Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

«Ұлы даланың Ұлы есімдері», «Әулие-Ата өңіріндегі ашаршылық» атты еңбектердің тұсаукесері


2021 ж. 12 наурызда Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты «Ұлы даланың Ұлы есімдері», «Әулие-Ата өңіріндегі ашаршылық» атты кітаптардың тұсаукесерін өткізді.

Іс-шараның мақсаты – жарық көрген ұжымдық жинақтармен көпшілікті таныстыру және ғылыми орта мен зиялы қауымның, барша оқырмандардың пікірін біле отырып, болашақ зерттеулердің бағыттарын айқындау, кітапхана қорларын толықтыру.

Ұсынылып отырған «Ұлы даланың Ұлы есімдері» атты жинақта қазақ даласының Ұлы есімдерінің тізіміне қазақ тарихының көрнекті 100-ге жуық тұлғасы енгізіліп отыр. «Ұлы Даланың Ұлы есімдерінің» тізімі ғылыми әдебиеттерге сілтеме жасала отырып, өмірбаяндық мақалалар түрінде қысқаша сипаттамамен жасалды. Редакция алқасы мен құрыстырушылар Қазақ тарихына және оның көрнекті тұлғаларының өмірі мен қызметіне қызығушылық танытушы оқырмандар жинаққа енген құжаттардан өздерін толғандыратын талай сұрақтарға жауап таба алады деп үміттенеді.

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты аймақтар бойынша ашаршылық куәгерлерімен арнайы жүздесіп, сұхбаттасу кезінде жазып алынған, топтамалық естелік жинақтар шығаруды қолға алған болатын. Ұсынылып отырған «Әулие-Ата өңіріндегі ашаршылық» атты еңбек соның нәтижесі. Естеліктер жинағы Тұңғышбек Байқұловтың зерттеулері негізінде Институт ғалымдарының басшылығымен жазылды. Қазақстанда болған ашаршылық жылдарының зобалаңы қазақ тарихында болған ең қасіретті заман болғаны ел аузынан деректер негізінде дәйектелген. Көпшілік назарына ұсынылып отырған зерттеу жинағы – өлкетанушы Т.Байқұловтың 2017 жылы жарық көрген «Әулие-Ата өңіріндегі ашаршылық» кітабының жалғасы. Жаңа жинаққа архив қорларынан табылған тың құжат материалдарымен қатар Әулие-Ата өңіріндегі нәубетті жылдардың бүгінгі күні көзі тірі куәгерлері болған қариялардың естелік-әңгімелері, фото-суреттері еніп отыр. Жинақта берілген деректер Жамбыл облысының аудандары бойынша орналасқан. Ақпарат бергендердің көпшілігінің жасы 90-нан асқан көне көз қариялар.

Редакция алқасы мен құрыстырушылар Қазақ тарихына және оның көрнекті тұлғаларының өмірі мен қызметіне қызығушылық танытушы оқырмандар жинаққа еңген құжаттардан өздерін толғандыратын талай сұрақтарға жауап таба алады дейді.

Жинақ мемлекеттік қызметкерлерге, зерттеушілерге, оқытушыларға, докторанттар мен магистранттарға, сондай-ақ Қазақстан тарихына қызығушы жалпы оқырмандар қауымына арналған.

Сонымен қатар «Тұғырыл хан – оң хан» корпоративтік қорының төрағасы А.Ж.Игібаев Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері Алдажұманов Қ.С. «Нар тұлға» орденімен, жетекші ғылыми қызметкер Рүстемов С.К. «Тұғырыл хан» орденімен, Этнология және антропология бөлімінің меңгерушісі А.Т. «Халық қалаулысы» медалімен салатанатты түрде марапаттады.