Этнология және антропология

Этнология және антропология бөлімі Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының құрылымындағы бірден-бір жетекші бөлім болып табылады. Бөлімде жүргізілетін зерттеулердің негізгі тақырыбы өткен тарихи дәуірлерде және қазіргі кезеңдердегі қазақ халқының (қазақ диаспорасы), сондай-ақ Қазақстан территориясында тұратын этникалық топтардың этнографиясына, этнологиясына, антропологиясына қатысты барлық мәселелердің жиынтығын қамтиды.

IMG_2024

1945 ж. Қазақ ССР Ғылым Академиясының Тарих, археология және этнография институтының құрылуымен бірге Этнография бөлімі де (сектор ретінде) ашылды. Оның алғашқы бөлім меңгерушісі шығыстанушы, этнограф Н. Сәбитов болды. 1940 ж. соңы – 1950 ж. басында республиканың оңтүстік-шығыс өңірлерінде бірнеше экспедициялар ұйымдастырылып, «Қазақ колхозды ауылының мәдениеті мен тұрмысы» («Культура и быт казахского колхозного аула») атты тақырыпта зерттеу жұмыстары басталды. Бұл кезеңдерде Қазақстанның алғашқы кәсіби этнографтары даярланды, олар ғылым кандидаттары: И.В. Захарова, Г.Н. Валиханов, В.В. Востров, Р.Д. Ходжаева. 1950 жж. ортасында Этнография бөліміне жас мамандар – Е. Масанов, Х. Арғынбаев, М. Мұқанов, О. Смағұловтардың келуімен этнографиялық зерттеулер кең түрде жүргізіліп, нәтижесінде ғылыми жұмыстар сәтті қорғалды. Бұл кезде Бөлім меңгерушісі И.В. Захарова болды. 1980 ж. басына дейін бөлім мамандарының ерен еңбектерінің арқасында  Қазақстанның барлық өңірлерінде аймақтық Тарихи-этнографиялық атластың бағдарламасы бойынша жоспарлы түрде далалық зерттеулер жүргізілді.

Сонымен қатар, бұл кезеңдерде бөлімдегі қызметкерлердің көптеген ұжымдық ғылыми еңбектері де шықты. Мәселен, «Труды ИИАЭ» этнографиялық томдары (3, 6, 12 – жарым-жартылай, 16, 18-томдар), «Культура и быт казахского колхозного аула», «Хозяйство казахов на рубеже XIX–XX вв.»; сондай-ақ жекелеген монографиялар: «Казахская национальная одежда», «Очерк истории этнографического изучения казахского народа в СССР», «Қазақ халқындағы семья мен неке», «Родоплеменной состав и расселение казахов», «Население Казахстана от эпохи бронзы до современности» және т. б. Ұзақ жылдар бөлімді академик Ә.Х. Марғұланның (1957–1976) басқаруымен арнайы топ жұмысы құрылып, «Шоқан Уәлихановтың еңбектері» жарыққа шығарылды. 1980 ж. соңына дейін республиканың белгілі этнографы, т.ғ.д. Х.А. Арғынбаев бөлім меңгерушісі болды. Осы жылдар «қазақ этнография мектебінің» қалыптасу кезеңі сәтті аяқталды: далалық зерттеулер тыңғылықты түрде жалғасып отырды, қазақтардың жалпылама тарихи этнографиялық материалдары бойынша арнайы бағытта жұмыстар атқарылды, антропологиялық және жаңа этносоциологиялық бағыттар дамыды, Ү. Қыдыралин, Ә. Төлеубаев, Н. Масанов, Ш. Тоқтабаева, С. Әжіғали, А. Тоқтабай, А. Қалышев, К. Сихымбаева және т.б. ғылыми дәрежелі этнолог мамандар даярланды.

