Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Жаңа дәуірдегі Қазақстан тарихы бөлімі туралы


Бөлім тарихынан

Бөлімнің жұмыс істеген алғашқы жылдарында жаңа кезеңдегі Қазақстан тарихы мәселелерімен М.П. Вяткин, А.М. Панкратова, Б.С. Сүлейменов, Н.Г. Аполлова, Х. Айдарова, П.Г. Галузо, Е. Дильмухамедов, Ф. Маликов, Е.Б. Бекмаханов, В.Ф. Шахматов, Т.Ж. Шойынбаев сияқты және басқа да ірі ғалымдар айналысты. Бөлімнің құрылуы мен қызмет етуінен бастап мұнда келесі көрнекті қазақстандық ғалымдар: М.Х. Асылбеков, Т. Елеуов, И.В. Ерофеева, Т.П. Волкова, А. Сабырханов, В.З. Галиев, Е.Ж. Уәлиханов, С.Ф. Мажитов және т.б. жұмыс істеді.

Бөлім қызметкерлері Қазақстан тарихының жаңа кезеңі бойынша бірқатар құжаттар жинақтарын және көптеген монографиялар шығаруға қатысты. XX ғ. 90- жж. «ХVII-ХVIII ғғ. қазақ халқының жоңғар басқыншылығына қарсы күресі (1635-1758 жж.)» тақырыбы бойынша зерттеулер даярланды. 

Республика тәуелсіздік алғаннан кейінгі отандық тарихты ауқымды қайта бағамдау процестері Қазақстанның жаңа тарихының кезеңін де түбегейлі қозғады, бұл 2000 жылы жаңа деңгейде жарияланған «Қазақстан тарихының» 3-томының жаңа басылымында көрініс тапты. Жаңа деңгейде, қазақстандық қоғамның басым негіздері тұрғысынан бөлім қызметкерлерінің жаңа фактологиялық материалдарды анықтауы және тұжырымдамалық-теориялық қорытуы, тарихи үрдістер мен құбылыстарды бүгінгі күннің негізгі құндылықтарымен байланыстырып түсіндіруі көрініс берді.

2002 жылдың наурыз айынан бастап жаңа тарих бөлімі ұжымының жұмысына тарих ғылымдарының докторы, профессор М.Қ. Қойгелдиев белсенді түрде қосылып, бірқатар перспективалық және өзекті бағыттар бойынша зерттеу жұмысын басқарды. Осындай бағыттардың бірі: «XIX – XX ғ. алғашқы ширегіндегі азаттық қозғалыста түркі-мұсылман халықтарының бірігуі» тақырыбын зерттеу болды. Тақырып бойынша жұмыс барысында түркі бірлігі мен Ислам ынтымақтастығының тарихи шартталған негіздерінің ғылыми дәйектелген тұжырымдамасы жасалды.

2003-2005 жылдар аралығында жаңа дәуір бөлімінің қызметкерлері «Қазақ мемлекеттілігін қалпына келтіруге бағытталған Кенесары Қасымұлы қозғалысы» тақырыбын орындады. Зерттеуді жүзеге асыруға В.З. Галиев, С.Ф. Мажитов және Р.Е. Оразовтан тұратын ғалымдар тобы ықпал етті.

Ұзақ жылдар бойы Кіші Ғылым академиясының қызметіне Қоғамдық ғылымдар секциясының жетекшісі ретінде тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Е.Ж. Уәлиханов қатысты. 2009-2011 жж. Е.Ж. Уәлихановтың жетекшілігімен бөлім қызметкерлері «XIX-XX ғғ. басындағы Қазақстанның әлеуметтік-саяси өміріндегі қазақ және орыс зиялыларының өзара байланысы: мәселелер, ізденістер, шешімдер» тақырыбын зерттеу бойынша жұмыс жасады. Осы мәселе бойынша бірнеше монографиялық зерттеулер мен ондаған жарияланымдар жарық көрді.

