Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

ХХI ғасырдың басындағы Қазақстанның экономикалық өркендеу қарқыны мәдени процестердің дамуына оң әсерін тигізуде. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев пен Қазақстан Үкіметінің егеменді мемлекеттегі нық және тұрақты қоғамды құруға бағытталған көптеген бастамалары мен іс-шаралары бұған алғышарт болды.
Қазіргі кезеңде Қазақстандағы мемлекет пен қоғам арасындағы жемісті келіссөз бен ынтымақтастықты шын мәнінде қамтамасыз етуші – 2004-2008 жж. «Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы», ал 2009 жылдан бастап «Ұлттық стратегиялық жоба» деп аталатын мәдени-рухани саладағы мемлекет пен қоғам арасындағы диалог көпіріне айналған қазақстандық брендті есептеуге болады. Бұл Ұлттық стратегиялық жоба өзінің көлемі, мазмұндылығы жөнінен тек қазақстандық қана емес, жалпы бүкіл адамзаттық мәдениет пен рухани дамуға қосқан үлесімен айрықша. Оны жүзеге асыруға отандық және шетелдік ғылымның, білім мен мәдениеттің өкілдері жұмылдырылған.
Қазақстандағы «Мәдени мұра» Ұлттық стратегиялық жоба нәтижелерінің қайталанбас тарихи маңызы бар. Этникалық өзіндік сипат пен ерекшелікті жойып жіберу қаупімен және біртұтастану үрдістерімен сипатталатын ХХІ ғасырда олар ұлттық мәдениет пен руханилылықты сақтап қалуға тиіс. Сонымен бірге қазақстандық қоғам мен мемлекеттің мәдени құндылықтарды сақтап, көбейту жолындағы қамқорлығы ғаламдану жағдайына бейімделу моделінің өзіндік үлгісі болып табылады.
Елімізде «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асырудың алдыңғы кезеңі (2004-2007 жж.) бұрынғы дәуірлердегі аға ұрпақтың материалдық және интеллектуалдық құндылықтарын сақтау мен оны одан әрі дамытуға мемлекеттің үлкен қамқорлығының қажеттілігін көрсетті. Ұлттық деңгейден биік тұрған іскерлік кәсіпкерлік пен этникалық шекаралардың жойылуы барысында өзінің тарихи мұрасын сақтауға барынша ұқыптылықпен қарау қазақ қоғамындағы моральдық-этникалық құндылықтардың басымдыққа ие екеніне және бұл бағытта мемлекеттің айқын саясат ұстап отырғанын, халықаралық аренада өзінің ұлттық беделін нығайтуды көздейтінін аңғартады. Қазақстанның мәдени мұрасының байлығы оның әлемдік тарихтың қазынасына қосқан үлесі бойынша ғана өлшенбейді, ол сонымен қатар болашаққа деген ұмтылысының қуатты серпінін айқындайды. Бұл жөнінде ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев тарих «ұлттық руханияттың дамуына өзінің игі ықпалын тигізеді» деп атап көрсеткен еді.
«Мәдени мұра» бағдарламасының келесі кезеңі материалдық артефакттарды қалпына келтіру, тарихи материалдарды іздестіру, жинастыру және ғылыми шығармаларды қайта жаңғыртуда жаңа тәсілдерді енгізумен қатар халықтың шынайы мәдени құндылықтарын насихаттауды қажет етеді. Эвристикалық және эмпирикалық іс-әрекет ғылымның методологиялық және методикалық тұрғыдағы жаңалықтарымен толыға түсіп, қазақ халқының мәдени мұрасы бұрынғы идеологиялық бұрмалаушылықтан арылып, жалпы адамзаттық құндылық сапасында көрініс табуға тиіс.
Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыру процесінің әрбір кезеңі жаңа коррективалар мен іске асыру тетіктерін көрсетуде. Бағдарламаны жүзеге асырудың 2004-2006 жж. бірінші және 2007-2009 жж. есептелген екінші кезеңінің бастапқы кезінің тәжірибесі бағдарламаның сапасы мен орындалу мерзіміне оның қандай ведомоствоға жататынының әсер ететінін көрсетті. Қазіргі күн нақтылығы негізгі орындаушы туралы мәселеге қайта қарау қажеттігін талап етуде. Бұған бірнеше мәнді негіз бар. Біріншісі Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасының паспортының өзінен туындайды. Онда көрсетілген бағдарлама міндеттерінің 5 тармағының 4-і Білім және ғылым министрлігіне тікелей қатысты. Бағдарламадағы 242 іс-шараның (жобалардың) 99-ның негізгі орындаушысы Білім және ғылым министрлігі болып табылады. Ал егер іс-шаралардың мазмұнына байланысты айтар болсақ, онда оның 70%-дан астамы осы министрліктің қызмет саласына қатысты. Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасының жобаларын жүзеге асыруға Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі жүйесінің жетекші ғылыми-зертеу институттары, ғалым-зерттеушілері мен техникалық мамандары жұмылдырылған.

Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасын Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі құзырына беру қажеттілігі төмендегі ұсыныстар мен мәселелер кешенінен туындайды.
1. Мақсаттары мен міндеттері, сондай-ақ, баспалардың идеялық ұстанымы көрінетін жобалар тұжырымдамасын жасау қажет. Оның жоспарында тұжырымдамаларды қалыптастыру мен оны талқылау мерзімі ескерілуі керек.
2. Әрбір бағыт бойынша жобаның бас қосымша орындаушысы мәртебесін анықтау керек. Олай болмайынша Білім және ғылым министрлігінің ғылыми бөлімшелерінің арасында аударма жасалатын шығармаларды таңдауда келіспеушіліктер туындайды.
3. Жұмыс графигін құрастыруда жоба бөлімдеріне жауаптыларды анықтауға, еңбекке ақы төлеуге қатысты жұмыстың орындалу алгоритмінің айқын болмауы және т.б. «Негізгі тапсырыс беруші» (Министрлік), «Орындаушы» (Баспахана) және «Жеке орындаушы» («Субподрядчик») (Институттар, зерттеушілер) қызметтеріндегі қайшылықтарға әкеледі.
4. Басып шығару тендерлеріне орындаушылар ретінде баспаханалар да, тікелей орындаушылар ретінде жеке орындаушылар (субподрядчик) да және өнімді шығарушылар да қатысуы қажет. Қажетті ашықтықтың болмауы жеке орындаушылардың (субподрядчиктердің) соңғы өнімді басып шығарушыдан құрастырушылардың, аудармашылардың, редакторлардың және т.б. еңбегін дер уақытында қаржыландыруды сұрап, бірнеше қайтара өтінуіне әкеледі.
5. Тендерді өткізу мен оның нәтижелерін жариялау кезінде-ақ шығыстардың баптары мен оған сәйкес келетін ақы мөлшерінің негізгі тапсырыс берушінің баспа шығындарына және орындау шығындарына деп бөлініп, нақтылап қойылуы жобаларды қаржыландырудың ең тиімді тетігі болар еді. Алғашқысы тікелей баспаханаларға, екіншісі – Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі жүйесіндегі зертеу мекемелері мен шығармашылық ұжымдарына жіберілуі керек.
6. Отандық және шетелдік баспалардан жариялау және аударма үшін алынған шығармалардың авторлық құқығы туралы мәселе де ерекше алаңдатарлық жағдайда. Авторлық құқық мәселесі, әсіресе шетелдік авторлар мен баспа-иелері copyrighta, сондай-ақ, бағдарламаны орындаушылардың авторлық құқығы мәселесі әлі күнге дейін анық емес.
7. Шет елдерден материалдарды анықтау және көшірмесін алу тетігі де аяғына дейін жеткізілмеген. Материалдарды алу тетігі мен кеткен қаржы көлемі оған бөлінген субсидиялар мен шетелдік ұйымдар сұранысы арасындағы сәйкессіздікті көрсетті. Одан бөлек, шет елдерден, әсіресе бұл процеске олардың саяси жүйесі әсер ететін елдерден материалдарды шығару механизмі де нақтыланылмаған.
8. Аудармашының жоқтығынан немесе біліктілігінің жеткіліксіздігінен кейбір шығармалар бойынша екі түрлі аударма жасалды (шетел тілінен орыс тіліне және орыс тілінен қазақ тіліне) және екі рет редакцияланды (әдеби және ғылыми саласына орай).
9. Сметаларды жасауда зерттеушілер мен шығармашылық ұжымдар үшін міндетті келесі жұмыс түрлерін және міндетті төлемақыларды қарастыру қажет:
– аудармаға арналған материалдардың алғашқы нұсқасын құрастыру;
– томдардың аудармасы;
– томдарды құрастырудың ғылыми редакциясы;
– томдардың ғылыми сараптамасы;
– іс сапар шығындары;
– томдардың аудамасына арнайы редакция жасау;
– томдардың аудармасын жинау және құрастыру;
– мәтінді компьютерлік теру;
– үстеме баға салығы;
– банк қызметіне;
– байланыс қызметіне;
– кеңсе тауарларын алуға;
– табыс салығы;
– кәсіподақ жарнасы.