1989–1999 жж. аралығында Этнография/этнология бөлімін т.ғ.к. Х.А. Кауанова, т.ғ.д. М.С. Мұқанов және т.ғ.д. О.И. Смағұловтар басқарды. Бұл кезеңдерде жоспарлы тақырыптар бойынша мынадай жұмыстар атқарылды: «Современная сельская семья народов Казахстана», «Культура жизнеобеспечения казахского этноса», «Казахское шежире» және бірқатар кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғалды, жекелеген монографиялық еңбектер шықты, ертеректе зерттелген «Казахи» атты басылым (қысқартылған нұсқасы түрде) жарық көрді. Алайда, 90-жж. академиялық этнография кадрлық-ұйымдастырушылық жағынан бірнеше жылдарға созылған дағдарысқа түсті. Бірақ, бұл жағдайларға қарамастан 1998 ж. Этнология бөлімінің жетекшілігімен алғаш рет республиканың 14 облысы қамтылған Жаппай этномәдени зерттеу жұмыстары іске асырылды. Мұндай ауқымды әрі кешенді зерттеулердің нәтижесінде ауыл мәдениеті, тарихы жайында бөлім қызметкерлерімен дайындалған «Қазақтың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері: өткендегісі және бүгіні» атты көлемді ғылыми мақалалар жинағы шықты (Алматы, 2001). 1990 жж. соңы – 2000-ші жж. Тарих және этнология институтының Этнология бөлімінде бірте-бірте жаңа кадрларды дайындау жұмыстары жандана бастады. Мәселен, осы жылдары бөлімде 40-қа жуық кандидаттық және докторлық диссертациялар сыннан өтіп, қорғалды; далалық зерттеулер қайта кеңейе түсті.

Бұл кезеңде Бөлімде бірнеше маңызды тақырыптарда зерттеленді: «Народное искусство казахов: генезис, синкретизм, многообразие (этнологическое исследование)», «Искусство кочевников – как историко-культурный феномен», «Этническая антропология казахов Алтая». Бұл зерттеулердің нәтижесінде көлемді еңбектер жарияланды: С.Е. Әжіғалидің іргелі монографиясы «Архитектура кочевников – феномен истории и культуры Евразии» (Алматы, 2002), С.Е. Әжіғалидің жалпы редакциясымен «История и культура Арало-Каспия» ғылыми мақалалар жинағы  (Мәдениет және өнертану институтымен бірге, Алматы, 2001), О. Смағұлов, К. Бекетайқызы және А. Оразаққызының ұжымдық монографиясы «Алтай қазақтары» (Алматы, 2003).

1999 – 2019 ж. басына дейін Этнология және антропология бөлімін т.ғ.д., этнолог және этноархеолог Ажигали С.Е. басқарды (қазіргі күнде этнологтардың жұмысына жалпы ғылыми жетекшілік жасаудды жалғастыруда). 2000 жж. Этнология бөлімінің құрамы біраз жаңарды: бірқатар жас мамандар аспирантура және докторантураға қабылданды, олардың көпшілігі диссертацияларын сәтті қорғап шықты. Далалық этнографиялық (және этноархеологиялық) зерттеу жұмыстарының тәжірибесі қайта жаңғырды; 2001 ж. бастап С. Әжіғалидің жетекшілігімен екі үлкен аймақта жүйелі түрде кешенді экспедиция ұйымдастырылды: Арал-Каспий және Орталық Азия (Моңғолия, Қытай) региондар. Сондай-ақ, басқа да өңірлерде жекелеген зерттеулер жүрді: 2007 ж. Сарыарқа этнографиялық экспедициясы. Мұның барлығы Бөлімнің соңғы кезеңдегі маңызды жетістіктері деп есептеуге болады. Әсіресе, далалық зерттеу жұмыстары Моңғолия кешенді этнографиялық-этноархеологиялық экспедициясына (МонгКЭ) басымдық берілді, онда көп жылдар бойы (2001–2008, 2010, 2013, 2018) қазақ диаспорасының қазіргі жағдайы, тарихы мен мәдениеті, ескерткіштері жан-жақты қамтылып, зерттеулер жүргізілді. Моңғолия қазақтарының ортасында сақталған дәстүрлі этникалық мәдениет, өзіндік этноәлеуметтік үрдістер, этноархитектура материалдары толық қамтылған жалпылама еңбектер басып шығаруға негіз болып отыр.