2003 жылы бөлімде маңызды жұмыстарды тарих ғылымдарының докторы, профессор В.З. Галиев жүзеге асырды. Ол бірнеше зерттеу тақырыптарының жүзеге асырылуын басқарды. Ұлт-азаттық қозғалыстар, ұлттық мемлекеттілік, сондай-ақ библиография және кітапхана ісі саласында зерттеулермен айналысты. Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының Орталық ғылыми кітапханасымен және Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасымен (Алматы) белсенді ынтымақтастықта болды. Сол жылдары жақын және алыс шетелдердің, мысалы Ресей және Польшаның ғылыми орталықтарымен екі жақты ынтымақтастық жүргізілді.

2006-2011 жылдары бөлім басшысы қызметін Е.Ж. Уәлиханов атқарды. Оның тұсында екі іргелі жоба іске асырылды: «Зияткерлік тарих: ұлттық идея контекстіндегі элитаның әлеуметтік-мәдени және саяси қызметі (XIX – XX ғ. басы)» (2006-2008) және «ХІХ-ХХ ғғ.: қазақ және орыс зиялыларының Қазақстанның әлеуметтік-саяси өміріндегі өзара іс-қимылы: мәселелер, ізденістер, шешімдер» (2009-2011).

Революцияға дейінгі Қазақстандағы жер қатынастарын жан-жақты ғылыми зерттеу мақсатында ХVІІІ-ХХ ғасырлар хронологиясы аясында, 2012-2014 жылдар аралығында бөлім қызметкерлері тарих ғылымдарының докторы Г.Н. Ксенжиктің жетекшілігімен «Революцияға дейінгі Қазақстандағы жер қатынастары: (тарих, теория, практика)» тақырыбын зерттеді. Сонымен қатар, сол жылдары бас ғылыми қызметкер, т.ғ.д., профессор С.Ф. Мажитовтің басшылығымен «Қазақстанның тәуелсіздігі үшін күрес тарихи және әлеуметтік-саяси құбылыс ретінде (XVIII – XX ғғ. басы)» жобасы орындалды. Бөлім қызметкерлерінің ғылыми зерттеулерінің жалғасы т.ғ.д., профессор Х.М. Әбжановтың жетекшілігімен «Хан Кенесары: қазасы туралы аңыздар мен ақиқаттар (ханның бас сүйегін іздеу)» (2014-2015) тақырыбын зерттеу болып табылды.

2015-2016 жж. тарих ғылымдарының кандидаты, жетекші ғылыми қызметкер С.К. Рүстемов «Қазақтар мен түркі-мұсылман әлемі: әлеуметтік-саяси және этномәдени байланыстар (ХІХ ғ. екінші жартысы – ХХ ғ. басы)» тақырыбындағы жоба бойынша жұмыс жасады. 2018-2020 жылдары жаңа уақыттағы Қазақстан тарихы бөлімінің қызметкерлері тарих ғылымдарының докторы, профессор З.Е. Қабылдиновтың жетекшілігімен «Ұлттық бірегейлікті сақтау және нығайту контекстіндегі Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыс» тақырыбын зерттеуді бастады. Нәтижесінде жоба аясында «Орта жүздің сұлтандары мен батырлары (XVIII ғасырдың екінші жартысы)» (2018 ж.) және «XIX ғ. аяғы – XX ғ. басындағы қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы» (2019 ж.) архивтік материалдар мен құжаттар жинақтары шығарылды.

Сондай-ақ, 2019 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейінгі кезеңде жаңа дәуірдегі Қазақстан тарихы кезеңінің өзекті мәселелерін зерделеуге бағытталған ғылыми жобалар, ғылыми бағдарламалар іске асырылды. Мысалы, профессор Қабылдиновтың басшылығымен «Ұлы Даланың тарихы мен мәдениеті» бағдарламасын жүзеге асыру аясында «Қазақ хандығы: бодандықты қабылдаудан мемлекеттілікті жоюға дейін» жобасы бойынша жұмыстар жүргізілді (2019-2020 жж.).

