Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты | Этнология және антропология

Этнология және антропология

Этнология және антропология бөлімі Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының құрылымындағы бірден-бір жетекші бөлім болып табылады. Бөлімнің жалпы зерттеу мәселесі қазақ халқының және оның шетелдердегі этникалық топтарының өткен тарихы мен қазіргі кезеңдегі этнографиясы, этнологиясы және антропологиялық қосынды мәселелерін қамтиды. Зерттеудің маңызды бөлігі ретінде мынадай бағыттармен байланысты: этносоциология, этнографиялық ескерткіштану (этноархеология) және т.б.

IMG_2024

1945 ж. Қазақ ССР Ғылым Академиясының Тарих, археология және этнография институтының құрылуымен бірге Этнография бөлімі де (сектор ретінде) ашылды. Оның алғашқы бөлім меңгерушісі шығыстанушы, этнограф Н. Сәбитов болды. 1940 ж. соңы – 1950 ж. басында республиканың оңтүстік-шығыс өңірлерінде бірнеше экспедициялар ұйымдастырылып, «Қазақ колхозды ауылының мәдениеті мен тұрмысы» («Культура и быт казахского колхозного аула») атты тақырыпта зерттеу жұмыстары басталды. Бұл кезеңдерде Қазақстанның алғашғы кәсіби этнографтары даярланды, олар ғылым кандидаттары: И.В. Захарова, Г.Н. Валиханов, В.В. Востров, Р.Д. Ходжаева. 1950 жж. ортасында Этнография бөліміне жас мамандар – Е. Масанов, Х. Арғынбаев, М. Мұқанов, О. Смағұловтардың келуімен этнографиялық зерттеулер кең түрде жүргізіліп, нәтижесінде докторлық диссертациялар сәтті қорғалды. Бөлім меңгерушісі И.В. Захарова болды. 1980 ж. басына дейін бөлім қызметкерлерінің Қазақстанның барлық аймағында жоспарлы түрде жүргізілген далалық зерттеулерінің нәтижесінде Тарихи-этнографиялық атласы жасалды.

Сонымен қатар бұл кезеңдерде бөлімдегі қызметкерлердің көптеген ғылыми еңбектері де шықты. Мәселен, «Труды ИИАЭ» этнографиялық томдары (3; 6-томдар), «Культура и быт казахского колхозного аула», «Хозяйство казахов на рубеже XIX–XX вв.»; сондай-ақ жекелеген және ұжымдық монографиялар: «Казахская национальная одежда», «Очерк истории этнографического изучения казахского народа в СССР», «Қазақ халқындағы семья мен неке», «Родоплеменной состав и расселение казахов», «Население Казахстана от эпохи бронзы до современности» және т.б. Ұзақ жылдар бөлімді академик Ә.Х. Марғұлан (1957–1976 жж.) басқарды. Оның жетекшілігімен «Шоқан Уәлихановтың еңбектері» жарыққа шықты. Кейінен 1980 ж. соңына дейін республиканың жетекші этнографы, т.ғ.д. Х.А. Арғынбаев бөлім меңгерушісі болды. Осы жылдар «қазақ этнография мектебінің» соңғы жемісті кезеңдері болып табылады: далалық зерттеулер тыңғылықты түрде жалғасып отырды, қазақтардың жалпылама тарихи этнографиялық материалдары бойынша арнайы бағытта жұмыстар атқарылды, антропологиялық және жаңа этносоциологиялық бағыттар дамыды, Ү. Қыдыралин, Ә. Төлеубаев, Н.Масанов, Ш. Тоқтабаева, С. Әжіғали, А. Тоқтабай, А. Қалышев, К.Сихымбаева және т.б. этнолог мамандар (ғылым кандидаттары) даярланды.

