Отандық ғылымның дамуында, жалпы тәуелсіз Қазақстанның өсіп-өркендеуінде жас мамандардың алар орны ерекше. Өз көзқарастары мен ғылыми ұстанымдары қалыптасып келе жатқан жас ғалымдар ел дамуына айтарлықтай үлес қосу үстінде. Жас кадрларды даярлау мемлекеттің айрықша нысанға алып отырған мәселелерінің бірі болып табылып отыр.
Тәуелсіздіктің 20 жылында ғылыми-зерттеу институттары мен әртүрлі ғылыми мекемелердегі жас мамандар ғылымның әр саласы бойынша біршама жұмыстар жүргізді. Қазақстанның тарих ғылымының көптеген өзекті мәселелерін зерттеу мен қайта қарастыруда да жас ғалымдар өз үлестерін қосты, зерттеу жұмыстарын жаңаша көзқарастар мен бағыттар бойынша жүргізді. Өзара іс-қимыл мен біріккен зерттеу жобаларын жүзеге асыру мақсатында көптеген халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар мен басқа да іс-шаралар өткізілуде, бұл шаралар сонымен қатар отандық жас ғалымдардың өзара қарым-қатынастарын нығайтуға бағытталған.
2011 ж. 24 мамырда Алматыда Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Отан тарихы және мәдени мұралардың өзекті мәселелері» атты ІІ Республикалық жас тарихшы ғалымдардың ғылыми конференциясы өтеді. Конференцияны ұйымдастырушы ҚР БҒМ Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты.
Конференция жұмысы келесі бағыттар бойынша жүргізіледі:
Отан тарихы
Әлем тарихы
Деректану және тарихнама
Археология және этнография
Конференция жұмысында Қазақстан тарихының теориялық, методологиялық және практикалық мәселелері сөз болады. Қазақстанның қазіргі заманғы тарихи ғылымы, зерттеудің концептуальдық қадамдары мен даму перспективалары қарастырылады. Сонымен қатар ел тәуелсіздігінің 20 жылдық кезеңінде мемлекет тарапынан қол жеткізілген жетістіктер мен аталған кезеңде ұлт тарихында орын алған үлкен өзгерістер тарихшы-мамандар тұрғысынан талқығат салынады. Ұлттық егемендік пен елдің геосаяси бағыты да жас тарихшыларды аса қызықтыратын сауал болып табылады.
Бас қосуға Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінен, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінен, Алматы мен басқа да республикалық жоғарғы оқу орындарының студенттері мен оқытушылары қатысады.
Фотоархив