Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

ӨЗЕКТІ ТАҚЫРЫПТАҒЫ ҒАЛЫМДАР БАС ҚОСУЫ


18 мамыр 2021 жылы Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында «ХХ ғ. 20-30 жылдардағы Кеңестік Қазақстандағы шаруалар көтерілістері»  тақырыбындағы дөңгелек үстел өтті. ЖТН AP09259347 «Кеңестік Қазақстан: әлеуметтік және этникалық қақтығыстар тарихының  тағылымы (1920-1991 жж.)» жобасы аясында ұйымдастырылған дөңгелек үстелде 20-30 жылдардағы Қазақстандағы шаруалар қарсыласуының сипаты, негізгі себептері, барысы, ерекшеліктері мен салдары талқыланды. Шаруалар бас көтерулерінің тарихнамасы мен зерттеу әдістемесі мәселелері де назардан тыс қалмады. Дөңгелек үстелге Қазақстан тарихының ХХ ғасырдың 20-30 жылдары бойынша маман-тарихшылар Қ. С. Алдажұманов, Л.А. Гривенная, О. М. Қоңыратбаев, С. Қ. Шілдебай, Б.С.Жұмағұлов және т.б. жалпы саны 52 ғалым-зертетушілер қатысты.   Дөңгелек үстел бағдарламасына сай Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Қ.С.Алдажұманов «30-жылдардағы Қазақстандағы шаруа көтерілістері: тарихы мен сипаты» тақырыбында баяндама жасады. XX ғасырдың 20-жылдарындағы шаруа көтерілістерінің типологиялық жағынан ерекшелігі болды. Бұл бас көтерулерге негізінен, казак-орыс  әскерилері қатысып, азық-түлік салғыртына қарсы шыққан. . Ал 30-жылдардағы көтерлістер жаңа экономикалық саясатты тежеп, 1928 ірі байлар тәркілеу сияқты саясатқа шаруалар нарзылығынан туды. Осындай алғашқы ірі шаруалар көтерілісі 1929 жылы Оңтүстік Қазақстанның Бостандық ауданында өтсе, осы жылы қыркүйек айында Қазақстанның екінші шетінде Батпақара ауданында жалғасты. Баяндамашы Созақ, Ырғыз, Адай, Сырдария көтерілістерінің сипаты, көтеріліс жетекшілерінің тұлғасына, бас көтеруді жаншылу формаларына тоқталып өтті. 30 жылдардағы көтерілістер ерекшелігінің бірі орыс шаруаларының да қамтылуы болды. Баяндамашығаға өзіне қойылған сұрақ бойынша, белгілі әнші, балуан Иманжүсіп Құтпанұлы Сарысу көтерілісіне қатысқанын атап өтті.

 «XX ғасырдың 20-жылдарының басындағы Солтүстік Қазақстандағы шаруалар қарсыласу қозғалысы» тақырыбындағы баяндаманы М. Қозыбаев атындағы СҚУ университетін Қазақстан Халық ассамблеясы кафедрасының меңгеруші, тарих ғылымдарының кандидаты  Л.А. Гривенная жасады. Баяндамашы биылғы жылы 1921 жылғы шаруалар көтерілістеріне 100 толатынын атап өтті. . Бұл көтерілістерді большевиктік «соғыс коммунизмі» саясаты туғызған әлеуметтік қарсылық деп те бағалауға болады. Аграрлық саладағы күштеу саясаты, оған қарсы шыққан шаруалар көтерілістерінің қанмен басылуынан кейін ауыл-селоны аштық жайлады.

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты 2 курс магистранты Е.И.Стамшаловтың баяндамасы «1928-1932 жылдардағы  Жетісудағы шаруалар көтерілістерінің себеп-салдары, ерекшеліктері.» тақырыбына арналды. Жетісу өңіріндегі шаруалар көтерілістері ауқымы жағынан үлкен әрі  табиғаты күрделі болғанын байқалады. 30- жылдардағы шаруалар көтерілістерінің ізашар оқиғасы ретінде 1928 жылдың сәуір айында Жетісу губерниясы Талдықорған уезіне қарасты Қоғалы болыстығының Аралтөбе селосында болған көтерілісті айтуға болады. Баяндамашы Жетісу шаруа көтерілістерінің негізгі себептері ретінде астық дайындау, ет дайындау науқандары, күштеп ұжымдастыру, дінге қысым жасауды атаса, бас көтерулерді қатал басу, босқындардың мал-мүлкінің тоналуы аштыққа ұрындырғанына тоқталды.

Дөңгелек үстел тақырыбы бойынша сөз алған тарих ғылымдарының кандидаты Б. Жұмағұлов 1930-31 жылдардағы әлеуметтік негізде пайда болған шаруалар толқуларының ортақ сипаттарына тоқталды. Тарих ғылымдарының кндидаты Т. Алланиязов 30-жылдардағы Шет ауданындағы көтеріліс жай-жапсарына тоқталып өтті. Сөйлеуші, сондай-ақ, өз есептеуі бойынша Қазақстандағы шаруалардың қарулы көтерілістерінің саны 25 деп санайтынынын, 78 мың көтерілісшінің әлі ақталмағанын  жеткізді.

Дөңгелек үстел жиыны қорытындылаған ҚР Орталық мемлекеттік архиві директоры, тарих ғылымдарының кандидаты С.Қ. Шілдебай құпия қорлар құжаттарын құпиясыздандыру жайына тоқталып өтті. Құпия құжаттарды құпиясыздандыру  бойынша келелі жұмыстар ҚР ОМА-де жүргізіліп жатыр. «Кеңестік Қазақстан: әлеуметтік және этникалық қақтығыстар тарихының  тағылымы (1920-1991 жж.)» жобасы аясында шаруалар көтерілістері мәселесіне де назар аударылып, зерттеу жұмыстарының қорытындылары ғылыми қауымға ұсынылатын болады.