1989–1999 жж. аралығында Этнография/этнология бөлімін т.ғ.к. Х.А.Кауанова, т.ғ.д. М.С. Мұқанов және т.ғ.д. О.И. Смағұловтар басқарды. Бұл кезеңдерде жоспарлы тақырыптар бойынша мынадай жұмыстар атқарылды: «Современная сельская семья народов Казахстана», «Культура жизнеобеспечения казахского этноса», «Казахское шежире» және бірқатар кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғалды, жекелеген монографиялық еңбектер шықты, ертеректе зерттелген «Казахи» атты басылым (қысқартылған нұсқасы) жарық көрді. Алайда, 90-жж. академиялық этнография кадрлық-ұйымдастырушылық жағынан бірнеше жылдарға созылған дағдарысқа түсті. Бірақ, бұл жағдайларға қарамастан 1998 ж. Этнология бөлімінің жетекшілігімен алғаш рет республиканың 14 облысы қамтылған Жаппай этномәдени зерттеу жұмыстары жүрді. Мұндай ауқымды әрі кешенді зерттеулердің нәтижесінде ауыл мәдениеті, тарихы жайында бөлім қызметкерлерінің көлемді ғылыми мақалалар Жинағы шықты «Обычаи и обряды казахов в прошлом и настоящем» (Алматы, 2001).

1990 жж. соңы – 2000 жж. Тарих және этнология институтының Этнология бөлімінде бірте-бірте жаңа кадрларды дайындау жұмыстары жандана бастады. Мәселен, осы жылдары Бөлімде 40-тан аса кандидаттық және докторлық диссертациялар сыннан өтіп, қорғалды; далалық зерттеулер қайта кеңейе түсті. Сонымен қатар, бірнеше маңызды мынадай тақырыптарда зерттеу жұмыстары дамыды: «Народное искусство казахов: генезис, синкретизм, многообразие (этнологическое исследование)», «Искусство кочевников – как историко-культурный феномен», «Этническая антропология казахов Алтая». Бұл зерттеулердің нәтижесінде көлемді еңбектер жарияланды: С.Е. Әжіғалидің іргелі монографиясы «Архитектура кочевников – феномен истории и культуры Евразии» (Алматы, 2002), С.Е.Әжіғалидің жалпы редакторлығымен ғылыми мақалалар Жинағы «История и культура Арало-Каспия» (Мәдениет және өнертану институтымен бірге, Алматы, 2001), О. Смағұлов, К. Бекетайқызы және А. Оразаққызының ұжымдық монографиясы «Алтай қазақтары» (Алматы, 2003).

1999 ж. бастап Этнология және антропология бөлімін т.ғ.д., этнолог және этноархеолог Ажигали С.Е. басқарып келеді. 2000 жж. Этнология бөлімінің құрамы біраз жаңарды: бірқатар жас мамандар аспирантура және докторантураға қабылданды, олардың көпшілігі диссертацияларын сәтті қорғап шықты. Далалық этнографиялық (және этноархеологиялық) зерттеу жұмыстарының тәжірибесі қайта жаңғырды; 2001 ж. С.Е. Әжіғалидің жетекшілігімен екі аймақта жүйелі түрде кешенді экспедиция ұйымдастырылды: Арал-Каспий аймағы және Орталық Азия (Моңғолия, Қытай). Сондай-ақ, басқа да өңірлерде жекелеген зерттеулер жүрді: 2007 ж. Сарыарқа этнографиялық экспедициясы. Мұның барлығы Бөлімнің соңғы кезеңдегі маңызды жетістіктері деп есептеуге болады. Әсіресе, далалық зерттеу жұмыстары Моңғолия кешенді этнографиялық-этноархеологиялық экспедициясына басымдық берілді, онда көп жылдар бойы (2001–2008, 2010, 2013) қазақ диаспорасының қазіргі жағдайы, тарихы мен мәдениеті,

ескерткіштері жан-жақты қамтылып, зерттеулер жүргізілді. Моңғолия қазақтарының ортасында сақталған дәстүрлі этникалық мәдениет, өзіндік этноәлеуметтік үрдістер, этноархитектура материалдары толық қамтылған жалпылама еңбектер басып шығаруға негіз болып отыр.