Қазіргі уақытта бөлім қызметкерлері зерттеуді үш бағытта жүргізеді: жеті томдық «Қазақстан тарихы көне заманнан бүгінгі күнге дейін» (2021-2023) академиялық басылымы аясында «Қазақстан тарихы жаңа дәуірде (XVIII – XX ғғ. басы)» академиялық басылымымен жұмыс, жастардың гранттық қаржыландыру жобасын іске асыру (2021-2023), сонымен қатар 2020-2022 жылдарға арналған гранттық қаржыландырудың екі ғылыми жобасын жүзеге асыру. 

Жобаларға қатысу

2018-2020 жж. бөлім қызметкерлері «Қазақтардың көшпелі қауымы: мазмұны, құрылымы, міндеттері (XVIII – ХХ ғ. басы)» (жетекшісі – т.ғ.к. Н. Әлімбай) жобасына қатысты. Сонымен қатар, С.К. Рүстемовтың басшылығымен осы ғылыми жобаны іске асыру нәтижесінде жарыққа шыққан 3 томдық «Қазақстанның тарихи энциклопедиясы» бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру жобасы іске асырылды (2018-2020 жж.).

Қазіргі уақытта бөлімде Ғылым комитетінің қаржылық қолдауымен келесі ғылыми жобалар жүзеге асырылуда: «Қазақстандағы мұсылман және православ миссионерлері: қызметі мен нәтижелері (XIX – XX ғғ.басы)» (2020-2022), «XVIII – XIX ғғ. І-жартысындағы Кіші жүз көшбасшыларының отандық және шетелдік тарихнамадағы саяси портреттері» (2020-2022), «Ақтөбе Лаэти Алтын Орда қалашығын қайта жаңғырту: деректанулық және тарихнамалық аспектілер” (2021-2023).

«Қазақстандағы мұсылман және православ миссионерлері: қызметі мен нәтижелері (XIX – XX ғғ. басы)» тарих ғылымдарының докторы, бас ғылыми қызметкер З.Т. Садвокасованың жетекшілігімен дайындалуда. Жобаның алғашқы нәтижелерінің бірі 2021 жылы «Қазақстандағы мұсылман және православ миссионерлері: қызметі мен нәтижелері (XIX – XX ғғ.басы)» құжаттар мен материалдар жинағын басып шығару болып табылды (Алматы, 2021).

Бұл жинаққа Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің, Орынбор облысы мемлекеттік архивінің, Башқұртстан Республикасы Ұлттық архивінің және Орыс Географиялық қоғамының ғылыми архиві (Санкт-Петербург қаласы) құжаттары кірді. Сонымен қатар, сипатталатын тақырыптың тұтас бейнесін көрсету үшін бұл басылым революцияға дейінгі авторлардың кейбір еңбектерін де қамтиды.

«Отандық және шетелдік тарихнамадағы XVIII – XIX ғасырдың I-жартысындағы Кіші жүз көшбасшыларының саяси портреттері» тарих ғылымдарының кандидаты, жетекші ғылыми қызметкер Ғ.А. Шотанова жетекшілігімен.

Жобаның негізгі тұжырымдамасы XVIII – XIX ғғ. бірінші жартысындағы тарихи тұлғалардың рөлін зерттеу болып табылады, бұл жағдайда қазақ даласының Ресеймен тығыз байланысы кезеңіндегі дала элитасының рөлін қайта баға беру және қайта бағамдау мәселесі.

Жобаның тікелей нәтижелері біздің тарихымыздың тарихи тұлғаларын объективті және дұрыс бағалауға әсер етуі тиіс. Осы жобаны іске асыру барысында әзірленген ұсынымдар, зерттеу әдістемесі мен тәсілдері одан әрі жобалар мен ғылыми жұмыстарда пайдаланылуы мүмкін.

Атқарылған жұмыс негізінде зерттеудің негізгі сәттерін қозғайтын ғылыми іс-шаралар өткізілді. Ғылыми іс-шараларға жетекші отандық және шетелдік ғалымдар тартылды. Бұл кездесулер зерттелетін кезеңдегі оқиғаларды қайта құру мәселелерін нақты анықтауға мүмкіндік береді.

