Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

«Кеңес кезеңіндегі Қазақстанның аграрлық тарихының өзекті мәселелері: билік және қоғам» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өткізілді


2021 ж. 25 мамырда Институттың Жас ғалымдар кеңесі «Кеңес кезеңіндегі Қазақстанның аграрлық тарихының өзекті мәселелері: билік және қоғам» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясын өткізді.

Конференцияның мақсаты қазақ қоғамының дәстүрлі құрылымының әлеуметтік-экономикалық трансформациясы процесіндегі билік пен қоғамның өзара қарым-қатынасы контексінде Кеңес үкіметі кезеңіндегі Қазақстанның аграрлық тарихын зерттеудің өзекті мәселелерін анықтау болды. Конференция «Қазақстанның соғыстан кейінгі онжылдықтағы шаруалары: әлеуметтік трансформация және күнделікті өмір» жобасын іске асыру аясында өткізілді.

Конференция келесі бағыттар бойынша өтті: Қазақстанның кеңестік аграрлық тарихын зерттеудегі теориялық-әдіснамалық тәсілдердің ерекшеліктері; кеңестік кезеңдегі Қазақстанның аграрлық тарихы бойынша отандық және шетелдік тарихнаманың өзекті мәселелері; Қазақстандағы кеңестік шаруалар тарихы бойынша дерек көздері мен мәселелері; ЖЭС және 1921-1922 ж.ж. Қазақстандағы ашаршылық; Күштеп ұжымдастыру және шаруа көтерілістері; 1931-1933 жылдардағы ашаршылық және қазақ қоныс аударушыларының тағдыры; Қазақстандағы 1920-1950 жылдардағы қуғын-сүргіндер мен шаруалар тағдыры; соғыстан кейінгі шаруаларды зерттеу, шаруалардың күнделікті өмірін зерттеу ерекшеліктері; Қазақстанда тың және тыңайған жерледі игеруді зерттеу мәселесі; Қазақстан тарихы бойынша аграрлық мәселенін оқулықтарда көрінісі.

Құттықтау сөзімен конференция жұмысын Институт директоры, т.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі З.Е. Қабылдинов ашты. Пленарлық мәжіліске және секциялық отырыстарда 25 жуық баяндама тыңдалды. Конференция жұмысына Институттың жетекші ғылымдары, Жас ғалымдар кеңесінің мүшелері, отандық жоғары оқу орындарының ғалымдары, ТМД елдерінің ғылыми мекемелерінің өкілдері, сонымен қатар докторанттар мен магистранттар қатысты. Келесі қатысушылардың баяндамалары тыңдалды: Қырғыз Республикасы СІМ Дипломатиялық академиясының проректоры, т.ғ.д., профессор З.К. Курманов – «Қырғызстан архивтеріндегі қазақ қоныс аударушылары туралы архив материалдарының жалпы сипаттамасы»; Институттың бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д., профессор Ж.Б. Абылхожин – «Қазақстанның аграрлық тарихының әдіснамалық және тұжырымдамалық мәселелері»; Институттың бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д., профессор А.Т. Қапаева – «1921-1922 жылдардағы ашаршылық қарсаңындағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайы»; Институттың жетекші ғылыми қызметкері, т.ғ.к. С.Ә. Асанова – «1921-1922 жылдардағы ашаршылық мәдени жарақат ретінде»; Институттың жетекші ғылыми қызметкері, т.ғ.к. Ә.Қ. Шашаев – «Қазақстандағы ұжымдастыру себебі мен салдары»; Институттың жетекші ғылыми қызметкері, PhD М.М. Қозыбаева – «1920 жылдардың басындағы шаруалардың наразылық қозғалысы «әскери коммунизмі» саясатының «гримасасы»ретінде»; Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің тарих және құқық кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.к., доцент Балықова А.М. – «Ашаршылықтың тарихы – Отан тарихының қасіретті беттері (ХХ ғасырдың 30 жылдары)» және т.б.

Қатысушылардың кең географиясы конференция тақырыбының және оның аясында қарастырылатын мәселелердің өзектілігін көрсетеді. Қатысушылар мен баяндамашылар конференцияның халықаралық деңгейде ұйымдастырылуы мен өткізілуіне жоғары баға берді. Конференция барысында Қазақстанның аграрлық тарихы, шаруалардың жағдайы мен кеңестік билік кезеңіндегі Қазақстанның аграрлық тарихына қатысты отандық  тарихнамадағы өзекті мәселелер талқыланды.