Ежелгі және орта ғасыр Қазақстан мен шекаралас елдер тарихы бөлімі

Бөлім 1952 жылы құрылды. Бөлім қызметкерлерінің негізгі ғылыми жұмысының бағыты Ежелгі және орта ғасырдағы қазақ халқының тарихы және Қазақстан аумағындағы мемлекеттік бірлестіктерді зерттеу болды. 1950-ші жылдары бөлім қызметкерлері екі томдық «Қазақ КСР-і тарихының» бірінші томын дайындау мен баспадан шығаруға қатысты. Кейіннен бөлім (1973 ж. дейін) «Революцияға дейінгі Қазақстан тарихы» бөлімімен біріктірілді.

1973 жылдың қараша айында Ежелгі және ортағасырлар тарихы бөлімі қайта құрылды және арнайы шығыстанулық білімі бар қызметкерлермен жасақталды. Б.Е. Көмеков бөлім меңгерушіcі болып тағайындалды. Бөлімнің негізін А. Сабырханов, Ю.А. Зуев, К.А. Пищулина, Н.Н. Мингулов, Т.И. Сұлтанов, К.Ш. Хафизовалар құрады. 70-жылдары бөлім қызметкерлері 5 томдық «Қазақ КСР-і тарихының» І-ІІ томдарын дайындау мен баспадан шығаруды жүзеге асырды, еңбектерде ежелгі және ортағасырлық Қазақстан тарихын зерттеудің негізгі нәтижелері көрініс тапты. Алдыңғы басылымдарымен салыстырғанда бұл еңбектің өзгешелігі – деректік негізінің мол болғандығы.

Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін бөлімде орта ғасырлардағы қазақ мемлекеттілігінің тарихы мәселелерін зерттеуге ерекше назар аударылды. Тақырыпты одан ары дамытуы жаңа 5 томдық «Қазақстан тарихының» І-ІІ томын дайындау мен баспадан шығарумен сәйкес келді.

Әр жылдары бөлімде Б.Е. Көмеков, К.А. Пищулина, З.Қинаятұлы, Н.Ә. Атығаев, Ә.Қ. Шашаев, Қ.З. Өскенбай меңгерушілік етті. Қазіргі кезде бөлімді Бас ғылыми қызметкер, т.ғ.д. К.Ө. Торланбаева басқарады. Бөлімде қызмет ететіндер: т.ғ.д., Бас ғылыми қызметкер З.Қинаятұлы, т.ғ.д., Бас ғылыми қызметкер Ж.М. Тулибаева, т.ғ.қ. Жетекші ғылыми қызметкер Н.Ә. Атығаев, т.ғ.к., Жетекші ғылыми қызметкер Қ.З. Өскенбай, т.ғ.к., Жетекші ғылыми қызметкер Ә. Дәулетхан, т.ғ.к., Аға ғылыми қызметкер А.П. Ермұхамедова, ғылыми қызметкер Ө. Қанай, PhD докторант Қ. Мурзаходжаев, аға лаборант А.К. Нұрманова.

Соңғы бес жылда бөлім қызметкерлері баспаға – 9 монография, 90 ғылыми мақала жариялады, 63 әртүрлі ғылыми-теориялық және ғылыми-практикалық конференцияларға, симпозиумдарға, ғылыми семинарларға және дөңгелек үстелдерге қатысты. Бөлім қызметкерлерінің ғылыми жарияланымдарының ішінде импакт-факторы бар ғылыми журналдарда жарыққа шыққан төрт мақаласы бар.

Қазіргі кезде бөлім қызметкерлері 10 томдық «Қазақстан тарихының» «Қазақстан моңғол ұлыстары дәуірінде» және «Қазақ хандығы» деп аталатын екі кітабын дайындау бойынша жұмыс жасауда. 2016 жылы бөлімде: «Халық және мемлекет Қазақстанның кейінгі ортағасырлар тарихында: Алтын Орда, Ақ Орда, Қазақ хандығы. Деректанулық-тарихнамалық зерттеу» жобасы нәтижелі аяқталған. Ғылыми жетекшісі Қ.З. Өскенбай. Ал 2017 жылы да «Ежелгі және ортағасырлардағы Қазақстан мен іргелес аймақтар тарихындағы саяси билік институты» атты гранттық қаржыландырылатын жоба аяқталуда. Ғылыми жетекшісі К.Ө. Торланбаева. Жобаны жүзеге асыру барысында «Ежелгі, ортағасырлық және жаңа замандағы Қазақстан тарихындағы билік институтының эволюциясы» атымен (2016 ж.) ғылыми мақалалар жинағы шығарылды.