Қазақ диаспорасын этномәдени тұрғыда кешенді зерттеу, отандық этнология ғылымының өзекті әрі келешегі бар мақсаты болып табылады. Осыған сәйкес соңғы жылдары Бөлімнің қатысуымен «Қытай қазақтары (тарихи-этнографиялық зерттеу)» және «Қазіргі кезеңдегі қазақ диаспорасының мәдениеті: Қытай және Моңғолиядағы этникалық топтары көрінісінде дәстүрлі негіздер мен болып жатқан жаңарулар» атты тақырыптар бойынша зерттеу жұмыстары жүрді. Орталық Азиядағы қазақ диаспорасын зерттеуде далалық этнографиялық экспедициясының жүйелі түрде күшейтілуі Этнология бөлімінің соңғы жылдардағы ірі жетістіктері деп атауға болады. Мәселен, Моңғолияда және Қытайда (Шыңжан) этнографиялық-этноархеологиялық экспедициясы (2010–2013 жж.) ұйымдастырылып, зерттеу жүргізілді. Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде көптеген ғылыми мақалалар шықты және әр-түрлі презентациялар дайындалды (жалпылама ғылыми монография шығару алдағы жылдарға жоспарланған); Этнология бөлімінің жетекшілігімен 2012 ж. «Қазақстан және шетелдегі қазақтар» атты Халықаралық конференция аясында «Моңғолия қазақтары» атты симпозиум өтті; 2014 ж. «Орталық Азиядағы қазақ диаспорасы: тарихы – мәдениеті – ескерткіштері» атты Халықаралық ғылыми конференция ұйымдастырылды. Ғылыми конференцияның мақалалар Жинағы сол жылы жарияланды. Осылайша, қазақ диаспорасын жан-жақты зерттеу Этнология және антропология бөлімінің маңызды стратегиялық мақсаты болып қала береді.

Этнология бөлімінің кешенді ірі зерттеулері Арал-Каспий аймағы болып табылады. Оның бай тарихи-мәдени мұрасын 1990 жж. бері Батыс Қазақстан кешенді этноархеологиялық экспедициясы (БҚКЭАЭ) зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Экспедиция құрамында этноархеологтар, этнографтар, архитекторлар, арабисттер және табиғат-ғылымы мамандарының қатысуымен – Ақтөбе, Атырау, Маңқыстау және Батыс Қазақстан облыстарында шоғырланған архитектуралық ескерткіштерін, тарихы мен мәдениетін және этномәдени бағыттарында жан-жақты ізденіс жұмыстарын жүргізді. Осының нәтижесінде шалғай аудандардағы ескерткіштер зерттелді (Доңызтау, Нарынқұм, Солтүстік Арал маңы және басқада көптеген), аса ірі кешендер зерделенді (Қарашұңғыл, Қайнар, Сұлтан-ақын, Сисем-ата және т.б.), далалық аймақтардағы мемориалды-культтік ескерткіштерді зерттеудің этноархеологиялық (этноархитектуралық) методикасы қалыптасты. Керемет нәтижеге Хан моласы қорымын кешенді зерттеу барысында қол жеткізілді, яғни Әбілқайыр ханның жерленген орны анықталып, оның бет келбеті қалпына келтірілді. Бұл зерттеу жұмыстарына әртүрлі саладағы мамандар тартылды, оның ішінде топырақтанушылар, геофизиктер, антропологтар және генетиктер болды.

Осылайша академиялық Этнология бөлімінде жаңа этноархеологиялық бағыт дамып келеді. Бұл бұрынғы палеоэтнографиямен тығыз байланысты. Этнологтар Қазақстанда этнография, археология және этноархитектураны байланыстыра отырып маңызды ғылыми пәннің қалыптасуына мол үлес қосты. Мемориалды-культтік, елдімекендік (қыстау т.б.), эпиграфикалық және басқа да ескерткіштерді, мәдениеттің ажырамас бөлігі ретінде зерттеу, бөлім мамандарының алдында кешенді этнографиялық-этноархеологиялық ізденістер жүргізудің маңызды міндеті болып табылады. Қазақ этноархеологтары мен ТМД-ғы әріптестердің бастамасымен «Археологиялық және этнографиялық зерттеулердің интеграциясы» (Алматы, 2004) атты XII Халықаралық семинар өткізді. Қазіргі кезде «қазақ (этнографиялық) ескерткіштануы» өзекті ғылыми-тәжірибелік бағыты мақсатты түрде қалыптасуда. Бұл бағыт бойынша екі Симпозиум (Ақтөбе, 2011; Атырау, 2012) өтті. Сонымен қатар 2015 ж. «Қазақ хандығының 550 жылдығына» орай Ақтөбе қаласында ұйымдастырылған Халықаралық конференция аясында «Ақтөбе облысының аса көрнекті архитектуралық ескерткіштері» атты фотокөрмесі өтті. Бұл көрмеде С. Әжіғалидің авторлығымен 300-ге жуық қазаққа тән көрнекті архитектуралық ескерткіштердің суреттері тамашаланды. Аталған конференция соңында Хан моласында Әбілқайыр хан кешенінің ашылуы Этнология бөлімінің этноархеология (ескерткіштану) бағытындағы зерттеу жұмыстарының ең тамаша жаңалықтарының бағалануы болды.

