Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Тарих ғылымдарының докторы, профессор В.И. Козодойдың «Алихан Букейханов: Человек-эпоха» («Әлихан Бөкейханов: Дәуір адамы») кітабының тұсаукесері


2021 жылдың 2 қарашасында ҚР БҒМ ҒК Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты және «Ғылым ордасы» ШЖҚ РМК «ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы Қазақстандағы жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері: отандық және халықаралық тәжірибе» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция аясында тарих ғылымдарының докторы, профессор В.И. Козодойдың «Алихан Букейханов: Человек-эпоха» («Әлихан Бөкейханов: Дәуір адамы») (Новосибирск, 2021) атты кітабының таныстырылымын өткізді.

Бұған дейін, В.И. Козодойдың «Алихан Букейханов: Человек-эпоха» («Әлихан Бөкейханов: Дәуір адамы») атты кітабының тұсаукесерлері Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры З.Е. Қабылдиновтың қатысуымен қазан айының соңында – қараша айының басында Ә. Бөкейхан атындағы университетінде (Семей қ.), С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде (Павлодар қ.), Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде (Нұр-сұлтан қ.), Е. Бөкетов Қарағанды мемлекеттік университетінде (Қарағанды қ.) өтті.

Таныстырылым мақсаты – көрнекті қоғамдық-саяси қайраткер, «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының көшбасшысы Әлихан Бөкейхан туралы кітабын ғылыми қауым мен  барша қазақстандық жұртшылыққа  ұсыну, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік міндетті орындау  аясында ресейлік ғалым В.И. Козодойдың Ә. Бөкейхановтың өмірі мен қоғамдық-саяси қызметін зерттеуге қосқан үлесін айшықтау.

Виктор Иванович Козодой Новосибирск облысының вице-губернаторы қызметін атқарып, Ресей Ғылым академиясының Сібір филиалының тарих институтын және Сібір басқару және бұқаралық коммуникациялар академиясын басқарды. Ол ХХ ғ. бас кезіндегі қоғамдық-саяси үрдістер тарихы, оның ішінде қазіргі Қазақстан Республикасы аумағындағы қоғамдық-саяси жағдай мәселелерін зерттеуші, Қазақстанның ғылыми қоғамдастығымен тығыз ғылыми ынтымақтастық ұстанатын ресейлік ғалым. В.И. Козодой 50-ден астам ғылыми және оқу-әдістемелік зерттеулер, 13 жеке және бірлескен авторлықта жарық көрген монографиялардың авторы.

Тұсаукесерде ҚР Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Асылханұлы Ерғалиев, ҚР Президенті жанындағы ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, саяси ғылымдарының кандидаты ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық оңалту жөніндегі мемлекеттік комиссияның қызметін сүйемелдеу жөніндегі жобалық кеңсенің басшысы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының кандидаты Сабыр Ахметжанұлы Қасымов құттықтау сөздерін сөйледі. ҚР ҰҒА вице-президенті, академигі, профессор Мақсат Нұрәділұлы Қалимолдаев және ҚР ҰҒА корр.-мүшесі Зиябек Ермұханұлы Қабылдинов авторды құттықтап, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясынан Құрмет грамотасын және Институт атынан «Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Құрметті профессоры» (Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының 2021 ж. 27 қазанның Ғылыми кеңесінің № 6 хаттамасы) XX ғ.басындағы Ресей империясы Қазақ өлкесінің көрнекті саяси қайраткерлерінің қызметі туралы ғылыми зерттеулер саласындағы жемісті еңбегі, Ресей мен Қазақстан арасындағы бейбітшілікті, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға сіңірген еңбегі үшін дипломын тапсырды.

Виктор Иванович Козодой көрнекті қоғам және саяси қайраткер Әлихан Бөкейхановтың өмірбаяны мен қызметіне арналған баяндама жасап, «Алихан Букейханов: Человек-эпоха» («Әлихан Бөкейханов: Дәуір адамы») атты монография бойынша атқарылған жұмыстар нәтижесімен таныстырды. Ғалым бұл тақырыппен 2019 жылдан бері қызу жұмыс істеп келе жатқанын, осы уақыт ішінде Ресей мен Қазақстан архивтерінде көптеген ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, бұрын зерттеушілермен қолданылмаған бірқатар құжаттарды ғылыми айналымға енгізгенін түсіндірді. Сонымен қатар, Виктор Иванович осы тақырыпты кеңінен насихаттаумен белсенді айналысты, ол бұқаралық ақпарат құралдарында және Қазақстанның ақпараттық ресурстарында оннан астам сұхбат пен мақалалар жариялады, Санкт-Петербургтегі «Таврия оқулары» Халықаралық ғылыми конференциясын қоса алғанда, әртүрлі ғылыми конференцияларда осы тақырып бойынша оннан астам баяндама жасады. 2021 жылдың қазан айында «Әлихан Бөкейханов: Дәуір адамы» кітабы Новосибирск қаласында жарық көрді.

Ғылыми айналымға бұрын енгізілмеген архив материалдарын пайдалана отырып, автор Әлихан Бөкейхановтың өз тайпалары тарапынан да, сол күрделі және қарама-қайшы дәуірдің жоғары Ресей демократиялық саяси элитасы тарапынан да беделіне ие бола алған ұлттық ауқымдағы ғана емес, бүкіл ресейлік деңгейдегі көшбасшы екендігі туралы тұжырым жасады. Әлихан Бөкейханов – Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты, белгілі наразылық Выборг үндеуіне бірінші болып қол қойған саясаткер (1906 ж.). Ресейдің ең ірі оппозициялық партиясы – кадеттер партиясы Орталық Комитетінің жетекшілерінің бірі. Уақытша үкімет кезеңіндегі Заурал Ресей мұсылмандарының арасынан шыққан бірінші губернатор (комиссар) (1917 ж.). Алаш Орда үкіметінің төрағасы.

«Алаш» қозғалысын зерттеуге маманданған отандық жетекші тарихшылар – ҚР ҰҒА академигі, профессор М.Қ. Қойгелдиев, ҚР Орталық мемлекеттік архивінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты С.Қ. Шілдебай, сонымен қатар мәдени жұртшылық өкілдері авторға Әлихан Бөкейхановтың ХХ ғасырдың басындағы Ресей тарихындағы рөлін зерттеуге, қазақ өлкесінде «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының қалыптасуына қосқан үлесі үшін бірауыздан алғыс сөздерін білдірді.