Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Бір топ жас зерттеушілер институтта ғылыми тағылымдамадан өтті


Пандемия жағдайына байланысты еліміздегі жоғары оқу орындарының көптеген магистранттары мен докторанттары ғылыми тағылымдамаларын толықтай не ішінара ел ішіндегі ғылыми мекемелерде өтуде. Осы орайда, 2021 жылдың наурыз-мамыр айлары аралығында Нұр-Сұлтан қаласындағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің тарих мамандығының 11 докторанты Ш.Ш. Уалиханов атындағы тарих және этнология институтында ғылыми тағылымдамадан өтті.

Докторанттарды институттың ғылыми бөлімдеріне бекіту, тағылымдама уақытына зерттеу тақырыптары өзара жақын ғалымдардан кеңес алу шараларын институт директорының ғылым істері жөніндегі орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты, Болат Құдайбергенұлы әкімшілік атынан ұйымдастырды. Тағылымдама барысында барлық докторанттардың атқарып жатқан жұмыстарына қатысты ғылыми бөлімдердің қызметін бақылап, жас зерттеушілерге қажетті жағдай жасалуын Б. Құдайбергенұлы жіті қадағалап отырды.

Докторанттардың институттың бөлімдерінде, кітапханасы мен архивінде және Алматы қаласындағы өзге де ғылыми мекемелермен жүйелі байланысын қамтамасыз етуде институттың жетекші ғылыми қызметкері, «Ғылым Ордасы» ғылыми кадрлар даярлау орталығының жетекшісі, т.ғ.к., профессор Уалтаева Алтын Слямкайдаровна.

Ш.Ш. Уалиханов атындағы тарих және этнология институтының кітапханасы мен архиві де жас зерттеушілердің жұмыс жасауы үшін әрдайым сапалы қызмет көрсетуге күш салды.

Докторанттар бекітілген ғылыми бөлімдер өздеріне жүктелген міндетті атқару мақсатында онлайн кеңес беру, ғылыми мекемелерге іс-сапар ұйымдастыруды жүзеге асырып отырды.

Тағылымдамадан өтушілер ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының мұрағаты мен Орталық ғылыми кітапханасында зерттеу тақырыптарына қажетті мәліметтермен де жұмыс жасады.

Тағылымдама қорытындысында докторанттар атқарған ізденіс жұмыстары бойынша есеп тапсырып, тиісті мінездемелерін алып, институт тарапынан ғылыми тағылымдамадан өткендіктері жөніндегі сертификаттармен марапатталды.

Ш.Ш. Уалиханов атындағы тарих және этнология институты ғылыми тағылымдамадан өткен жас зерттеуші, болашақ әріптестеріне ғылым жолында талмай еңбек етуді, сапалы еңбектер жазуды тілейді.