Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

«Атырау облысы тарихының өзекті мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті


2021 ж. 4 маусымда Институт пен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті бірлесіп «Атырау облысы тарихының өзекті мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.

Жиынды Атырау университетінің Басқарма төрағасы-ректор Саламат Нұрмұханұлы ашып, өз сөзінде «Өлке тарихы біз үшін әрқашан маңызды. Бұл біздің өлкеміздің тарихы мен мәдениетін, осы өлкеден шыққан танымал тұлғалардың тарихының жазылуы маңызды деп санаймын. Мемлекет басшысы да тарих мәселесіне зор назар аударып отыр. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында Қазақтанның жаңа тарихын жүйелі зерттеген жөн деп атап өтті. Біздің ортамызға Алматы қаласынан тарих ғылымдарының докторлары, бір жағынан атыраудың тумалары – жерлестеріміз Ғизат Халидуллин және Болат Жумагулов келіп отыр. Мақсат – 3 томдық Атырау облысы тарихын жазу бойынша өңірдің тарихшыларымен кездесу, пікір алмасу, сіздердің ұсыныстарыңызды тыңдау, бірге жұмыс жасауға шақыру. Атырау өңірінің тарихы бәрімізге – өле тарихшыларына ортақ жұмыс деп санаймын, сіздерді қолдауға шакырамын» – деді.

Шара модераторы тарих ғылымдарының докторы Лесқали Базарғалиұлы кіріспе сөзді Институт директоры ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Қабылдинов Зиябек Ермұқанұлы ұсынды.

Дөңгелек үстел барысында тарих ғылымдарының докторы, профессор, «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» РМҚК директоры Мұқтар Әбілсейіт Қапизұлы, тарих ғылымдарының докторы,профессор, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті «Мәңгілік Ел»ҒЗО жетекшісі Ахмет Аққали Қабижанұлы, Атырау облысы мемлекеттік архивінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Қуаныш Серік Орынғалиұлы, тарих ғылымдарының докторы, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің профессоры Халидуллин Гизатулла Хаймолдаұлы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, «Атырау облысының тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін» атты ғылыми Жобаның жетекшісі Жұмағұлов Болат Сағидоллаұлы өз баяндамаларын ортаға салды.