Жобаны іске асыру шеңберінде 2021 жылы келесі іс-шаралар өткізілді:

– Отандық және Ташкент және Нүкіс қалаларынан келген шетелдік ғалымдардың да қатысуымен «Кіші жүз қазақтары далалық ақсүйектерінің сыртқы саяси функциялары: зерттеу мәселелері» тақырыбындағы халықаралық дөңгелек үстел;

– «Дала қоғамдарындағы саяси көшбасшылар: теория және тарихнамалық шолу» тақырыбындағы ғылыми-әдістемелік семинар. Оған К.Ш. Хафизова, Ә.Қ. Мұхтар, М.Қ. Әбусейітова, Г.Б. Ізбасарова және т.б. танымал отандық ғалымдар қатысты.

«Ақтөбе Лаэти Алтын Орда қалашығын қайта жаңғырту: деректанулық және тарихнамалық аспектілер» – жастар гранттық қаржыландыру жобасы.

Бұл жоба 2021 ж. басында басталды. Оны жүзеге асырумен негізінен 40 жасқа дейінгі зерттеушілер жұмыс істейді. Жоба тарих ғылымдарының кандидаты, ЖҒҚ Шотанова Ғ.А. және ғылыми кеңесші, медиевист, тарих ғылымдарының кандидаты, ЖҒҚ Өжкенов Е.М. жетекшілігімен жүргізіледі.

Бұл жобаның зерттеу нысаны Атырау қаласынан 18 шақырым жерде орналасқан және шамамен XIII-XV ғасырларда өмір сүрген Алтын Орда кезеңінің Ақтөбе қалашығы болып табылады.

Жобаның мақсаты – деректанулық және тарихнамалық талдау жүргізу арқылы Ұлы Дала тарихы мен мәдениетіндегі Ақтөбе Лаэти қаласының рөлі мен маңызын ашу.

Жобаның қойылған мақсатына жету үшін зерттеушілер тобы революцияға дейінгі, кеңестік және отандық қазіргі заманғы еңбектерді жан-жақты зерттеуге кірісті. Бұл жұмыс тарихнамалық шолу жасау үшін маңызды. Тарихнамалық талдау идеялардың кемшіліктерін анықтайды, сонымен қатар жаңа теориялар мен көзқарастардың дәлелі бола алады.

Бұдан бөлек, зерттеу тобы белгілі бір уақыт аралығында қалашықтың даму деңгейін анықтауға мүмкіндік беретін проблемалық-хронологиялық әдісті қолдана отырып жұмыс істейді, сондай-ақ аталған өңірде отырықшы-егіншілік мәдениетінің даму заңдылықтарын талдауға ықпал етеді. Зерттелетін материалды ұсынуда пәнаралық тәсіл таңдалады, сонымен қатар тарихизм, жүйелілік және тарихи компаративистика әдістері қолданылады.

Сондай-ақ, 2021 жылы ТЭИ «Ежелгі дәуірден бергі Қазақстан тарихы»атты 7-томдық академиялық басылымды жазуға кірісті. Басылым үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) шығарылады деп күтілуде, жоба үш жылға есептелген. Осы БМҚ аясында бөлім қызметкерлері 5 (бесінші) томды жазумен айналысады.

Бұл том Қазақстан мен Ресей арасындағы тығыз саяси өзара қарым-қатынас кезеңін (XVIII-XX ғғ.басы) қамтиды. Жұмыс тарих ғылымдарының докторы, профессор З.Е. Қабылдиновтың басшылығымен жүргізілуде.

Академиялық басылымның бесінші томын жазуға отандық ғалымдар, соның ішінде ТЭИ-нің штаттық қызметкерлері шақырылды. Ұжымдық еңбек авторлары: Хафизова К.Ш., Султангалиева Г.С., Исенов Ө., Мұхтар Ә.Қ., Ахмет А.К., Ізбасарова Г.Б., Ермекбаев Ж.А. және басқа ғалымдар.

