Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

«Қазақстан тарихы. Энциклопедия» атты үш томдық басылым шықты


2018-2020 жж. аралығында «Қазақстанның тарихи энциклопедиясы» атты бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасы аясында атқарылған жұмыс нәтижесінде «Қазақстан тарихы. Энциклопедия» 3-томдық басылым әзірленді (әр томның көлемі 800 беттен астам). Үш томнан тұратын энциклопедиялық басылымның әр томына екі мыңдай мақала енгізілген: 1 том («А-Ж»), 2 том («Ж-М»), 3 том («М-Я»). Мақала жазуда тарих ғылымының бүгінгі таңдағы жетістіктерін ескеру басты назарда ұсталынды. Энциклопедияға енген барлық мақалалар қолданыстағы әліпби тәртібімен берілген. Энциклопедияда еліміздің тарихында өзіндік із қалдырған тұлғалардың ғұмырнамасы жазылған мақалаларға басымдық берілді. Зор табысқа қол жеткізіп, елге еңбегі сіңген қайраткерлер – мемлекеттік, қоғамдық, саяси, әскери, діни тұлғалар, ұлт-азаттық көтеріліс басшылары, батырлар, ғалымдар, саяхатшылар, сәулетшілер, суретшілер, кәсіпкерлер, меценаттар, күйшілер, ақындар мен жыраулар, әншілер мен музыканттардың өмір жолы энциклопедияның ғұмырнамалық мақалалары аясында қарастырылды. Сондай-ақ Қазақстан тарихының күрделі мәселелерін зерттеуде өшпес мұра қалдырған тарихшы ғалымдардың алдыңғы буынына айрықша құрмет көрсетілді. Ұсынылған энциклопедиялық басылымда Қазақстан тарихына қатысты оқиғалар мен құбылыстарды, қайраткерлерді, мәдени ескерткіштерді кең қамту көзделді. Екінші дүниежүзілік соғыстағы Кеңес Одағының батырларын энциклопедияға енгізуде олардың Қазақстан аумағында туғандығы және әскер қатарына осы елден шақырылғандығы ескерілді. Майданда «Даңқ» орденінің толық кавалерлері болған қазақстандықтар ортақ бір мақалаға топтастырылып берілді. Тәуелсіз Қазақстан кезіндегі мемлекет, өнер және спорт қайраткерлерін енгізуде олардың Халық қаһарманы, олимпиада чемпионы болғанына назар аударылды. Энциклопедияда қазақ руларының тарихы «Қазақ халқының ру-тайпалары» деген көлемді мақалаға топтастырылды. Себебі, әрбір ру-тайпалық тарихына жеке-жеке тоқталуды үштомдық энциклопедияның көлемі көтермейді.