Мәскеу қаласына ғылыми іссапар

2021 ж. 31 тамыз 13 қыркүйек аралығында Институт қызметкері Н.Н. Құрманалина «Қазақ хандарының, сұлтандарының және батырларының өмірі мен қызметінің беймәлім қырлары туралы құпиясыздандырылған Ресей мұрағаттары (18 – 19 ғасырдың бірінші жартысы)» жобасын жүзеге асыру шеңберінде Мәскеу қаласына (РФ) ғылыми іссапарға барып келді.

Іссапар барысында негізгі жұмыс Ресей мемлекеттік әскери-тарихи архивінде атқарылды. Сонымен қатар Ресей Федерациясының мемлекетік архивінде, Ресей мемлекетінің көне актілер архивінде және Ресей мемлекетінің әлеуметтік-саяси тарихы архивінде жұмыстар жүргізілді. Зерттеу тақырыбына қатысты қорлар, тізбелер және істер қарастырылды. Архивтердегі жұмыс нәтижесінде жекелеген істердің қажетті парақтарының фотокөшірмелері жасалынды. Сондай-ақ ғылыми ізденістер Ресей мемлекеттік кітапханасында да жүргізілді. Нәтижесінде қазақ хандарының, сұлтандарының және батырларының өмірі мен қызметінің мәселелеріне қатысты электронды және баспадан шыққан басылымдар анықталып, көшірмелері жасалынды. Олардың қатарында төңкеріске дейінгі және кеңес кезеңі тұсындағы мақалалар, диссертация қолжазбалары және авторефераттар бар.

Шетел тарихышыларымен ғылыми байланыс орнату мақсатында Тува мемлекеттік университеті Жалпы тарих, археология және құжаттану кафедрасының доценті, т.ғ.д. М.С. Маадырмен кездесу болды. Сонымен қатар Ресей ғылым академиясының Сібір бөлімі Гуманитарлық зерттеу және Солтүстік саны аз халықтар проблемалары институтының қызметкері, т.ғ.д. Н.И. Бурнашевамен кездесу орын алды. Шара барысында өзара серіктестік Меморандумын жасау және өз қызметкерлеріміздің ғылыми мақалаларын жоғарыда аталған мекемелер жанындағы басылымдарда (РИНЦ, Scopus)  жариялау мүмкіндіктері туралы сөз қозғалды.