Қазақ диаспорасын этномәдени тұрғыда кешенді зерттеу, отандық этнология ғылымының өзекті әрі келешегі бар мақсаты болып табылады. Осыған сәйкес соңғы жылдары Бөлімнің қатысуымен «Қытай қазақтары (тарихи-этнографиялық зерттеу)» және «Қазіргі кезеңдегі қазақ диаспорасының мәдениеті: Қытай және Моңғолиядағы этникалық топтары көрінісінде дәстүрлі негіздер мен болып жатқан жаңарулар» атты тақырыптар бойынша зерттеу жұмыстары жүрді. Орталық Азиядағы қазақ диаспорасын зерттеуде далалық этнографиялық экспедициясының жүйелі түрде күшейтілуі Этнология бөлімінің соңғы жылдардағы ірі жетістіктері деп атауға болады. Мәселен, Моңғолия және Қытай (Шыңжан) этнографиялық-этноархеологиялық экспедициясы (2010–2013, 2018 жж.) ұйымдастырылып, зерттеу жүргізілді. Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде көптеген ғылыми мақалалар шықты және әр-түрлі презентациялар дайындалды (жалпылама ғылыми монография шығару алдағы жылдарға жоспарланған). 2012-2014 жылдарда этнология бөлімі қазақ диаспорасына қатысты Халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар топтамасын және 2014 жылы «Орталық Азияның қазақ диаспорасы: тарих – мәдениет – ескерткіштер» атты ауқымды форумды ұйымдастыру мен өткізуге (Дүниежүзі қазақтары Қауымдастығымен бірлікте; материалдарды жарялауда) белсенді қатысушылардан болды. Соңғы аталған конференция және 2012 жылы өткен «Қазақстан және шетел қазақтары»  конференциясы шеңберінде «Моңғолия қазақтары» атты екі симпозиум өткізілді. Сонымен қатар, бөлім қызыметкерлері 2012 жылы Қытайда өткен «Степной Шелковый путь и перспективы международного экономического сотрудничества в Транс-Алтайском регионе» атты Халықаралық конференцияға қатысты. Осылайша, қазақ диаспорасын жан-жақты зерттеу Этнология және антропология бөлімінің маңызды стратегиялық мақсаты болып қала береді.

Этнология бөлімінің кешенді ірі зерттеулері Арал-Каспий аймағы болып табылады. Оның бай тарихи-мәдени мұрасын 1990 жж. бері Батыс Қазақстан кешенді этноархеологиялық экспедициясы (БҚКЭАЭ) зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Экспедиция құрамында этноархеологтар, этнографтар, архитекторлар, арабисттер және табиғат-ғылымы мамандарының қатысуымен – Ақтөбе, Атырау, Маңқыстау және Батыс Қазақстан облыстарында шоғырланған архитектуралық ескерткіштерін, тарихы мен мәдениетін және этномәдени бағыттарында жан-жақты ізденіс жұмыстарын жүргізді. Осының нәтижесінде шалғай аудандардағы ескерткіштер зерттелді (Доңызтау, Нарынқұм, Солтүстік Арал маңы және басқада көптеген), аса ірі кешендер зерделенді (Қарашұңғыл, Қайнар, Сұлтан-ақын, Сисем-ата және т.б.), далалық аймақтардағы мемориалды-культтік ескерткіштерді зерттеудің этноархеологиялық (этноархитектуралық) методикасы қалыптасты. Керемет нәтижеге Хан моласы қорымын кешенді зерттеу барысында қол жеткізілді, яғни Әбілқайыр ханның жерленген орны анықталып, оның бет келбеті қалпына келтірілді. Бұл зерттеу жұмыстарына әртүрлі саладағы мамандар тартылды, оның ішінде топырақтанушылар, геофизиктер, антропологтар және генетиктер болды.

Осылайша академиялық Этнология бөлімінде жаңа этноархеологиялық бағыт дамып келеді. Бұл бұрынғы палеоэтнографиямен тығыз байланысты. Этнологтар Қазақстанда этнография, археология және этноархитектураны байланыстыра отырып маңызды ғылыми пәннің қалыптасуына мол үлес қосты. Мемориалды-культтік, елдімекендік (қыстау т. б.), эпиграфикалық және басқа да ескерткіштерді, мәдениеттің ажырамас бөлігі ретінде зерттеу, бөлім мамандарының алдында кешенді этнографиялық-этноархеологиялық ізденістер жүргізудің маңызды міндеті болып табылады. Қазақ этноархеологтары мен ТМД-ғы әріптестердің бастамасымен «Археологиялық және этнографиялық зерттеулердің интеграциясы» (Алматы, 2004) атты XII Халықаралық семинар өткізді. Қазіргі кезде «қазақ (этнографиялық) ескерткіштануы» өзекті ғылыми-тәжірибелік бағыты мақсатты түрде қалыптасуда. Бұл бағыт бойынша екі Симпозиум (Ақтөбе, 2011; Атырау, 2012) өтті. Сонымен қатар 2015 ж. «Қазақ хандығының 550 жылдығына» орай Ақтөбе қаласында ұйымдастырылған Халықаралық конференция аясында «Ақтөбе облысының аса көрнекті архитектуралық ескерткіштері» атты фотокөрмесі өтті. Бұл көрмеде С. Әжіғалидің авторлығымен 140-қа жуық қазаққа тән көрнекті архитектуралық ескерткіштердің суреттері тамашаланды. Аталған конференция соңында Хан моласында Әбілқайыр хан кешенінің ашылуы Этнология бөлімінің этноархеология (ескерткіштану) бағытындағы зерттеу жұмыстарының ең тамаша жаңалықтарының бағалануы болды.

