Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

«Солтүстік Қазақстан және Алаш қозғалысы» халықаралық ғылыми-теориялық конференциясы


2021 жылғы 9 қазан «М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті» Коммерциялық емес акционерлік қоғамы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивімен бірлесе отырып, Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі мен Ш.Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының қолдауымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Солтүстік Қазақстан және Алаш қозғалысы» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференциясын өткізді.

Конференция жұмысы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 24 қарашадағы №456 Жарлығын іске асыруға бағытталды, оған белгілі тарихшы ғалымдар мен гуманитарлық бағыттағы басқа да мамандар қосылды. Саяси қуғын-сүргіндерді жан-жақты зерделеу және қуғын-сүргіндердің әртүрлі санаттарын ақтауға қатысты мәселелерді шешу үшін 11 жұмыс тобы құрылған, оларға отандық және шетелдік архивтердегі мұрағат материалдарының үлкен көлеміне ғылыми, сараптамалық және құқықтық бағалау жүргізу қажет. Конференцияда келесі мәселелер жан-жақты талқыланды:

• Алаш қозғалысы мен Алаш-Орданың Отан тарихындағы маңызы мен рухани мұрасы.

• Алаш зиялыларының өмірі мен қызметі.

• Алаш қайраткерлерінің тағдырында Солтүстік Қазақстан өңірі.

• Тәуелсіздік және ұлттық бірегейлік идеяларын қалыптастырудағы Алаш қозғалысының рөлі.

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтынан форумның пленарлық отырысында институт директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Зиябек Ермұханұлы Қабылдинов «Новоишим желісінің салыну тарихы (1752-1755 жж.)  және қазақ жерінің байырғы тарихы туралы» атты баяндама жасады. Институттың М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетімен ынтымақтастығы ары қарай жалғасады.