Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

«Қазақ» газетіне – 100 жыл!


Ш.Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтында 22 ақпанда бір ғасыр бұрын жарық көрген, қазақ халқының үні, тілі, жанашыры болған «Қазақ» газетіне арналып дөңгелек үстел өткізіліп, институттың ғалымдары мен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің докторанттары мен магистранттары өз ойларын ортаға салысты.
Институт директорының ғылым жөніндегі орынбасары Нұрлан Атығаевтың алғы сөзімен ашылған дөңгелек үстелде тарих ғылымдарының докторы Светлана Смағұлова «Қазақ» газеті – тарих дерек» тақырыбында баяндама жасап, А. Байтұрсыновтың басшылығымен, ұйымдастыруымен, М. Оразаевтың бастыруымен жарық көрген газеттің Қазақстан тарихы саласындағы, әсіресе ХХ ғасыр басындағы қазақ халқының қоғамдық-саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени жағдайын ашуда бірден-бір дерек көзі екендігін атап өтті.
Дөңгелек үстел жұмысына қатысқан А. Тоқтабай, В.З.Галиев, Ә. Дәулетхан, С.К. Рүстемов, Г.Ж. Өскембаева, Р.Е. Оразов және т.б. ғалымдар газеттің шығу тарихына, көтерген мәселелеріне қатысты дәлелді пікірлер айтып, оның материалдарыңың маңыздылығын, ғылыми зерттеулерде бұрындарда да, қазір де қолданылып отырғандығы жөнінде пікірлер айтты. Тарих ғылымдарының докторы Ахмет Тоқтабай «Қазақ» газетінде көтерілген мәселелер бүгінгі таңда жалғасын тауып отырғандығына тоқталса, т.ғ.к. Сәулебек Рүстемов газетті шығаруда «Уақыт» газеті мен татар қайраткерлерінің үлесі барлығы жөнінде қызықты мәліметтер келтірді. 
Т.ғ.д., профессор Виль Галиев ХХ ғасыр басында «Қазақ» газетіндей отарлық жүйеге қарсы шыққан басылымның болмағандығын айтса, т.ғ.к. Гүлнұр Өскембаева сөз барысында газет көтерген мәселелер Мемлекеттік дума деңгейіне дейін жеткендігін, газеттің араб әріпімен шығуы көпшілік ғалымдардың ғылыми зерттеулерінде қолдана алмағандығын келтіре отырып, бүгінгі таңда «Қазақ» газетінің 1913-1914 жж. нұсқасы толықтай ғалымдар С.Смағұлова, Ғ. Әнес, Т. Зәмзаеваның аударуымен бүгінгі емлеге түсіп, 2 том ретінде көпшіліктің пайдалануына қолжетімді болып отырғандығы қуантарлық жайт екенін айта отырып, алдағы уақытта қалған жылдардағы газет материалдарының аудармасымен қауышсақ деген пікірін білдірді.
Дөңгелек үстелге қатысушылар «Қазақ» газетінің ұлттың бірілігін, берекесін ұйыстырған басылым болғандығын өскелең ұрпаққа насихаттап, түсіндірудің маңыздылығын, тарихи зерттеулерде дерек ретінде қолдану қажеттігін бір ауыздан қолдады.