10. Әдеби мұра бағдарламасының барысы жүзеге асырудың нақты тексерілген тетігіне негізделуі тиісті.
Ең алдымен, бұл жазба ескерткіштері мен елеулі деген шығармаларды таңдап алу және жүйелеу. Бұл жағдайда, бірінші кезекте, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым Министрлігі саласына қатысы бар сарапшыларды, жоғарғы білікті аудармашыларды және ғылыми редакторларды, мамандарды іріктеу мәселесі алға шығады.
Кейбір жағдайларда, жұмыс бірнеше рет тілдік өңдеуден өткізуді (шет ел тілінен орысшаға, ал одан соң орысшадан қазақшаға аудару), сонымен қатар көлемді ғылыми түсініктер мен түсіндірулерді қажет етті. Бұл үшін уақыт пен нарық талабына сәйкес келетіндей материалдық-техникалық база құрылуы қажет.

Көрсетілетін қызметтің ақпараттық және бағдарламалық қамтамасыз етілу мәселелері тиянақты шешілуі тиіс. Себебі кейде материалды өткізетін мерзімде, әсіресе көне тілдерден аударылғандарды теретін компьютерлік технология саласындағы мамандардың болмауы келеңсіз жағдайлар тудырады. Осы жерде айта кетер жайт, оларды пайдалану мен еңбегі үшін төлемақысы да жобада қарастырылмаған.
Ұлтымыздың тарихы мен мәдениетін жаңғыртуда, халқымыздың мәдени мұрасының өзіндік құндылықтарын қайта екшелеп, жүйелеуде «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының ерекше маңыздылық танытып отырғандығы баршамызға аян.
Қазақ елінде, бүгінгі жаңарған Отанымыздың тағдыршешті кезеңдерінен бірге қайнасып өткен, тарихы терең, халқының рухани байлығы әр заманда биіктен көрінген Қостанай мен Арқалық өлкелерінде «Мәдени мұра» Ұлттық стратегиялық жобаның өзекті мәселелеріне арналған республикалық ғылыми-практикалық конференциясын өткізу біздің еліміздің экономикалық, әлеуметтік-саяси және мәдени даму бағытына сай жауап беретіндей дер кезіндегі және нақты жасалынған іс-шара болып есептелінеді.
ХХІ ғасырдың басындағы Қазақстанның экономикалық даму қарқыны мен жеткен жетістіктері мәдени үрдістердің ілгері жылжуына зор әсерін тигізді. Осы орайда, қазіргі Қазақстандағы мемлекет тарапынан басшылыққа алынып отырған ғылым мен мәдениет арасындағы жемісті келісімнің үлгісіне айналып отырған «Мәдени мұра» Ұлттық стратегиялық жобасын атап айтуға толық құқылымыз. Оны жүзеге асыру Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2008 жылдың 13 маусымдағы «Мәдени мұра» жобасының Қоғамдық кеңесінің кеңейтілген отырысындағы баяндамасында айқындап көрсеткен қазақ халқының, сонымен қатар елімізде тұратын барлық этностардың өзіндік мазмұны бай тіліне, рухани және материалдық мәдениетіне жүгінген. Сонымен қоса, бір мезгілде бүкіл әлемдік өркениеттің рухани-мәдени дамуының көп қырлы тәжірибелерін де сіңіре білуімізде. Бұл Бағдарлама еліміздің мәдени мұраларын сақтауға, пайдалануға және зерттеуге, үгіт-насихат, даму жалғастығы және тарихи-мәдени салт-дәстүрлерді қайта қалпына келтіру, мәдени мұраны зерттеудің тұтастай жүйесін құру іс-шаралары, оның ішінде қазіргі кезеңдегі ұлттық мәдениет, фольклор, салт-дәстүр және әдет-ғұрып, төл ұлтымыздың жазуы мен тарихымыздың ғасырлар бойғы тәжірибесін талдау, әр қырынан тарихи және ғылыми сериялар жасау, сонымен қатар тарихи және мәдени ескерткіштерді қайта өңдеу, қалпына келтіру және мұражайларға айналдыруға, мәдени мұраның ғылыми-зерттеу, материалдық-техникалық құрамдас мәселелерін нығайту және дамытуды зерттеуге байланысты негізгі аспектілерді анықтайды.

