Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Көп томдық академиялық басылымның 7-томын әзірлеу және жазу мәселелері бойынша онлайн отырыс өтті


2021 жылғы 21 маусымда көп томдық академиялық басылымның 7-томын әзірлеу және жазу мәселелері бойынша онлайн отырыс өткізілді. Институт директоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, т.ғ.д., профессор З.Е. Қабылдиновтың төрағалығымен күн тәртібіндегі: 7-томның тұжырымдамасы, құрылымы, орындаушылары, орындаушылармен шарт жасау тәртібі қарастырылды.

7-томның құрылымы, орындаушылары, концепциясы туралы 7-том жетекшісі, т.ғ.д., профессор Еркін Аманжолұлы Әбіл сөз сөйледі: «7-томның тұжырымдамасының мақсаты – Қазақстан аумағындағы соңғы 30 жылдағы тарихи үдерістің объективті тұтас бейнесін жасау, ал негізгі міндеті – Қазақстан аумағындағы соңғы 30 жылдағы тарихи үдерістерді негіздеу болып табылады. Егер құрылымына келсек, жалпы 5 бөлім, 58 параграфтан тұрады. Бұл жұмыстық нұсқасы, жұмыс үдерісі барысында редакциялық алқамен түзетіледі. Біз басты редакциялық алқаны құруды, басты редакторды тағайындауды ұсынамыз. Негізгі бөлімде заманауи тарихтың тарихнамасы, теориялық-әдіснамалық мәселелері, дереккөздер базасы қарастырылады. Қазіргі уақытта 60-қа жуық ғылыми айналымға енбеген материалдар жинақталған».

Отырысқа басқа топтардың жетекшілері бақылаушы ретінде арнайы шақырылып, өздерінің пікірлерін білдірді: 2-том жетекшісі, ҚР ҰҒА академигі, т.ғ.д., профессор Б.Е.Көмеков жалпы 7 томдық болсын, 5 томдық болсын, 3 томдық болсын, акдемиялық еңбек апробациядан өтілген еңбектерге сүйене жазылатындығын, мұндай жауапты жұмыс іргесінде арнайы зерттеу жүргізілмейтіндігін және томның көлемі өте маңызды екендігін, 45 баспа табақтан ары кеткенде 50 баспа табақтан аспау керектігін атап өтті; 3-том жетекшісі, т.ғ.д., профессор А.Қ. Кушкумбаев 1-тарауға қатысты методологиясы, дереккөздері, тарихнамасы бойынша өз ұсынысын айтты; 1-том бойынша жауапты, т.ғ.д., Ә.Қ. Шашаев көп томдық академиялық басылым тарих саласы бойынша екендігін, сондықтан тарих жағына бұрыңқырып, тарих деген сөзді қосып, соған көңіл бөлсеңіздер деген ұсыныс жасады; Институт директоры З.Е.Қабылдинов 6-томмен шекаралас тақырыптарды қарау,  шетелдік қазақтар туралы, сыртқы саясат жөнінде Саммит ОБСЕ, халықаралық деңгейдегі үлкен шара «Экспо-2017», мемлекеттік рәміздер мен ұлттық валюта бойынша параграфтар қосу туралы ұсыныстарын білдірді. 7- том жетекшісі Е.А. Әбіл барлық сұрақтарға жауап беріп, ұсыныстар ескерілетіндігін жеткізді. Өз кезегінде Институт заңгері Н.Б. Гарбовская шарт жасау ережелерімен, том жетекшілері мен орындаушылары техникалық спецификациясын, күнтізбелік жоспарын өтінімге сәйкес жасауы керектігі туралы хабарлады.