Бөлім қызметкерлерінің күшімен «Қазақ ескерткіштану» мәселелері бойынша мақсатты түрде басқа аймақтарда да зерттеулер жүргізіліп келеді. 2005 жылдан бастап Өзбекстан қазақтарының ежелгі ата-мекендерінде Ташкент қаласындағы Төле би жерленген орта ғасырлық көне мазардың кімге арнап салынғаны жөнінде, сондай-ақ Бұқара облысы Нұрата қаласындағы Сейтқұл әулие мемориалдық кешеніне байланысты тыңғылықты зерттемелер жүргізілді. Бұл ізденістер ғылыми көпшілік тарапынан оң бағасын алды.

Бұл жұмыстың соңғы кезде ауқымы кеңейіп, Өзбекстан қазақтарының тарихи және киелі жерлері кешенді түрде зерттеле бастады. Қазақ тарихы мен мәдениетіне байланысты 50-ден аса нысандар ашылды.

Қазіргі таңда Бөлім қызметкерлерінің қатысуымен «қазақ ескерткіштану» бағытында «Қазақ (этнографиялық) ескерткіштануы: теориялық, ғылыми-әдістемелік және қолданбалы мәселелері» (жетекші т.ғ.д. С.Е. Әжіғали) және «Өзбекстандағы қазақтардың киелі жерлері (Жалаңтөс батыр, Төле, Айтеке билердің қабірлері т. б.) пайда болуы, зерттелу тарихы, қазіргі кездегі жағдайы» (жетекші т.ғ.д. А.У.Тоқтабай) атты тақырыптар бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді.

Соңғы жылдары академиялық этнографтардың баспа қызметі белсенділік танытып келеді. Оның дәлелі – көптеген ірі еңбектер жарыққа шықты: жоғарыда айтылған көрнекті мақалалар жинақтары: «Обычаи и обряды казахов», «История и культура Арало-Каспия. Вып. 1» (ред.-құраст. С.Е. Әжіғали), жалпылама еңбектер «Алтай қазақтары», «Архитектура кочевников – феномен истории и культуры Евразии»; сонымен қатар монографиялар: Ш.Ж. Тохтабаеваның «Серебряный путь казахских мастеров» (Алматы, 2005), Р.А. Бекназаровтың «Қазақтың дәстүрлі тас қашау өнері» (Алматы, 2005), О. Смағұлов, К. Сихымбаева, А. Смағұлованың «Этническая дерматоглифика казахов» (Алматы, 2007), А.У. Тоқтабайдың «Түркі халықтарының этномәдениеті» (Алматы, 2006), «Қазақ жылқысының тарихы» (Алматы, 2010) және «Қазақ тазысы» (Алматы, 2013), С.Е. Әжіғалидің «Маңқыстау мен Үстірт ескерткіштері» (Алматы, 2014), «Ақтөбе облысының аса көрнекті архитектуралық ескерткіштері: фотокөрме. Ғылыми-ақпараттық басылым» (Алматы, 2015), Г.М. Төлеубаеваның «Қазақтар мен Орталық Азия халықтарының отбасылық салт-дәстүрлер» (Алматы, 2012) және т. б. Қазақ этнологтарының қатысуымен «Қазақтың киіз үйі» (Атырау–Лондон, 2005. Ғыл. ред. С. Әжіғали) атты үлкен кітап-альбомы жарияланды, бұл кітап ғалымдар мен қоғамнан жоғары баға алды. «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасы негізінде Этнология бөлімінде дәстүрлі қазақ мәдениетіне арналған 2 томдық «Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» (Алматы, 2005, 2006) жарыққа шықты.

