«Отандық және шетелдік ғылыми әдебиеттегі 1921-1922 жылдардағы Қазақстандағы ашаршылық» атты дөңгелек үстел

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында үстіміздегі жылдың 21-қыркүйегінде «Отандық және шетелдік ғылыми әдебиеттегі 1921-1922 жылдардағы Қазақстандағы ашаршылық» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Бұл ғылыми жиын «1921-1922 жылдардағы Қазақстандағы ашаршылық және оның зардаптары (жаңа мұрағат және жазба дереккөздер негізінде)» атты жобасы аясында ұйымдастырылды. Ғылыми іс-шараның мақсаты Қазақстан жерінде болған ХХ ғ. 20-жылдарындағы ашаршылық нәубетінің тарихын, оның себептері мен салдарын, көлеңкелі тұстарын талқылау. Сонымен қатар бұл мәселенің Отандық және шетелдік зерттеушілер еңбектерінде көрініс табу сипаты мен бағыттарын саралау. Дөңгелек үстел барысында жаңа идеялармен, зерттеудің заманауи әдіс-тәсілдерімен, тәжірибемен бөлісе отырып, алдағы уақытта зерттеу жұмысының тиімділігін арттырып, объективті баға беру.

Мемлекет басшысы жыл басында мерзімді басылымда «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты ғылыми-бағдарлы мақаласын жариялап, тәуелсіздіктен бері қарай Қазақстан Республикасының жүріп өткен жолына қысқаша сипаттама берген еді. Әсіресе, қоғамда орын алып жатқан келеңсіз оқиғаларды сынға алып, онымен күресуге тоқталған болатын. Мәселен, жоғарыда аталған ашаршылық мәселесіне тікелей тоқталып, әлі күнге дейін ғалымдар арасында ортақ бір көзқарасқа келе алмай жүргендерін айтады. Президенттің айтқанын басшылыққа ала отырып, сонымен қатар 1921-1922 жж. ашаршылыққа 100 жыл толуына орай Тарих және этнология институтының ғалымдары жоба әзірлеп, мемлекеттік грант жеңіп, жоғарыда Қ.-Ж.К. Тоқаев меңзеген олқылықтардың орнын толтырып, көлеңкелі тұстарына ақиқат сәулесін түсіру мақсатында зерттеу жұмыстарын жүргізуде.

Дөңгелек үстелге қатысқан Отандық және алыс-жақын шетелдік беделді ғалымдар бұл ашаршылықтан гөрі он жыл кейін болған 1931-33 жж. зұлмат ашаршылыққа көп көңіл бөлініп кеткендігін тілге тиек етті. Институт директоры З.Е. Қабылдинов алқалы жиынды құттықтау сөзімен ашып, бұл мәселені жүйелі түрде, жазба деректер мен ауызша мәліметтерді синтездей отырып, зерттеу қажеттігін алға тартты. Ғалымдар да өз ойларын ортаға салып, тәжірибелерімен, жинақтаған мәліметтерімен бөлісті. Мәселен, ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбіл Еркін Аманжолұлы аталмыш тақырыптың теориялық аспектілеріне, зерттеу жүргізу векторларына тоқталып өтті. Ал Орталық мемлекеттік архивінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Шілдебай Сәбит Қамытбекұлы бұл ашаршылықтың сол заманда жарияланған, яғни ХХ ғ. 20-жылдардағы әдебиеттермен, мерзімді басылымдармен таныстырды. Соның ішінде Компартия съездерінде трибунадан билік өкілдерінің айтқан ресми мәлімдемелері, стенограммалары мен баяндамалары, есептерінің жарияланған үлгілері осы тақырыпты ашуда үлкен септігін тигізетіні анық. Институт қызметкерлері Асанова С.Ә., Қапаева А.Т., Тлеубаев Ш.Б., Қозыбаева М.М., Қоңқабаева А.Н., т.б. тақырып аясында жүргізген зерттеулерімен бөлісіп, тың мәліметтерді келтірді. Онлайн форматында өткен ғалымдардың бас қосуының нәтижесінде қарар қабылданып, ары қарай зерттеу жүргізудің тиімділігін арттырып, ғылыми сапалы өнім алудың бағыттары талқыланды. Тарихшы ғалымдар 1921-1922 жылдардағы ашаршылық тарихын зерттеудің жаңа концептуалдық және методологиялық бағыттарын дамыту; жарияланған еңбектерді сыни тұрғыда талдап, тәуелсіз сана тұрғысында ой елегінен өткізу; мемлекет қолдауына алғыс білдіре отырып, болашақта отандық және шекарадан тыс жатқан архивтерде осы тақырыпқа қатысты құжаттардан құпиялылық грифін алып тастау; тек Қазақстан территориясымен шектеліп қалмай, ашаршылықтың зардабын тартқан көршілес елдермен байланыс жасай отырып, зерттеу ауқымын кеңейту секілді ұсыныстарды қабылдады.

Қорыта айтсақ, қазақ халқы өз тарихында бірқатар нәубеттер мен зұлматтармен бетпе-бет келіп, басынан кешірді. Кеңес заманында мұндай тақырыптарды зерттеу тұрмақ,

ауыз ашу мүмкін болмады. Ал бүгінгі таңда мемлекет басшысының өзі қолдау білдіріп отырғанда, 1921-1922 жж. ашаршылық тарихын зерттеп, шынайылық деңгейі жоғары, сапалы ғылыми өнім беру тарихшылар мен зерттеушілер алдында тұрған маңызды мәселе.