«Қазақстанның қазіргі заманғы тарих ғылымын қалыптастырудың ғылыми негізделген тұжырымдамасын әзірлеу» жобасы аясында Қызылорда қаласына іссапар бойынша есеп

2021 жылдың 12–23 қараша аралығында Тарихи демография және Қазақстан халқы Ассамблеясы бөлімінің ғылыми қызметкері Мурзаходжаев Қуаныш Мәдиұлы «Қазақстанның қазіргі заманғы тарих ғылымын қалыптастырудың ғылыми негізделген тұжырымдамасын әзірлеу» тақырыбындағы ғылыми жоба аясында Қызылорда облысының мемлекеттік архивінің қорларында және кітапханаларында ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Қызметтік тапсырманың міндеттеріне сәйкес іссапар барысында жоғарыда көрсетілген архив қорларынан ғылыми жоба тақырыбы бойынша құжаттарды анықтау жөнінде жұмыстар орындалды. Атап айтсақ, жұмыс барысында Р-1 «Қызылорда уездік атқару комитеті; Р-293 «Қазақ ССР ғылым академиясының Қызылорда ғылыми зерттеу базасы»; Р-885 «Қызылорда облысының тарихына қатысты ТМД архивтерінен алынған құжаттар көшірмелері (Мәскеу, Орынбор, Ташкент)»; Р-4 «Қазақ халық ағарту институты» және т.б. қорлардың құжаттары қаралды. Тақырыпқа қатысты құжаттар сканерленіп, көшірмесі жасалды.

Жұмыс барысында Қызылорда қаласында орналасқан Қорқыт Ата атындағы ғылыми кітапхананың және Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің ғылыми кітапхана қорымен танысып, ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар, іссапар нәтижесінде «Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің» Басқарма төрағасы – ректор Кәрімова Бейбіткүл Сарсемханқызымен екі жақты келісімшарт жасалып, меморандумға қол қойылды.

Сондай-ақ, «Қызылорда облысының мемлекеттік архивінің» директоры Абзалиева Жанат Амангелдіқызымен екі жақты келісімшарт жасалып, меморандумға қол қойылды.

Қызылорда қаласынан «Қызылорда облысының әкімшілік-аумақтық бөліну анықтамалығы. – Астана: Елорда, 2008. – 248 б.» және «Отты жылдардағы ерлік пен еңбек мұрағат шежіресінде: Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 70 жылдығына арналады. – Қызылорда: Жиенай, 2015. – 202 б.» кітаптар әкелінді.

Қазіргі уақытта жиналған архив материалдарды кейін жоба бойынша дайындалатын құжаттар жинағы мен ұжымдық монография жазуға пайдалану үшін жүйелеу жұмыстары жүргізілуде.