Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

«Қыпшақтану – Еуразиялық масштабтағы тұжырымдамалық ғылыми бағыт» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті


БҒМ ҒК Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты ҚР Ұлттық Ғылым Академиясымен және әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті жанындағы Халықаралық қыпшақтану институтымен бірігіп, 2020 ж. 27 қазан күні ҚР ҰҒА академигі, т.ғ.д., профессор, көрнекті қыпшақтанушы және арабтанушы ғалым Б.Е.Көмековтің 80 жылдық мерейтойына арналған«Қыпшақтану – Еуразиялық масштабтағы тұжырымдамалық ғылыми бағыт» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өткізді.

Халықаралық ғылыми конференция мақсаты:

– ғылыми зерттеулер саласында тәжірибе алмасу және қыпшақтану бағытында орын алған жаңа жетістіктер нәтижелерімен бөлісу;

  – ортағасырлық жазба ескерткіштерін, оның ішінде қыпшақ мәдени мұраларын зерттеу;

  – ғылыми зерттеулерді байланыстыру және бірлескен жобаларды әзірлеу;

  – аз зерттелген мәселелер мен қыпшақтануды дамыту перспективаларын анықтау;

– көрнекті қазақ ғалымы, ҚРҰҒА академигі, т.ғ.д., профессор Б.Е.Көмековтың қыпшақтану ғылымының дамуына қосқан ғылыми үлесін көрсету.

Қыпшақтану – Еуразиялық ауқымдағы концептуалды ғылыми бағыт, ол негізінен ортағасырлық туыс этностар: қыпшақ, қимақ және құман тарихы мен мәдениеті бойынша тарихнамалық, лингвистикалық және деректанулық зерттеулерге негізделеді. Қыпшақ тайпаларының ерекше рухани және материалдық мұрасы көптеген сала зерттеушілерінің қызығушылығын тудыруда.

Академик Көмеков Болат Ешмұхамбетұлы – көрнекті ғалым, тарихшы-шығыстанушы, Қазақстанның, Орталық Азияның және Еуразия Ұлы даласының ортағасырлық тарихы, дала өркениеті, тарихи география, картография және IX–XVII ғғ. араб, парсы және түркі жазба ескерткіштері туралы деректану саласының маманы.

Ғалымның ғылыми жетістіктері арасынан әлемге танылған ортағасырлық қуатты Кимек қағанаты мемлекетін ашуын атап көрсетуге болады. Академик Б.Е.Көмеков Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-і жанында халықаралық қыпшақтану институтын ашқан. Атаулы ғылыми институт, бүгінде дүние жүзі бойынша өз бағытында белсенді қызметімен белгілі жалғыз Қыпшақтану орталығы болып отыр.

Б.Е. Көмеков 700 шақты жарияланған ғылыми еңбектер, оның ішінде 50 кітаптың, монографиялар мен оқулықтардың авторы. Жоғары білікті кадрларды, 20 шамалы ғылым докторы мен кандидатын дайындап, Қазақстанда қыпшақтану және арабтану ғылыми мектебінің негізін салды.

Халықаралық конференция жұмысына әлемнің әр елінен ғалымдар мен зерттеушілер қатысып, мерейтой иесін шын жүректен құттықтап, жылы лебіз білдірді. АҚШ, Қытай, Ресей, Түркия, Болгария, Венгрия, Әзірбайжан және Қырғызстан елдерінің ғалымдары мен шығыстанушы-тарихшылары Б.Е. Көмековтың орта ғасырлар тарихына қосқан үлесі туралы және қыпшақтану саласы туралы өз тұжырымдарын ортаға салды.