Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

ҰЛЫ ДАЛА МҰРАСЫ – МАЖАР ЕЛІНДЕ


«Ұлы даланың тарихы және мәдениеті бойынша шетелдік архивтер мен қорлардағы археографиялық жұмыстар (анықтау, сараптау, цифрлау)» жобасы бойынша Институттың тарихнама, деректану және заманауи методология бөлімінің меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы Гүлбану Жүгенбаева мен тарих ғылымдарының кандидаты Хинаят Бабақұмар Венгрия Республикасына Будапешт қаласына  үстіміздегі жылдың 10-29 қарашасында іссапарға барып қайтты.

Венгрия Республикасының ғылыми мекемелеріне (музей, архив, жоғары оқу орындары, кітапхана) жүргізілген археографиялық экспедицияның басты мақсаты – «Мажарстан археографиялық деректемелеріндегі қазақ-венгр тарихи-мәдени байланыстарының мәліметтері (орта ғасырлардан ХХ ғасырдың ортасына дейін)» тақырыбындағы археографиялық материалдар жинастыру, олармен келісімшарттар, меморандумдар жасау. Алдын-ала хат алмасу және еліміздің Венгрия республикасындағы елшілігі (елші Ж.Ж.Әбдірашов) тарапынан қолдау нәтижесінде іссапар оң нәтижесін бере алды.Жұмыс мына бағытта жүргізілді:

1. Будапештегі Венгрия ұлттық архивінде жұмыс жасалынды. Ұлы Даланың тарихына қатысты деректер бұл архивте Франция, Ресей, Германия, Англия және Австро-Венгрия мемлекеттерінде әзірленген карталар болып табылады. Антикалық кезеңнен ХІХ ғғ. дейінгі кезеңді қамтитын саяси, географиялық, топографиялық, этнографиялық 40-жуық карталармен жұмыс жасалынды. Орталық Азия негізінен, Ресей және Тартария деп көрсетілетін карталардың бедерінде Ұлы даланың әр кезеңдегі шекарасы, топонимикасы мен ономастикасы, әсіресе Каспий маңы оның айналасы, еліміздің батыс өңірі, қазақ жүздерінің әр кезеңдегі территориясы қамтылып, түрлі шекаралық өзгерістер туралы мәліметтерімен маңыздылығы арта түсті. 17 карта цифрлау тәсілімен әкелінді.

Ұлттық архивтен сондай-ақ IV Бела мадияр королі тұсында моңғол шапқыншылығынан қашып Мажарстанға қоныстанған құман-қыпшақтарға қатысты 1241 жылы жазылған бірнеше хаты осы әдіспен алынғанын айтайық.

2. Келесі маңызды деректер Венгрия Ұлттық этнографиялық музейінен табылды. Мажар Этнография музейі қорынан қазақ этнографиясына қатысты заттық айғақтардан басқа, 450 мыңнан астам бірліктен тұратын фотодеректер арасынан біршама құнды деректер анықталды. Олардың арасында 1900 және 1906 жж. қазақ жерінің оңтүстігі мен Жетісу өңірінің   этнографиясына қатысты түпнұсқа материалдар (фото және сызба) бар. Атақты этнограф,   1922 жж. Қиыр Шығыстан айналып Мажарстанға эмиграцияға келген  тегі қазақ Таған Ғалымжанның өмірі мен мұрасына қатысты деректерге қол жеткізілді.

Этнография музейі қорынан қазақ этнографиясына және Ұлы дала мен Мажарстанның тарихи-мәдени байланысына қатысты қолжазба деректер де табылды.   Олардың арасынан Херман Отто (1910-12), Лоци Лайош (1947), Яцко Янош (1952) cынды ғалымдардың дәстүрлі қазақ мәдениетіне қатысты қолжазбаларын атауға болады.

3. Сечени атындағы Ұлттық мемлекеттік кітапхананың сирек кездесетін және қолжазбалар бөлімінде ортағасырлық жазба деректермен жұмыс жүргізілді. Олардың арасында Мажар корольдер сарайының қызметшілері болған көне хроникаларды хатқа түсірген (көбіне латын тілінде) авторлардың еңбектерінің түпнұсқаларының көшірмелері маңызға ие. IX ғасырда мадиярлардың Карпат қойнауына қоныстанған кезеңінің тарихына арналған хроникашы Кезай Шимонның қолжазбасының көшірмесі,  Анонимустың  қолжазбасы, Barthossy Joannes хатқа түсірген хроникасы, 1523 ж. карта сынды біршама құнды, әрі көлемді  құжаттар бар.

Қорыта айтқанда, Венгрияның ғылымы мен мәдениетіндегі Ұлы Дала тарихына қатысты деректер мен мәліметтер сан алуан және әр түрлі сипатқа ие. Бұл деректерді қолжазбалар, карталар, фотосуреттер және латын тілді жазба деректер (1948 ж. кейін) деп сипаттауға болады. Олардың антикалық кезең, ортағасырлар және жаңа заманға қатысты Ұлы дала тарихын толықтыруға деректемелік әлеуеті жоғары екендігі шүбасыз. Айта кетерлігі, Венгрия тарихнаманың дамуы жоғары деңгейде және толықтай венгр тілінде. Қазақстан тарихында әлі де кемшін  Авар қағанаты туралы мол еңбектер мен тарихи деректердің шоғырлануын да қаперге алған жөн.

1000 бет көлемінде материалдар (карталар, фотосуреттер, латын тіліндегі кітаптар)жинақталды.