Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

«Ұзақбай Құлымбетовтың мемлекеттік қызметі архив деректерінде» атты кітап жарық көрді


2021 ж. 4 наурызда Институтта көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Ұзақбай Желдірбайұлы Құлымбетовтің туғанына 130 жыл толуына орай «Ұзақбай Құлымбетовтың мемлекеттік қызметі архив деректерінде» атты кітаптың тұсаукесері өтті.

Жинақты институт пен Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік архиві бірлесіп дайындады. Аталмыш тұсаукесерге карантин талаптарын сақтай отырып Институт қызметкерлері, отандық ғалымдар, қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері, магистранттар мен докторанттар, мемлекет қайраткерінің қызы Орынша Қарабалина-Қазыбаева және басқа өңірлерден ғалымдар онлайн түрде қатысты.

1991 жылы Қазақстанның тәуелсіздігін жариялау қарсаңында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың тікелей қолдауымен Ұзақбай Құлымбетовтың 100 жылдық мерейтойы Алматы, Ақтөбе, туған жері – Ырғыз ауданында кеңінен аталып өтілді. Осы мерейтой кезінде тұлғаның өмір жолы жайлы мақалалар мен естеліктер, ғылыми баяндамалар жасалды. Ал, 125 жылдығына орай көрнекті мемлекет қайраткерінің өмірі жайлы жинақ жарыққа шыққан еді.

Енді, міне, Қазақ елі үшін талмай еңбек еткен Ұзақбай Құлымбетовтың архивтегі құжаттары жинақ болып жарыққа шықты. Бұл кітап ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы репрессия кезінде саяси тұтқын ретінде атылып кеткен арыстарымызды зерттеймін деген тарихшылар үшін құнды кітап.

Институт директоры, т.ғ.д., профессор Қабылдинов Зиябек Ермұханұлы тұсаукесерді кіріспе сөзбен ашып, көрнекті мемлекет қайраткерінің өміріне тоқталды.

Іс-шара барысында сөз алған ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ардагер ұстаз, Орынша Қарабалина-Қазыбаева жиналған ғалымдарға, осы кітаптың жарыққа шығуына атсалысқан мамандарға алғысын білдірді.

Ұзақбай Құлымбетов республикадағы өнеркәсіптің және ауыл шаруашылығының қалыптасуына, мәдениетіміздің өрлеуіне білімін де ақылын да күшін де жұмсады. Сөйтіп, қазақ мемлекетінің негізін қалады деп айтуға болады. Ол Қазақ КСР Орталық Атқару Комитетінің төрағасы тұсында Қазақ Автономиялық Республикасы Одақтық Республика мәртебесін алды. Қазақ КСР-нің жаңа Конституциясын бекітті. Құлымбетов пленум, конференция, сьездерде жасаған баяндамаларында, мақалаларында Екібастұз, Атбасар комбинаттарын қалпына келтіріп, Жетіқара, Аққарға, Бозбие алтын кеніштерін қазақ еліне қайтару туралы мәселелерді батыл түрде көтерген. «КАРЛАГ», «АЛЖИР» өлім лагерлерінің қазақ жерінде қоныс тепкеніне де қарсы болды.

Ұсынылып отырған «Ұзақбай Құлымбетовтың мемлекеттік қызметі архив деректерінде» атты жинақта деректік негізде кеңес билігі кезеңінде республика басшылығында болған белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Ұзақбай Желдірбайұлы Кұлымбетовтың өмірі мен қызметі баяндалады. Жинаққа архив құжаттары Ұ.Ж.Құлымбетовтың қатардағы мектеп мұғалімінен бастап, Қазақстанның жоғары басшылық қызметінде атқарған еңбек жолын сипаттайтын құнды деректер енген.

Редакция алқасы мен құрыстырушылар Қазақ тарихына және оның көрнекті тұлғаларының өмірі мен қызметіне қызығушылық танытушы оқырмандар жинаққа еңген құжаттардан өздерін толғандыратын талай сұрақтарға жауап таба алады дейді.

Жинақ мемлекеттік қызметкерлерге, зерттеушілерге, оқытушыларға, докторанттар мен магистранттарға, сондай-ақ Қазақстан тарихына қызығушы жалпы оқырмандар қауымына арналған.