін нақтылы айқындап, оның маңызын дәлелдеген.

Қазіргі Қазақстанның тарихи зердесі және тарихи санасына қатысты теориялық-методологиялық және сараптамалық зерттеулермен айналысады.

80-нен астам ғылыми жарияланымдары, екі монографиясы бар.