Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

2021 жылғы 20 қазанда Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында «Қазақстанның кеңестік кезеңдегі тарихы: зерттелуі және мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді


Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың 2021 жылғы 5 қаңтардағы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында ел тарихшыларының алдына қойылған міндеттерге сәйкес Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты 7 томдық «Ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі Қазақстан тарихы» академиялық басылымын әзірлеу» бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасын іске асыруда. Жоба шеңберінде «Кеңес кезеңіндегі  Қазақстан тарихы (1917-1991 жж.)» 6-томының күнтізбелік жоспарына сәйкес аталған ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылып, конференцияға қатысуға тарихшылар, ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы, магистранттар, жас ғалымдар шақырылды.

Конференция жұмысының негізгі бағыттары төмендегідей болды:

– тарихнама, деректану және әдіснама мәселелері;

– мемлекеттіліктің кеңестік түрінің құрылу тарихын зерттеу;

– Кеңес билігіне қарсы ұлт-азаттық күрес және «Алаш» ұлттық қозғалысының тәуелсіздік идеясын жүзеге асыру жөніндегі қызметі;

– жаппай саяси қуғын-сүргін, халықтарды республикаға депортациялау;

– 20-шы және 30-шы жылдардың басындағы Қазақстандағы ашаршылықтың екі ірі рецидивінің тарихын және олардың зардаптарын зерделеу;

– Қазақстанның индустриялық даму және қазақтарды күшпен ұжымдастыру мен отырықшыландыруды жүзеге асыру тарихын зерделеу;

– Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақстандық әскери тұтқындардың және олардың Түркістан легионын құруға мәжбүрлі қатысуының тарихы;

– Қазақстан және Еуразия халықтарының тарихындағы көрнекті тұлғалардың рөлін жаңа әдіснамалық тәсілдер тұрғысынан жариялау;

– Семей ядролық полигонын құру, оның жұмыс істеуі және жабылу мәселелері; Қазақстан Республикасының ядроға қарсы бастамалары;

– тарих, этнология және антропологияның өзекті мәселелері мен болашағы.

Конференция ҚР БҒМ ҒК Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Қабылдинов Зиябек Ермұханұлының алғысөзімен ашылды. Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, ҚР ҰҒА академигі, Болон ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауераты, тарих ғылымдарының докторы, профессор Смагулов Оразақ Смағұлұлы және Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, ҚР ҰҒА академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР Жоғары мектебінің еңбек сіңірген қайраткері Кішібеков Досмұхамед Кішібекұлы өздерінің құттықтау сөздерін айта отырып, О.С. Смагулов «Қазақстан тарихы» XVI ғасырда пайда болған әкімшілік термин, «Қазақ халқының отан тарихы» деп алғанымыз орынды деп есептеймін. 30 жылдық еркіндігімізді әлем алдында көрсете білейік» деген пікірін білдірсе, Д.К. Кішібеков «6-том барлық 7 томның жүрегі, ең мазмұнды томы болып табылады, сондықтан өте сапалы дайындалғаны маңызды» деген ойымен бөлісті.

Конференцияда еліміздің белгілі ғалымдары Орталық Азияның дәстүрлі өркениетін зерттеу бойынша ӨҒЗО директоры, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, ҚР ҰҒА құрметті академигі, тарих ғылымдарының докторы Омарбеков Талас Омарбекұлы, А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Дильманов Сатыбалды Ділманұлы, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті тарих факультетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Жумашев Рымбек Муратович, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ның «Қазақстан тарихы» кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы, Ауған соғысының ардагері Сайлан Болат Санабайұлы,  Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының басшысы, тарих ғылымының докторы, профессор Махат Данагүл, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Абылхожин Жулдызбек Бекмухамедович, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Капаева Айжан Токановна, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мухатова Оразгуль Хасеновна, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, доцент Құдайбергенова Айжамал Ибрагимовна, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің Қазақстан халқы ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Гривенная Людмила Александровна, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Асанова Салтанат Амиргалиевна, сонымен қатар жас ғалымдардан Ақмола облысының мемлекеттік архиві, археограф, заң магистрі Касимова Гүлмира Қайдаровна, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, Тарих факультетінің 3-курс студенті Нұрлан Асылжан Нұрланқызы қатысып өздерінің баяндамаларын жасады.