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты 2004-2006 жж. «Тарих және этнология» саласы бойынша «Тарих – адамзат ақыл-ойының қазынасы», «История Казахстана в русских источниках», «История Казахстана в западных источниках» 10-томдық сериялар, «История Казахстана в античных источниках», «Қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» 2-томдық сериялар соңғы жылдары жарық көрді.
Сонымен қатар 2007-2011 жылдарға арналған «Қазақстан өркениеттер тоғысында: антикалық дәуірден бүгінгі күнге дейінгі кезеңдегі әлеуметтік мәдени тұғырлардың өзгеріске түсуі мен дамуы» Ұлттық стратегиялық жобаны іске асырудың талаптары мен міндеттерін нақтылау барысында ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бағдарлама нәтижесінің тиімділігін арттыру мен нәтижелігі жөніндегі ұсынысты басшылыққа алды:
• жалпыұлттық ынтымақтас үрдісіне, ұлтаралық келісімге және жалпыұлттық идеологияның нығаюына жағдай жасау;
• Қазақстанның ұлттық нышандарын көне ұлттық мемлекеттіліктің ескерткіштерін жаңғырту арқылы насихаттау және қазіргі нышандар;
• Қазақстанның әлемдік аренадағы беделін арттырудың қуатты құралы ретіндегі Республиканың қайталанбас ұлттық брендін қалыптастыру;
• Әлемдік тарихтағы көшпенділердің рөлін жан-жақты ашу;
• Қазақстанның Ұлы дала өркениеті мен түрік мәдениетінің алтын бесігі екенін насихаттау;
• Бағдарламаны жүзеге асырудың бастапқы кезеңінде табылған тарихи-мәдени мұраларды ғылыми айналымға тарту және білім беру саласына еңгізу мақсатында жан-жақты кешенді түрде зерттеу;
• «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында тәуелсіз Қазақстанның тарихын зерттеудің тұғырлы ұстанымдарын әзірлеу;
• «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыру барысында алынған мәліметтер жүйеленіп, енген оқу орындарына арналған оқулықтар мен оқу құралдарын әзірлеу;
• табиғи-мәдени мұражайлар, қорықтар жасауды және Республикасының таңдаулы тарихи орындарының туристік бағыттарын әзірлеуді ғылыми тұрғыда негіздеу;
• ғылыми-теориялық конференциялар өткізу және шетелдерде көрмелер ұйымдастыру түріндегі халықаралық қызмет аясын кеңейту;
• шет тілдерін меңгерген ғылыми мамандарды даярлау.
Институт 2009-2011 жж. «Мәдени мұра» жобасы бойынша мына мәселелерді жоспарлаған:
1. «Тарих – адамзат ақыл-ойының қазынасы» (11-20 том, аударма).
2. «Қазақстан тарихы XIX-XX ғғ. батыс деректеріндегі» (11-20 том, шетел тілінен аударма).
3. «Қытай территориясындағы тарихи–мәдени зерттеу кешені» жобасы.
4. Орыс баспа беттеріндегі XVIII-XX ғғ. қазақ халқының тарихы мен мәдениеті (10 том, қазақ тілінде аудармасымен).
5. Қазақ тарихы үнді деректерінде (3 томдық).
6. Қазақстан Еуропа мәдени мұрасында (10 томдық).
7. Қазақстан орыстың XIX ғасырдағы тарихи әндерінде (2 томдық).
8. «Мухаммад Хайдар Дулат мұрасы және Үнді еліндегі зираты» ғылыми экспедициясы.
9. «Қазақ хандығының ту тіккен орнын анықтау» бойынша археологиялық зерттеу жұмысы.
Ұлттық тарихи білімнің орнығуына үлес қосу мақсатында, Институт Қазақстандағы тарихи ғылым дамуының ерекшеліктерін екшей отырып, тарихи зерттеулердің жаңа бағыты ретінде республикадағы Интернет-технологияны пайдалану қағидасын жасаудың және компьютерлік жүйені пайдалану арқылы ғылыми ресурстарды басқару (СУБД) қағидасының бастамашысы болып отыр.

