Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Көрнекті ғалым-этнограф М.С. Мұқановтың 90-жылдығына арналған «Қазақ этнографиялық мектебі» 1-Халықаралық конференциясы өтті


2019 ж. 12 желтоқсанда Институтта М.С. Мұқановтың 90-жылдығына арналған «Қазақ этнографиялық мектебі» 1-Халықаралық конференциясы өтті. Қазақстанның этнография ғылымының тарихына және отандық этнологияның өзекті мәселелеріне арналған халықаралық конференциялар топтамасында ХХ ғасырдың 2-жартысында қалыптасқан «қазақ этнографиялық мектебіне», Қазақстанның ғылыми этнографиялық ғылымын дамытудағы жетекші ғалымдардың рөліне басты назар аударылған. Ұйымдастырылған 1-ші ғылыми конференция институттың академиялық этнография/этнология бөлімінде көп жылдар еңбек еткен қазақтың көрнекті ғалым-этнографы, тарих ғылымдарының докторы М.С. Мұқановтың өмірі мен қызметіне арналған. Конфернцияның негізгі мақсаты Қазақстан мен шекаралас мемлекеттердің этнография ғылымының негізгі тарихи мәселелерін, қазіргі кезеңдегі дамуын, атақты этнолог-ғалымдардың өмірі мен қызметін талқылау болып табылды. Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының мамандарымен бірге, конференцияға Ресей, Гүржістан, Қырғызстан, Моңғолия, Украина ҒЗИ, жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты. Іс-шараның модераторы ретінде Институттың этнология және антропология бөлімінің бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д., профессор С.Е. Әжіғали болды.

Конференцияның пленарлық және секциялық отырыстарында қатысушылар келесі бағыттар бойынша бірқатар мәселелерді талқылады: ХХ ғасырдың 2-жартысындағы қазақ этнографиялық мектебі: даму кезеңдері, бағыттары, жетістіктері, ғылыми нәтижелерді жариялау мәселесі; «Қазақ этнографиялық мектебін» жасаушылар: ұжым және тұлға; Марат Сабитұлы Мұқанов: өмірі мен қызметі, шығармашылық мұрасы және оның ғылыми-мәдени маңызы; Қазақстандағы этносоциология мен этнодемографияның теориясы мен практикасы;· Қазақстан этноархеологиясының өзекті мәселелері, этнографиялық ескерткіштану.