Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Институттың жетекші ғылыми қызметкері Ж.Жеңіс Ұлттық құндылықтардың бастауы – тіл мен тарих атты семинарға қатысты


2021 ж. 17-19 қараша аралығында Институттың жетекші ғылыми қызметкері Ж.Жеңіс Қапшағай қаласындағы “БАЛДӘУРЕН” Республикалық оқу-сауықтыру Орталығында еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған мектептердің тарих және қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдеріне арналған “ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫҢ БАСТАУЫ – ТІЛ МЕН ТАРИХ” атты семинарға қатысты. Ұйымдастырушылар мектеп мұғалімдерінің шеберлігін одан әрі шыңдауға М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер, А. Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институттары мен ЖОО бір-бірден ғалым-оқытушыларын шақырған. Ғалымдар латын әліпбиі, қазақ руханияты, қазақ тарихы, түрлі әдістемелік тақырыптар бойынша дәрістер оқыды.
БАЛДӘУРЕН туралы: бұрын Қорғаныс министрлігінің Қапшағайдағы емдеу-сауықтыру кешені болған бұл шипажай қараусыз қалып, сатылып кету алдында тұрғанда И. Тасмағанбетов бұл кешенді БжҒМ беріп, ұстаздар мен дарынды балдардың оқу-сауықтыру Орталығына айналдыруды ұсынады. Осылайша, Көкшетаудағы осындай кешен мен Қапшағайдағы осы мекеме мұғалімдер мен оқушылардың игілігіне жұмыс жасап жатыр. Қазір мұнда әр 20 күн сайын Алтай мен Атырау арасындағы мектептердің 300-ге жуық оқушылары мен ұстаздары білімдерін шыңдап, әрі ем қабылдап демалып жатыр.
Ел келешегі үшін алаңдаулы зиялы қауым, билік тарапынан келер ұрпақ үшін жасалып жатқан игі істерге риза болып, күш жігерлері тасыған, білімді, өз істерін риясыз сүйетін жас мұғалімдерге көңілдері толып тарасты.
Орталық қызметкерлері туралы айтылса, тек жемқорлық пен тамыр-таныс арқылы жақсы қызметке тұруға болады деген  стереотиптің де бұл жерде жүрмейтініне көз жетті. Қызметкерлер шетінен дарынды, педагогикалық шеберліктері жоғарғы деңгейдегі сайдың тасындай ұстаздар. Мысалы, ғылыми-әдістемелік бөлім меңгерушісі Гүлнар Нүсіпбайқызы 2016 жылғы “Үздік мұғалім” атағының иегері, шебер ұйымдастырушы, өз ісіне кіршіксіз берілген маман. Осы орайда, жиынның жоғары деңгейде өтуін ұйымдастырған, білікті мамандарды жинап, жас ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім беріп жатқан Орталық директоры Жалаева Ләззат ханымға алғысымыз шексіз.
“Ел боламын десең, бесігіңді түзе” дегендей,  болар ел мен келешегінен үміт күттіретін халықтың белгісіндей осындай жағымды істер көп болып, ел үшін алаңдаулы қауымды қуанта берсін.