Нақтылай айтсақ, 2009 ж. бірінші жартыжылдығында ҚР БҒМ ҒК Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жүргізген ғылыми зерттеулерінің нәтижелері мынадай:
1. «Тарих – адамзат ақыл-ойының қазынасы» (қазақ тіліне аударма) атты 20-томдық сериясының 11-14 томдары бойынша аудармаға деген қажетті материалдар жинастырылып, томдардың алғашқы нұсқалары құрастырылды. 11 том материалдары қазақ тіліне аударылып баспаға тапсырылып, жақын арада жарық көрмек. 12 том материалдары аударылуда.
2. «История Казахстана в зарубежных источниках» (орыс тіліне аударма) атты 20-томдық сериясы бойынша 11-12 томдар аударылып, баспаға тапсырылды. 13-14 томдар бойынша материалдар жинастырылып, томдардың алғашқы нұсқалары құрастырылды. Бірақ, биылғы жылы бұл жоба бойынша қаражат бөлінбеудің салдарынан, дайын тұрған 11-12 томдар томдар жарық көрмей жатыр. Сол себептен, 13-14 томдар бойынша аударма жұмысы тоқталып қалды.
3. Институттың 2009-2011 жылдарға арналған жобаларының басым бөлігі Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша 2010-2011 белгіленген. Сондықтан 2009 жылға қаражат қарастырылмаған. Осыған байланысты тек ғана дайындалу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
4. «Мәдени мұра және Қазақстандағы тарихи білімнің жаңа келбеті» Институт ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан ү.ж. 28-29 сәуірінде Атырау қаласында үйымдастырылған «Ұлттық-мәдени мұраларды білім мазмұнына енгізудің ғылыми-әдістемелік мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияны өткізуге белсенді қатысты. Онда Институт директоры С.Ф. Мажитов «Мәдени мұра және Қазақстандағы тарихи білімнің жаңа келбеті» деген тақырыпта баяндамасын жасап, ол конференция материалдарында жарық көрді.
5. Институт 2008 ж. 13 маусымында Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасының қоғамдық кеңесінің кеңейтілген мәжілісінде Елбасы Н. Назарбаевтың баяндамасында қойылған талаптарына сай белсенді түрде жасалынған жобалардың ең негізгі маңыздысы болашақ үшін бай тарихи-мәдени мұраларды саралау мен сақтауда ғылыми зерттеуді кеңейту мен тереңдету шараларын жүргізуде.
Сонымен қатар төменде көрсетілген проблемаларға назар аудару қажет.
2008 жылы Институт жанынан «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша гуманитарлық институтардың атқарған жұмыстарын сараптау мақсатында арнайы сараптау тобы құрылған болатын. Мемлекеттік және салалық бағдарламалар шеңберінде археологиялық қазбалардан, мұрағаттар мен кітапханалардан табылған тарихи маңызы бар заттарға, қолжазбаларға, жәдігер басылымдарға, кітаптар мен мұрағаттық құжаттарға сараптама жүргізу мақсатында ғалымдарынан арнайы топ құрылып, 2008 жылға арнайы жұмыс шарасы қарастырылған-ды. Сараптау тобын жалпы қаржыландыру көлемі 5 миллион 137 мың теңге деп айтылған. Бірақ осы күнге дейін ол қаражатты Институт көрген емес.
Институт алдында Қазақ хандығы ту көтерген жерді анықтау мақсатында экспедиция ұйымдастыру талабы да қойылған болатын. Аталмыш тапсырма бойынша экспедиция құрамы және оған қатыстырылатын ғалым-мамандар айқындалып, экспедицияны 2 бағытта ұйымдастыру жоспарланған-ды. Экспедицияға жұмсалатын қаражат көлемінің жобасы да ұсынылды. Экспедицияның сметалық жалпы құны – 2 млн 487 мың тенге белгіленген еді. Бұл жоба да қаражаттың бөлінбеу себебінен іске асырылмай қалды.
Сол сияқты «Қазақ мемлекеттілігінің тарихнамасы» туралы кітап әзірлеу ісі тоқтатылып қалды. Институт қазақ мемлекетінің қалыптасу тарихының өзекті проблемаларына назар аудара отырып, оның тарихнамасын зерттеу мен нақтылау мәселесі бойынша арнайы шешім қабылданып, тарихнаманың монографиялық құрылымы мен жоспар–проспектісін әзірледі және оны қаржыландыру үшін қаражат шығыны ұсынылды. Жұмыстардың сметалық құны – 19 млн. 521 мың теңгені құрап, бұл қаражатта Институтқа бөлінбеді.