7 томдық «Ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі Қазақстан тарихы» академиялық басылымын әзірлеу» бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасы шеңберінде «Кеңес кезеңіндегі  Қазақстан тарихы (1917-1991 жж.)» 6-томы бойынша ұйымдастырылған  «Қазақстанның кеңестік кезеңдегі тарихы: зерттелуі және мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияның

ҚАРАРЫ

2021 жылдың 20 қазанында Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында ҚР Президенті Қ.Қ.Тоқаевтың қазақстан тарихын жаңаша зерделеуді ұсынған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында көрсетілген мақсаттар мен міндеттерді шешу жолдарын талқылаған «Қазақстанның кеңестік кезеңдегі тарихы: зерттелуі мен мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференция мақсаты – ҚР Президентінің Қазақстан тарихын жаңаша зерттеу міндеттеріне сәйкес туындаған мәселелерді зерделеу және сараптау. Себебі, кеңестік кезеңдегі Қазақстан тарихының хронологиялық шеңбері 1917-1991 жылдарды, яғни тарихи процестегі қысқа ғана кезеңді қамтығанымен, осы кезеңнің тарихи шындығын ашу көптеген мәселелерді түбегейлі түрде жаңаша зерттеуді талап етеді. Конференцияда Қазақстанның кеңестік кзеңдегі тарихының «ақтаңдақтарын» және шешілмеген мәселелерін көрсету мақсаты орындалады.

Конференция барысында баяндамашылар мен қатысушылар күн тәртібіне қойған идеяларды, ұсыныстар мен пікірлерді ескере отыра келесідей қарар қабылдады:

  1. Институт ұжымына «Ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі Қазақстан тарихы» 7 томдық академиялық басылымының 6-томын «Кеңестік кезеңдегі Қазақстан тарихын» жазу барысында туындаған тарих ғылымындағы тың мәселелер мен тақырыптар негізінде жаңа ғылыми жобалар ұсынуды қамтамасыз ету.
  2. «Кеңестік кезеңдегі Қазақстан тарихы» басылымын жазу барысында осы уақытқа дейін отандық тарихнамада орын алып келген евроцентристік, батысшылдық теориялар мен ұсытанымдардан бас тартып, Қазақстан тарихын әлемдік тарихи үдерістің құрамдас бөлшегі ретінде қарастыратын өркениеттілік принциптеріне, либералдық қоғам қағидаттарын басшылыққа алу.
  3. Қазақстанда Кеңес Одағы жағдайында болған 1920-1921, 1931-1933 жылдардағы ашаршылықтар және бірнеше кезеңмен жүріп өткен саяси қуғын-сүргіннің тарихына қатысты шындықтарды толық ашу және оларға объективті шындық талабына сай келетін, ғылыми сарапталған бағалар беру.
  4. «Қазақстан екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында» тақырыбына қатысты соңғы жылдарда ашылған мұрағат деректерінің негізінде, Қазақстан халқының фашизмге қарсы күрестегі орны мен рөлін жаңаша бағамдауды және тың деректердің ғылыми айналымға енгізілуін қамтамасыз ету.
  5. «Кеңестік кезеңдегі Қазақстан тарихын» зерттеу барысында қазақ халқының ұлттық топтасуының, бірегейленуінің және этнодемографиялық дамуының мәселелерін бүгінгі тарих ғылымы жетістіктері тұрғысынан зерттеуге қол жеткізу.
  6. 6-томның «Кеңестік кезеңдегі Қазақстан тарихын» жазудың концепциясына осы өткен конференцияда айтылған ойлар, идеялар мен ұсыныстар негізінде өзгерістер енгізу.

Биылғы жылы өтетін Алматыдағы 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысты ұйымдастырылатын ғылыми-ақпараттық шараларға Институт ұжымының белсенді қатысуын жүзеге асыру. Желтоқсан көтерілісіне қатысты ғылыми-көпшілік мақалаларды республикалық бұқаралық-ақпарат құралдарында жариялау.