Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

«Н. Сәбитовтың ғылыми мұрасы мен қоғамдық-ағартушылық қызметі» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция


Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен ҚР Ұлттық кітапханасы бірлесіп 2020 жылдың 24 желтоқсанында ғалым-шығыстанушы, библиограф, этнолог, филология ғылымдарының кандидаты Нығмет Сәбитовтың 125 жылдық мерейтойына орай «Н. Сәбитовтың ғылыми мұрасы мен қоғамдық-ағартушылық қызметі» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.

Конференцияның мақсатыҚазақстан шығыстануы мен этнологиясының және тарих ғылымдарының қазіргі проблемеларын талқылау және Н. Сәбитовтың шығыстану, библиография, этнография, мәдениет тарихы салаларындағы ғылыми мұраларын зерделеу болмақ. Іс-шара аясында Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында 2020 жылы шыққан Ә.К. Шашаев пен М.М. Бегманованың ғалым жөнінде «Нығмет Сәбитов: шығыстанушы, тарихшы-этнограф, библиограф» кітабының тұсаукесері өтеді. Сонымен қатар, ҚР Ұлттық кітапханасының қызметкерлері дайындаған «Нығмет Сәбитов (1895–1955). Библиографиялық көрсеткіш» (Алматы, 2020) шағын басылымы таныстырылады және виртуалды кітап көрмесін ұсынады. Сондай-ақ Тарих және этнология институтының қызметкерлері Әшім Бағлан мен Күркеев Ержан арнайы Нығмет Сәбитов атындағы стипендияға ие болды.

Н. Сәбитов 1935 ж. КСРО ОАК жанындағы Н.Н. Нариманов атындағы Мәскеудің Шығыстану институтын бітірген. 1924–29 ж. Астраханда шығып тұрған «Кедей тілі» атты қазақ газетінің редакторы; 1935–36 ж. Сталинабад қаласында (қазіргі Душанбе) Тәжік КСР Халық ағарту комиссариатының әдебиет және баспа ісі жұмыстары бойынша бас басқармасында орынбасар және әскери цензор. 1936 ж. Главлит қызметкері ретінде Сталинбадтағы көптеген кітапханалардан троцкийшілдік әдебиеттерді уақытылы алып тастамағандықтан партиядан шығарылып, қудаланған.

1938–42 жж. Қазақ мемлекеттік көпшілік кітапханасында (қазіргі Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы) ғылыми қызметкер болып, аса құнды әрі ғылыми ортада сұранысқа ие бірқатар библиографиялық көрсеткіштерді құрастырады. 1942 ж. мамыр айынан бастап  өмірінің соңына дейін Н. Сәбитов Ғылым академиясында, бастапқыда КСРО ҒА филиалы болған Тіл, әдебиет және тарих  институтында, ал 1945 ж. бастап – ҚазКСР ҒА Тарих, археология және этнография институтының аға ғылыми қызметкері, этнография бөлімінің алғашқы меңгерушісі, директордың ғылым жөніндегі орынбасары қызметін атқарған. Сонымен қатар, 1945–1952 жж. аралығында ҚазКСР министрлігі жанындағы діни істер жөніндегі Кеңестің уәкілетті өкілі болды.

Н. Сәбитов – Кеңестік Қазақстандағы алғашқы кәсіби шығыстанушы, библиограф және алғашқы этнографиялық экспедицияны ұйымдастырушы, тарих және мәдениет бойынша маңызды ғылыми-анықтамалық және әдістемелік жұмыстардың авторы, ғылыми ізденіс жұмыстарын өзіне жүктелген мемлекеттік-әкімшілік қызметтерімен ұштастыра білген.

Қазақстанның әр өңірінен, Алматы және Нұр-сұлтан қалаларынан келген ғалымдар, сондай-ақ Ресей мен Тәжікстаннан келген ғалымдар қазіргі заманғы ғылыми және рухани көзқарас тұрғысынан ойшылдың тарихи мұрасының өзекті мәселелерін қызығушылықпен және ықыласпен талқылады. Іс-шара барысында Шығыстану іргетасын қалауға ғалымның қосқан үлесі және оның көптеген идеяларының перспективалары туралы пікірлер айтылды. Ғылыми-практикалық конференцияға қатысушылар талқылаудың басты жетістіктері мен нәтижелерімен толық келісе отырып, қазақстандық ғылымның дамуына, тұлғаның рухани және зияткерлік дамуына, отандық шығыстану мектебінің қалыптасуына бет бұрды.

Осы тақырыптық блоктарды талқылау нәтижесінде мына қарар қабылданды:

1. Көрнекті шығыстанушы ғалым, библиограф, этнолог, филология ғылымдарының кандидаты Нығмет Сәбитовтың 125 жылдығына арналған “Н. Сәбитовтың ғылыми мұрасы және қоғамдық-ағартушылық қызметі” атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция сәтті өтті деп саналсын.

2. Тілді дамыту және латын графикасына көшу Орталығы, Алматы қаласы әкімдігінің ономастикалық комиссиясы алдында қала көшелерінің біріне Н. Сәбитовтың есімін беру туралы өтініш білдірсін.

3. ҚР Ұлттық кітапханасының басшылығына Н. Сәбитов атындағы кабинет ашу ұсынылсын.

4. Н. Сәбитовтың отбасына жеке қор құру үшін Н. Сәбитовтың жеке тектік құжаттарын ҚР Орталық мемлекеттік мұрағатына беру ұсынылсын.

5. Н. Сәбитовтың отбасына ҚР Орталық ғылыми кітапханасының “Сирек кітаптар мен қолжазбалар” бөліміне жеке кітапханадан сирек кітаптарды беру ұсынылсын.

6. Қазақстанның этнографиялық ғылымының тарихы мен отандық этнологияның өзекті мәселелеріне арналған “Қазақ этнографиялық мектебі” Халықаралық ғылыми конференциялар циклі аясында Н. Сәбитовтің туғанына 130 жыл толуына орай жеке конференция өткізу.

7. Н. Сәбитовтың кандидаттық диссертациясы бойынша “Қазақ тіліндегі араб және парсы сөздері (сөзі қоса тіркелген)” (“Слова арабского и персидского происхождения в казахском языке”) (1944) тақырыбында монография шығаруға дайындалсын.

8. Осы конференцияның материалдарын электронды және баспа форматтарында жариялау.