Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Белгілі тарихшы-ғалым, академик Манаш Қабашұлы Қозыбаевтың жары Сара Пішенбайқызы дүниеден өтті


М.Қ. Қозыбаев 1988 жылдың маусымынан 2002 жылдың қаңтары аралығында Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры қызметін атқарған еді. М.Қозыбаевтың еліне деген сүйіспеншілігі отандық тарихтың жеке мектебін құруға және талантты ғалымдардың жаңа легін дайындауға итермеледі. Оның жетекшілігімен жүзге жуық ғылым докторлары мен кандидаттары (13 ғылым докторы және 85 ғылым кандидаты) даярланды. Олар бүгінде Қазақстанның жетекші тарихшылары, мемлекеттік және қоғам қайраткерлері болып табылады. Ол 800-ге жуық ғылыми және ғылыми-көпшілік жұмыстардың, соның ішінде 30 монографияның, 50-ден астам ұжымдық еңбектің, орыс және қазақ тілдеріндегі оқулықтар мен оқу құралдарының авторы.
Қазақстан тарих ғылымының дамуына өлшеусіз үлесін қосқан М.Қ. Қозыбаевтың артында қашанда аяулы жары Сара Пішенбайқызы тұрды. Ғалымның жоғын түгендеп, уайымсыз ғылымға берілуіне жағдай жасап, бала-шағасының қамын күйттеп отыру үлкен жігерді қажет етеді. Сара Пішенбайқызы сондай жігерлі, ардақты аналардың қатарынан болды. Сара апамыз Манаш ағамыз «о дүниелік» болса да, академик ағамыздың атын өшірмей, шырақшысы болып отырған жайы бар еді. Жыл сайын «Қозыбаев оқуларын» өткізуге жәрдемін тигізіп отыратын. Сондай-ақ биыл 90 жылдық мерейтойы тойланғалы отырған Манаш Қабашұлының Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында ашылғалы жатқан мемориалдық кабинетінің жабдықталуына бас-көз болып жүгіріп жүрді. Сұм ажал Сара Пішенбайқызын 86 жасқа қараған шағында ортамыздан алып кетті.

ҚР БҒМ ҒК Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ұжымы Сара Пішенбайқызының қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасына, туған-туыстары мен жақындарына қайғысына ортақтасып, шын ниеттен көңіл айтады. Иманы жолдас, топырағы торқа болсын.