Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

«Жамбыл Жабаев мұрасы және тарихи дәуір» атты республикалық дөңгелек үстел


2021 жылдың 16 наурызында Институтта қазақтың ұлы ақыны, дәуірдің жырауы Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толуына орай «Жамбыл Жабаев мұрасы және тарихи дәуір» атты республикалық дөңгелек үстел өткізілді.

Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты – өткен ғасырдың тарихын зерттеуде айтыскер ақын Жамбылдың орны мен рөлін анықтау. Жамбылдың терең мазмұнды рухани мұрасының қазақ халқының тарихы мен санасын қалыптастырудағы және тәрбиелеудегі ықпалы мен маңызын сараптау.

Жамбылдың шындықты айтып, замана болмысын жасырмай суреттеуін, өзінің өкініші мен күйінішін ащы дауыспен жырлауын айқындау. Суырып салма ақынның «нағыз майталман, кестелі сөздің шебері, әрі ұшқыр ойлы, тапқыр шешен» екендігін айқындап, осы жауһарлардың қазіргі тарих ғылымында пайдалану деңгейін көрсету. Жамбыл ұсынған қағидалардың тарих ғылымын дамытуға ықпалын айқындау.

Жамбылдың рухани мұрасының қазіргі Қазақстан қоғамы мен ғылымы үшін маңыздылығы арта түсуде. Жамбыл шығармашылығы Қазақстан тарихшыларын тарихи объективті шындықтан ауытқымай зерттеуге үйретеді. Жамбыл жыраулардың байтақ эпикалық дәстүрін, қазақ сөз өнеріндегі ғажайып импровизациялық үрдісті бүтіндей жаңа арнаға бұрып, оған жаңа мазмұн дарытуы күдік тудырмайды. Жамбыл – ізгілік жолындағы азатшыл азаматты нәсіліне, ұлтына бөлмеген шын мәніндегі жасампаз ақын. «Жамбыл жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан маржан секілді. Жамбыл – жырдың толассыз бұлағы, өшпес өнегесі, тозбайтын асылы. Халықтық жырдың негізінде немесе жыраулар поэзиясының үлгісінде бүгінгі мен өткенді сабақтастыра жырлайтын ақындар сол кезеңде жоқтың қасы болатын. Жамбыл сол үрдісті қалыптастыра білді. Ол жасампаз ұрпақпен сырласындай, қимасындай мәңгі бірге жасай береді. Оның ұстанымдарының, идеяларының, көзқарастарының теориялық және әдіснамалық маңызы прагматикалық рөлі күдік тудырмайды.

Дөңгелек үстелде Қазақстанның тарих ғылымында Жамбыл Жабаевтың рухани мұрасын пайдаланудың және дамытудың жаңа жолдары мен тың қырлары қарастырылды. Жамбылдың рухани мұрасының Қазақстан тарихына ықпалын сараптай келе республикалық онлайн дөңгелек үстелге қатысушылар төмендегідей қарар қабылдады:

  1. Жамбыл Жабаевтың рухани мұрасының тарихи қарларын зертеуге арналған гранттық қаржыландыру жобаларын дайындау және ұсыну;
  2. Жамбылдың дәуір тарихына қатысты пікірлерін, көзқарастарын, идеяларын сараптауға арналған кешенді зерттеулер жүргізу;
  3. Жамбыл есімі жаңашылдықтың үрдісінде көш бастайтын, шығармашылығы әлі де зерттеуді қажет ететін бірден-бір тұлға болғандықтан ғылыми-зерттеу институттары, университеттер бірлесіп, ақынның өмірі мен қызметіне арналған жинақты жарыққа шығару;
  4. БАҚ құралдарында Жамбылдың дәуір тарихы көзқарастарына қатысты бұқаралық мақалалар жариялау;
  5. Жамбылдың өмірі мен қызметіне, шығармашылығына арналған мақаларды тарихи энциклопедияларға, оқулықтарға, көптомдық Қазақстан тарихына енгізу;
  6. Жамбылдың рухани мұрасы негізінде қазақстандық отаншылдықты, еңбексүйгіштікті, гуманизмді, шыншылдықты тәрбиелеу, тарихи сананы қалыптастыру тұжырымдамасын жасау;
  7. Жамбылдың ұлттық құндылықтарға, оның ақтаңдақ беттеріне қатысты ой-пікірлерін, идеяларын жүйелеу арқылы оларды Қазақстан халқының рухани игілігіне айналдыру жолдарын көрсету.