Сонымен қатар Этнология бөлімінде соңғы кездері өткізілген конференциялардың жинақтары жарияланды: «Еуразия тарихы мен мәдениеті аясындағы Арал-Каспий аймағы. I және II Халықаралық конференцияның материалдары» (Алматы–Актобе, 2006, 2011), «Қазақ ескерткіштану мәселелерінің 1 және 2 Симпозиум материалдары» (Алматы–Атырау, 2012), «Орталық Азияның қазақ диаспорасы: тарих – мәдениет – ескерткіштер» атты Халықаралық ғылыми конференцияның материалдары (Алматы, 2014). Қазіргі таңда Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының дайындауымен «Қазақстанның тарихи энциклопедиясының» үш томдығына этнографиялық мәселеде Бөлім қызметкерлері мақалалар жазып жатыр. Жалпы академиялық этнография/этнология бөлімінің қалыптасқанынан бері 100 ден астам аса іргелі монографиялар мен ұжымдық еңбектер жарыққа шықты.

ҚР БҒМ ҒК ТЭИ Этнология және антропология бөлімі үлкен ғылыми-ұйымдастырушылық, методикалық жұмыстар атқарып келеді. Бөлім негізінде «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасы Қоғамдық кеңесінде көп жылдар бойы «Этнография және антропология» секциясы жұмыс істеді. Этнология бөлімінің бастамасымен және Ақтөбе облысы әкімшілігінің қолдауымен екі ірі Халықаралық конференция өткізілді «Еуразия тарихы мен мәдениеті аясындағы Арал-Каспий аймағы» (Актобе, 2006, 2011), онда 150-ге жуық шетелдік және қазақстандық ғалымдар қатысты. 2009 жылы Орынборда Ресей этнографтары мен антропологтарының VIII Конгресінде «Этнографическое памятниковедение» атты секция/симпозиум ұйымдастырылды. ҚР Мемлекеттік Орталық музеймен бірлесіп Халықаралық «Арғынбаев оқуларының» конференциясын өткізіп келеді (2009, 2014, 2018). 2011 ж. және 2012 ж. бөлімнің бастамасымен «Қазақ ескерткіштануы» мәселесіне арналған екі Симпозиум өтті (Ақтөбе, Атырау) және 2012–2014 жж. қазақ диаспорасының тарихы мен мәдениетіне арңалған үш ірі Халықаралық ғылыми конференциялар және олардың аясында екі «Моңғолия қазақтары» симпозиумдар ұйымдастырылды (қара: жоғарыда). Этнология және қосымша, шектес ғылымдар саласында ғалымдарының интеграциясы академиялық Этнология және антропология бөлімінің негізгі міндеті болып табылады. Сонымен қатар этнологтар және этноархеологтарды дайындау мәселесі, кеңес беру қызметі белсенді жолға қойылған.

Осылайша, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Этнология және антропология бөлімі аз құрамдық қызметкерлерімен (барлығы 14 қызметкер) бұрынғыша республика бойынша этнология-этнографиялық саласында жетекшілік етеді: өзекті зерттеу бағыттарын ұйымдастыру; кешенді, іргелі жобаларды іске асыру; жаңа келешегі бар ғылым салаларын дамыту; кешенді далалық экспедицияларды ұйымдастыру және жүргізу; ұжымдық және монографиялық еңбектер жариялау; кадрлар дайындау. Қазіргі кезде бөлім қызметкерлерінің алдына қойған мақсаты, негізгі стратегиялық бағыт бойынша қалыптасып отыр: қазақтың тарихи этнографияның кейбір зерттелмеген салалары, диаспора тарихы мен мәдениеті, этноархеологиялық, этносоциология және антропологиялық бағыттарды алдағы уақытта дамыту, «ХХ ғ. 2-жартысындағы қазақ этнографиялық мектебінің» мұрасын игеру және оның жетістіктерін жариялау.