Томның негізгі міндеттерін пайымдау тұжырымдамасы әзірленді. Томды іске асыру шеңберінде бірнеше жұмыс жиналысы, оның ішінде ғылыми-әдістемелік семинарлар өткізілді.

Бөлімнің алдына қойылған міндеттер іске асырылған жағдайда, жаңа дәуір кезеңі қазақ халқының тарихи тағдырын бірнеше ғасырларға айқындаған, осы уақытқа дейін ғылыми қоғамдастықта пікірталастар мен Қазақстанның аумақтық тұтастығына және оның мемлекеттік шекараларының қалыптасуына күмән келтіретін Ресейдің жекелеген саясаткерлерінің мәлімдемелерін туғызатын аса маңызды тарихи оқиғаларға толы екендігі ескеріледі. Осыған байланысты Қазақстан тарихы мәселелерін объективті зерттеу қазіргі уақытта тек ғылыми ғана емес, сонымен қатар өзекті қоғамдық-саяси маңызға да ие болуда. Барлық осы факторлар авторлық ұжымға бірқатар мәселелерді қайта қарастыруға және оларды жаңа теориялық және әдіснамалық көзқарастардан көрсетуге ерекше жауапкершілік жүктейді, осы кезеңдегі кейбір қалыптасқан мифологиялардан бас тартуды және оны ғылыми білімнің, ұлттық сана мен этникалық қадір-қасиеттің берік қоспасы болып табылатын өзгерген тарихи дәстүрлер негізінде зерттеуді талап етеді. 

Ғылыми-ұйымдастыру, баспа және әдістемелік жұмыс

Институт құрылған кезден бастап жаңа заман тарихы бойынша мамандар республиканың ғылыми қауымдастығының өміріне белсенді түрде қатысады. Оның ішінде әртүрлі жоғары оқу орындарында оқу-педагогикалық қызметті жүзеге асырады, дәрістер береді, Қазақстан тарихы бойынша арнайы курстар оқиды.

Бұл жерде 2002 жылы институт өткізген Кенесары Қасымұлының 200 жылдығына арналған республикалық ғылыми-теориялық конференцияны және жетекші тарихшы-ғалымдар қатысқан «Ғылыми білім шеңберіндегі көмекші тарих феномені» атты дөңгелек үстел отырысын атап өткен жөн.

Бұдан бөлек, Герда Хенкель қорымен (Германия) бірлесіп ұйымдастырылған  «Бұрынғы кеңестік Орталық Азияның тарихи ғылымы: жетістіктері мен проблемалары» халықаралық ғылыми конференциясы өткізілді (2005 ж. 29-30 қыркүйек). Аталған конференциялар ғылыми ортада, республиканың және шетелдердің қалың бұқарасында кең серпіліс туғызды, маңызды ғылыми байланыстардың орнауына ықпал етті.

Орындалған жобалар аясында бөлімде келесі монографиялар жарық көрді: Уәлиханов Е.Ж. Кенесары Хан. – Алматы: Арда, 2007. – 280 б. – 16,5 б.т.; Галиев В.З. XIX ғасырдағы Солтүстік Каспий бойындағы кітапхана және білім беру жүйесі. – Алматы: 2007. 189 б. – 13 б. т.; Галиев В.З. Халықты оятқан кітап және оның «Оян, қазақ!» жинағы. – Алматы, 2010. – 20 б.т.).

2010 жылдан бастап бөлім қызметкерлері Қазақстанның жаңа тарихын теориялық және практикалық тұрғыдан қарастыруда жаңа тәсілдерді табысты меңгеруде. Бұған Ақмола облысы әкімдігімен бірлесіп Ш.Ш. Уәлихановтың 175 жылдығына арналған халықаралық конференция куә болады, онда Шоқанның ғылыми және шығармашылық мұрасы мен жалпы Қазақстанның жаңа тарихы бойынша мүлдем жаңа сауалдар қойылды.