Қазіргі таңда Бөлім қызметкерлерінің қатысуымен «қазақ ескерткіштану» бағытында «Қазақ (этнографилық) ескерткіштануы: теориялық, ғылыми-әдістемелік және қолданбалы мәселелері» және «Өзбекстандағы қазақтардың киелі жерлері (Жалаңтөс батыр, Төле, Айтеке билердің қабірлері т.б.), пайда болуы, зерттелу тарихы, қазіргі кездегі жағдайы» атты тақырыптар бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді.

Соңғы жылдары академиялық этнографтардың баспа қызметі белсенділік танытып келеді. Оның дәлелі – көптеген ірі еңбектер жарыққа шықты: жоғарыда айтылған көрнекті мақалалар жинақтары: «Обычаи и обряды казахов», «История и культура Арало-Каспия. Вып. 1» (ред.-құраст. С.Е. Әжіғали); жалпылама еңбектер: «Алтай қазақтары», «Архитектура кочевников – феномен истории и культуры Евразии»; сонымен қатар монографиялар: Ш.Ж. Тохтабаеваның «Серебряный путь казахских мастеров» (Алматы, 2005), Р.А. Бекназаровтың «Қазақтың дәстүрлі тас қашау өнері» (Алматы, 2005), О. Смағұлов, К. Сихымбаева, А. Смағұлованың «Этническая дерматоглифика казахов» (Алматы, 2007); А.У. Тоқтабайдың «Түркі халықтарының этномәдениеті» (Алматы, 2006), «Қазақ жылқысының тарихы» (Алматы, 2010), «Қазақ тазысы» (Алматы, 2013); С.Е. Әжіғалидің «Маңқыстау мен Үстірт ескерткіштері» (Алматы, 2014), «Ақтөбе облысының аса көрнекті архитектуралық ескерткіштері: фотокөрме. Ғылыми-ақпараттық басылым» (Алматы, 2015); Г.М. Төлеубаеваның «Қазақтар мен Орталық Азия халықтарының отбасылық салт-дәстүрлер» (Алматы, 2012) және т.б. Қазақ

этнологтарының бірлескен «Казахская юрта» (Атырау–Лондон, 2005. Ред. С. Әжіғали) атты кітап-альбомы жарияланды, бұл кітап ғалымдар мен қоғамнан жоғары баға алды. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы негізінде этнология бөлімінде дәстүрлі қазақ мәдениетіне арналған 2 томдық «Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» (Алматы, 2005, 2006) жарыққа шықты.

Сонымен қатар Этнология бөлімінде соңғы кездері өткізілген конференциялардың жинақтары жарияланды: «Еуразия тарихы мен мәдениетіндегі Арал-Каспий аймағы». I және II Халықаралық конференцияның материалдары» (Алматы – Актобе, 2006, 2011), «Қазақ ескерткіштану мәселелерінің 1 және 2 Симпозиум материалдары» (Алматы–Атырау, 2012), «Орталық Азиядағы қазақ диаспорасы. Тарихы – мәдениеті – ескерткіштері» атты Халықаралық ғылыми конференцияның материалдары» (Алматы, 2014). Қазіргі таңда Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының дайындауымен «Тарихи энциклопедияның» үш томдығына этнографиялық мәселеде Бөлім қызметкерлері мақалалар жазып жатыр. Жалпы академиялық этнография/этнология бөлімінің қалыптасқанынан бері 100 ден аса іргелі монографиялар мен ұжымдық еңбектер жарыққа шықты.

