kudaybergenova

Құдайбергенова Айжамал Ибрагимқызы – Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, доцент. 1959 жылы Қызылорда облысы, Шиелі кентінде туылған. №47 М.В. Ломоносов ат. орта мектепті 1976 ж. алтын медальмен бітірді. 1981 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің тарих факультетін бітірген, мамандығы – тарихшы, тарих және қоғамтану пәндерінің оқытушысы.

1990 ж. бері Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында 1990-1998 жж. ізденуші, аспирант; 1998-2003 жж. Тарихи демография бөлімінде ғылыми қызметкер, 2003-2007 жж. аға ғылыми қызметкер, 2007-2012 жж. Қазақстанның тарихи демографиясы және қазіргі әлеуметтік процестер бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, 2012 жылдан бері «Халықтану және тарихи тұлғатану мәселелері» бөлімінің меңгерушісі міндетін атқарып келеді.

Ғылыми жұмыстарын Қазақстандық тарих ғылымындағы жаңа сала – тарихи демографиялық зерттеулерге арнаған А.И. Құдайбергенова 2000 ж. желтоқсанда «Қазақстан халқының әлеуметтік және ұлттық құрамындағы өзгерістер (1939-1959 жылдар)» атты тақырыпта кандидаттық, 2010 ж. «Кеңес дәуіріндегі Қазақстандағы көші-қон үдерістері: тарихи-демографиялық аспект (1917-1991 жж.)» атты докторлық диссертацияларын қорғады. 2007 жылы Білім және ғылым саласындағы қадағалау және аттестаттау комитетінің шешімімен доцент ғылыми атағына ие болды.

Қазақстан тарихы, оның тарихи демография саласы бойынша зерттеулер жүргізеді, кеңес дәуірінде жүрген көші-қон үдерістерінің барысына, түрлеріне, нәтижелері мен демографиялық салдарларына, республика халқының этнодемографиялық дамуы мәселелеріне арналған 200-ге жуық ғылыми мақалалардың, бірнеше энциклопедиялық, биобиблиографиялық жинақтардың, 4 монографиялық еңбектің авторы. Ғылыми мақалалары Германия, Чехия, Польша, Ресей, Украина, Қырғызстан, Монғолия, Өзбекстан, Тәжікстан басылымдарында жарық көрген.

А.И. Құдайбергенова ғылыми-зерттеу институтындағы жұмыс кезеңінде өзін-өзі дамыту және жетілдіруге қабілетті қәсіпқой маман ретінде көрсетті. Ғылыми қызмет атқарған мерзімде көптеген ғылыми іргелі жобалардың жетекшісі және орындаушысы болды. Мысалы, «ХVІ ғасырдың екінші жартысы мен ХХІ ғасырдың бас кезі аралығындағы Қазақстан территориясы мен халқы (тарихи демографиялық талдау), «ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХІ ғасырдың бас кезі аралығындағы Қазақстан халқының әлеуметтік-демографиялық дамуы», «Қуғын-сүргін» санағы (Қазақстан халқы 1937 және 1939 жылдардағы Бүкілодақтық халық санақтары бойынша: қорытындылары және сабақтары), «Қазақстан халқының көпэтностық құрамының қалыптасуы мен дамуы (ХІХ ғасырдың екінші жартысы – ХХІ ғасырдың бас кезі)»,  2015-2016 жылдарға арналған «Халық тарих толқынында» басымдығы бойынша «Қазақстан түркі халықтары: тарихи-демографиялық талдау (ХІХ ғ. соңы – ХХІ ғ. басы)» атты, Еуразиялық ғылыми-зерттеу институты тарапынан қолдау көрсетілген ERI/2015-004 номерлі 2016-2017 жж. арналған «Қазақстандағы түрік-месхеттер: тарихи-демографиялық талдау» тақырыбындағы және 2018-2020 жж. арналған гранттық «АЛЖИР-де азап шеккен аналар тағдыры (1938-1953 жылдар)» және «Бағдарламалық мақсатты қаржыландырылатын» «Ұлы даланың тарихы мен мәдениеті» деген гранттық жоба бойынша да  іргелі зерттеу жұмыстарын жүргізуде.

Ғалымның жетекшілігімен 2 кандидаттық диссертация: Мейірбеков М.Б. «Оңтүстік Қазақстан халқының әлеуметтік-демографиялық дамуы (1926-1959 жж.)» (2010), Өмірбекұлы Ж. «Түркістан қаласы мен агломерациясының әлеуметтік-демографиялық жағдайы (1867-2009)» (2010), 1 PhD докторлық диссертация (Әпендиев Т.Ә. «Қазақстандағы XIX ғ. соңы мен XXI ғ. бас кезіндегі неміс диаспорасы (әлеуметтік демографиялық қыры)» (2017), 1 магистрлік диссертация: Г.Ә. Омарова «Алматы қаласы халқының өсіп-өнуі тарихы (1854-1926 жж.) (әлеуметтік-демографиялық қыры)» (2016) қорғалды. Ол мемлекеттік тапсырыс бойынша орындалған «Қазақстан халқы» ғылыми интерактивті тарихи карта» жобасының координаторы, Тұжырымдамасы мен синопсисінің авторларының бірі және орындаушысы.

А.И. Құдайбергенова ғылым мен мәдениеттің қазіргі заманғы жетістіктері аясында ғылыми-зерттеу үрдістерін ұйымдастыру мен жетілдіруде елеулі табыстарға жеткен, практикалық маңызы бар іргелі жобаларға басшылық жасап жүзеге асырған, білікті мамандар даярлауға өз үлесін қосқан, ғылым саласындағы еңбек өтілі 36 жыл болса, осы институттағы еңбек өтілі 28 жыл.

«Қазақстан Республикасының ғылымын дамытудағы үлесі үшін» төсбелгісінің иегері.

 Монографиялары:

– М.Х. Асылбеков, А.И. Кудайбергенова «Қазақстан халқының әлеуметтік  демографиялық жағдайы (1939-1959 жж.)». – Алматы: Өркениет, 2005.

– Құдайбергенова А.И. Қазақстандағы көші-қон үрдістерінің тарихи демографиялық қыры (1917-1991): – Алматы: Елтаным, 2011. – 416 б.

-  Қазақстандағы түркі халықтары: этнодемографиялық талдау (ХІХ ғ. соңы – ХХІ ғ. басы) // Авторлары: Құдайбергенова А.И., Уалтаева А.С., Саркенова К.А., Мурзаходжаев Қ.М., Алмағамбетова А. – Алматы: Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, 2016. – 171 б.

-       Құдайбергенова А.И. Қазақстандағы түріктер: тарихи-демографиялық зерттеу. – Алматы-Анкара, 2017. – 217 б. (К.А.Саркеновамен бірлескен авторлықта).