Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

«Ұлы дала тарихы және тұлға» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн-конференция


БҒМ ҒК Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «Рухани жаңғыру» институтымен және Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығымен бірлесіп, 2020 жылғы 23 желтоқсанда белгілі саясаткер, тарихшы-ғалым, т.ғ.д., профессор, қоғам қайраткері Зардыхан Қинаятұлының (1940-2016) 80 жыл туғанына орай «Ұлы дала тарихы және тұлға» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн-конференция өткізді.

Конференцияның мақсаты – тарих ғылымының бүгінгі жағдайы мен оның даму бағыттарын талқыға салу, Зардыхан Қинаятұлының ғылыми мұрасын зерделеп, оған баға беру және насихаттау.

З. Қинаятұлы 1940 жылы Моңғолияның Қобда аймағы Қобда сұмынында өмірге келген. Моңғолия мемлекеттік университеті мен Мәскеу қоғамдық ғылымдар академиясын бітірген. Оның бүкіл саналы ғұмырын екі кезеңге бөлуге болады. Бірі – кеңестік кезеңдегі Моңғолия дәуірі, екіншісі – тәуелсіздік тұсындағы Қазақстан дәуірі. Екеуінде де ол алдына қойған барлық мақсат-міндеттерді абыроймен орындап шықты.

1975-1987 жылдары аралығында Моңғолия Кәсіподағы Орталық комитетінің хатшысы қызметінде болды. 1990-1992 жылдары Моңғолия Үкіметінің Вице-Премьері орынбасары Астана және Моңғолия Парламенті Төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған. Коммунистік жүйеден кейінгі Моңғолияның жаңа Конституциясын және сол елде жүргізілген саяси-экономикалық реформалардың құқықтық негізін жасаушылардың бірі. Сол дәуірдің болмыс-бітімін З. Қинаятұлы былай дәйектейді: «1980-1990 жылдардағы Моңғолия қоғамы үшін демократиялық жаңа өзгерістер қажеттігін теория тұрғысынан алғашқы болып жария ету бақыты маған бұйырыпты. Мұны бүгін Моңғолияда ешкім жоққа шығара алмайды».

Зардыхан Қинаятұлы 1994 жылы Қазақстанға қоныс аударған. Қазақстанға келген соң ол саяси өмірге араласуды саябырсытып, тарих ғылымына біржолата ден қойды. Ол өмірінің соңына дейін Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында ғылыми қызметте болды. Ғалым «Жылаған жылдар шежіресі», «Моңғолиядағы қазақтар», «Моңғол үстіртін мекен еткен соңғы түрік тайпалары», «Көшпенділік ғұмыр», «Жошы ұлысы», «Шыңғысхан және қазақ мемлекеті» және т.б көптеген тарихи кітаптар жазып, ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосты.

Конференция жұмысына отандық және шетелдік ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылар құрамы, орта мектептерінің мұғалімдері, докторанттар, магистранттар, БАҚ өкілдері қатысты. Конференция барысында Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері Арепова А.Д.  Зардыхан Қинаятұлы атындағы стипендияға ие болды.

Қазақстанның әр аймағынан, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларындағы ғалымдар заманауи ғылыми және рухани сұраныс тұрғысынан ойшылдың тарихи мұрасының өзекті мәселелерін қызығушылықпен және жан-жақты талқылады. Іс-шара барысында академиктің қазақ философиясының іргетасын қалаудағы үлесі мен көптеген ойларының болашағы жөнінде пікірлер ортаға салынды. Ғылыми-практикалық конференция жұмысына қатысушылар талқылаудың басты жетістіктері мен нәтижелерімен толық келісіп, Қазақстандық ғылымның, жеке тұлғаның рухани және интеллектуалды дамуына үлес қосқан Зардыхан Қинаятұлының отандық тарихи еңбектерінің маңыздылығын бірауыздан мақұлдады.