2010 ж. 5 қарашада  Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен Алматы облыстық әкімшілігі көрнекті қазақ ғалымы Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың 175 жылдығына арналған «Шоқан Уәлиханов және ХХІ ғасырдың гуманитарлық ғылымы» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізді.

2012 ж. 7 маусымда  Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты «Ғылым ордасы» РМК бірлесіп қазақ батыры Бұхарбай Естекбайұлының 200 жылдығына арналған «ХІХ ғасырдағы ұлт-азаттық көтерілістер және тарихи тұлғалар» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізді.

2014 ж. 11 желтоқсанында Қазақстан тарихы бөлімінің қызметкерлерінің қатысуымен «І-дүниежүзілік соғыстың 100 жылдығы және оның қазақ халқына әсері» атты ғылыми конференция өтті.

2015 жылдың 10 желтоқсанында Қазақстан тарихы бөлімі ғалымдарының тікелей қатысуымен көрнекті ғалым, саяхатшы Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың туғанына 180 жыл толуына арналған «Шоқан Уәлиханов – ғалым, саяхатшы және этнограф» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.

2016 жылы Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты және Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архиві Алматы қаласы ішкі саясат басқармасымен және «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі» қоғамдық қорымен бірлесіп, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығына арналған «Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің тарихи маңызы» тақырыбында республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізді.

2017 жылы жаңа дәуірдегі Қазақстан тарихы бөлімінің ғылыми қызметкерлері Р.Е. Оразов пен М.Р. Сатенованың қатысуымен Қазақстанның қоғамдық-саяси және экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан қоғам қайраткері Ұзақбай Құлымбетовтың өмір жолы мен қызметіне арналған ғылыми деректік басылым дайындалып, жарық көрді: «Ұзақбай Құлымбетов. Материалдар мен құжаттар жинағы». (Құрастырушылар: Смағұлова С.О. (жауапты), Сатенова М.Р., Оразов Р.Е. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2017. – 416 б.), мұнда жаңа құжаттар жарияланды.

2017 жылғы 8 желтоқсанда Жаңа дәуірдегі Қазақстан тарихы бөлімі «Ғылым Ордасы», «Әділет» тарихи-ағартушылық қоғамымен, «Кенесары Хан» қоғамдық қорымен және Шыңғысхан атындағы Халықаралық Академиямен бірлесіп, Ұлы Дала елі құрметтейтін Кенесары Қасымұлының (1802-1847 жж.) 215 жылдығына және оның басшылығымен болған ұлт-азаттық көтерілістің 180 жылдығына арналған «Кенесары хан – мемлекеттік тәуелсіздіктің символы» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізді.

2018 жылдың 27 сәуірінде Алматы облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Алматы облысы Кербұлақ ауданы Шанханай ауылындағы «Алтынемел» Ш. Уәлиханов Мемлекеттік мемориалдық музейінде Шоқанды еске алу күніне арналған «Жаркенген Жас ғұмыр» облыстық ғылыми-теориялық конференциясы өтті.

Мұндай ғылыми-практикалық конференциялар мен ғылыми іс-шаралар ұйымдастырушылық және ғылыми-әдістемелік бағыт болып қала береді. Осыған байланысты бөлім қызметкерлері т.ғ.к., ЖҒҚ Ғ.А. Шотанованың жетекшілігімен бөлімнің зерделенетін мәселелері бойынша ғылыми-әдіснамалық бағытты әзірлеуге бағытталған бірқатар ғылыми іс-шаралар өткізді.

2019 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін бөлім қызметкерлері бірқатар еңбектерді, соның ішінде «Қазақ-Ресей қарым-қатынастарының тарихынан. XVIII ғасыр. Құжаттар жинағы. – Алматы, 2019 – 516 б. – құраст.: Сирик В.А.» және «XIX ғ. аяғы – XX ғ. басындағы қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы. Құжаттар жинағы. – Алматы, 2019-640 б.» және басқа да жинақтарды шығарумен белсенді айналысты.