ҚР БҒМ ҒК ТЭИ Этнология және антропология бөлімі үлкен ғылыми-ұйымдастырушылық, методологиялық жұмыстар атқарып келеді. Бөлім негізінде «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасы Қоғамдық кеңесінде көп жылдар бойы «этнография және антропология» секциясы жұмыс істеді. Этнология Бөлімінің бастамасымен және Ақтөбе облысы әкімшілігінің қолдауымен екі ірі Халықаралық конференция өткізілді «Еуразия тарихы мен мәдениетіндегі Арал-Каспий аймағы» (Актобе, 2006, 2011), онда 150-ге жуық шетелдік және қазақстандық ғалымдар қатысты. 2009 жылы Орынборда Ресей этнографтары мен антропологтарының «Этнографическое памятниковедение» атты VIII Конгрессі ұйымдастырылды. ҚР Мемлекеттік Орталық музеймен бірлесіп Халықаралық «Арғынбаев оқуларының» конференциясын өткізіп келеді (2009, 2014, 2018). 2011 ж. және 2012 ж. бөлімнің бастамасымен «Қазақ ескерткіштануы» мәселесіне арналған екі Симпозиум өтті (Ақтөбе, Атырау) және 2012 ж. «Қазақстан және шетелдегі қазақтар» (Алматы) атты Халықаралық конференция аясында «Моңғолия қазақтары» Симпозиумы өтті. 2014 ж. «Орталық Азиядағы қазақ диаспорасы: тарихы – мәдениеті – ескерткіштері» атты Халықаралық ғылыми конференция ұйымдастырылды. Этнология және қосымша ғылымдар саласында ғалымдарының интеграциясы академиялық этнология және антропология бөлімінің негізгі міндеті болып табылады. Сонымен қатар этнологтар және этноархеологтарды дайындау мәселесі, кеңес беру қызметі белсенді жолға қойылған.

Осылайша, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Этнология және антропология бөлімі аз құрамдық қызметкерлерімен (барлығы 10 қызметкер), бұрынғыша республика бойынша этнология-этнографиялық сала бойынша маңызды қызметтерге жетекшілік етеді: өзекті зерттеу бағыттарын жасау; кешенді, іргелі

жобаларды іске асыру; жаңа келешегі бар ғылым салаларын дамыту; кешенді далалық экспедицияларды ұйымдастыру және жүргізу; ұжымдық және монографиялық еңбектер жариялау; кадрлар дайындау. Қазіргі кезде бөлім қызметкерлерінің стратегиялық бағыты былайша қалыптасып отыр: диаспора тарихы мен мәдениеті, этноархеологиялық, этносоциология және антропологиялық бағыттарды алдағы уақытта дамыту, «ХХ ғ. 2-жартысындағы қазақ этнографиялық мектебінің жетістіктерін» халыққа таныстыру.

Қазіргі кезде Этнология және антропология бөлімінде 10 қызметкер жұмыс істейді:

* Әжіғали Серік Ескендірұлы – бөлім меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық Шығыс елдері архитектурасы академиясының корреспондент мүшесі. Этнография, қазақтың халықтық сәулет өнері; Еуразия даласындағы ескерткіштері, тарихы, мәдениеті бойынша маман. Тарихи номадизмнің, диаспорология және шығыстанудың басқа да мәселелерімен мақсатты түрде айналысады. «Архитектура кочевников – феномен истории и культуры Евразии (памятники Арало-Каспийского региона)» (2002) атты іргелі еңбектің авторы;

* Тоқтабай Ахмет Уалханұлы – бас ғылыми қызметкер, тарих ғылымдарының докторы, профессор, қазақтың жылқы шаруашылығы және дәстүрлі шаруашылықтың көптеген мәселелерін зерттеумен айналысады. «Қазақ жылқысының тарихы» (2010) атты көпшілікке танымал ғылыми еңбектің авторы;

* Бекназаров Рахым Ағыбайұлы – бас ғылыми қызметкер, тарих ғылымдарының докторы, профессор. Этнолог, этноархеолог;

* Тұрғанбаева Ләйлә Рымбекқызы – бас ғылыми қызметкер, архитектура докторы, профессор. Мәдениеттанушы;

* Құрманалина Нұргүл Нұрсұлтанқызы – аға ғылыми қызметкер, PhD. Қазақтың киелі жерлерін зерттеу жұмыстарымен айналысады;

* Қарамендина Мағжан Өміртайқызы – ғылыми қызметкер. Қазақтың таңбалары мен ұрандарының маманы;

* Әшім Бағлан Әбдірахманұлы – ғылыми қызметкер. «Қазақ даласындағы мешіттер» және «қазақтың дәстүрлі шаруашылық мәселелері» тақырыптары бойынша зерттеу жұмыстарымен айналысады;

* Байжұманова Зәмзәгүл Бекжанқызы – ғылыми қызметкер;

* Боздақова Шара Әбікенқызы – кіші ғылыми қызметкер. Өзбекстан қазақтары бойынша зерттеу жұмыстарымен айналысады;

* Зікірбаева Венера Серікқызы – инженер-суретші.