Қазіргі кезде Этнология және антропология бөлімінде 14 қызметкер жұмыс істейді:

* Орынбаева Гүлмира Үсенбайқызы – бөлім меңгерушісінің м. а., жетекші ғылыми қызметкер, тарих ғылымдарының кандидаты;

* Әжіғали Серік Ескендірұлы – бас ғылыми қызметкер, «Этнология және антропология» бөлімінің «құрметті меңгерушісі», тарих ғылымдарының докторы, профессор, Шығыс елдерінің Халықаралық архитектура академиясының корреспондент-мүшесі. Этнография, қазақтың халықтық сәулет өнері; Еуразия даласындағы тарихы, мәдениеті, ескерткіштері бойынша маман. Тарихи номадизмнің, диаспорология және шығыстанудың басқа да мәселелерімен мақсатты түрде айналысады. «Архитектура кочевников – феномен истории и культуры Евразии (памятники Арало-Каспийского региона)» (2002) және «Маңқыстау мен Үстірт ескерткіштері» (2014) атты іргелі еңбектердің авторы;

* Тоқтабай Ахмет Уалханұлы – бас ғылыми қызметкер, тарих ғылымдарының докторы, доцент. Этнограф. Қазақтың тарихи этнографиясы мен ауызша тарихы бойынша маман; қазақтың жылқы шаруашылығы және дәстүрлі шаруашылықтың көптеген мәселелерін зерттеумен айналысады. Түркі халықтарының этнографиясымен этномәдениеті туралы зерттеулер мен оқулықтар жазған. «Қазақ жылқысының тарихы» (2010), «Түркі халықтарының жылқы мәдениеті» атты көпшілікке танымал ғылыми еңбектердің авторы;

* Бекназаров Рахым Ағыбайұлы – бас ғылыми қызметкер, тарих ғылымдарының докторы, доцент. Этнолог, этноархеолог. Батыс Қазақстанның тарихы мен мәдениеті ескерткіштері, дәстүрлі этнографиясы, тасқашау өнерін зерттеуші маман. «Қазақтың дәстүрлі тас қашау өнері» монграфиясының авторы(2005);

* Тұрғанбаева Ләйлә Рымбекқызы – бас ғылыми қызметкер, архитектура докторы, профессор. Архитектор, мәдениеттанушы. Қазақ архитектурасы, материалдық мәдениеті мен дизайні, халқы-құрылыс өнері; этнографияның пәнаралық мәселелерінің маманы. «Заттар дүниесінің сыры» атты жалпылама ғылыми-көпшілік еңбектің авторы (2011);

* Абдулина Ақсұнқар Тұрсынқызы – жетекші ғылыми қызметкер, тарих ғылымдарының кандидаты. Этносоциолог. «Очерки по истории организации архивного дела в Казахстане (1918 – 1945)» (Р.Х. Сариевамен авторлық бірлікте, 2006) атты монографияның авторы;

*Смағұлов Болат Құдайбергенұлы – аға ғылыми қызметкер, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент. Этнолог, мәдениеттанушы; Мәдени туризмді ұйымдастырушы маман;

* Құрманалина Нұргүл Нұрсұлтанқызы – аға ғылыми қызметкер, PhD. Тарихшы. Қазақтың киелі жерлерін зерттеу жұмыстарымен айналысады;

* Омарова Арай Қалиханқызы – ғылыми қызметкер. Арабист-ескерткіштанушы, Қазақтың мемориалдық-ғұрыптық эпиграфикасы маманы;

* Әшім Бағлан Әбдірахманұлы – ғылыми қызметкер, докторант (тақырыбы. «Моңғолия қазақтарының мешіттері». Этнограф-ескерткіштанушы. Қазақтың дәстүрлі мешіттерінің мәселелерімен және дәстүрлі шөпшабу кәсібінің тарихымен шұғылданушы;

* Қарамендина Мағжан Өміртайқызы – ғылыми қызметкер. Педагогика ғылымдарының магистрі. Қазақтың таңбалары мен ұрандарын зерттеуші;

* Боздақова Шара Әбікенқызы – кіші ғылыми қызметкер. Тарихшы-музейтанушы. Өзбекстан қазақтары бойынша зерттеу жұмыстарымен айналысады;

* Бекенова Фариза Мұратханқызы – кіші ғылыми қызметкер, Абай ат-ғы ҚазҰПУ докторанты;

* Зікірбаева Венера Серікқызы – инженер-суретші, дизайнер; магистрант.