Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология инсититутында 2022 жылдың 12 сәуірінде«Батыс әлеуметтік-мәдени антропологиясындағы этнографиялық зерттеулердің тәжірибелік қағидаттары» тақырыбында методологиялық семинар өтті.Семинар мақсаты – батыс елдерінде бір мезгілде әдіс, жанр және пән ретінде танылған этнография ғылымының методологиясы, ғылыми ізденістер жүргізу тәсілдері, алынған мәліметтерді өңдеу және талдау, репрезентация тәсілдері, кәсіби этика және т.б. қағидаларының ерекшеліктерін талқылау болып табылды.

Семинар жұмысы институттың ғылыми істер жөніндегі директордың орынбасары, т.ғ.к. Ш.Б. Тлеубаевтың кіріспе сөзімен ашылды. Іс-шара модераторы институттың Тарихнама, деректану және заманауи методология бөлімінің бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д., профессор О.Х. Мұхатова.

Баяндамашы Г.Ү. Орынбаева Қазақстан ғылымының маңызды міндеттерінің бірі оның әлемдік кеңістікке табысты кірігуі болып табылатындығына тоқтала келе, батыс елдерінде кең таралған эмпирикалық-теориялық ғылыми бағыт – әлеуметтік-мәдени антропология кеңестік кезеңде қалыптасқан және ТМД елдеріндегі этнология/этнографияның аналогы болып табылатындығын және далалық зерттеу әдісіне сүйенетіндігін баяндады. Батыстық мағынадағы этнография әлеуметтік зерттеулерде қолданылатын және қоғам түйткілдерін далалық әдістер көмегімен пайдалануды мақсат ететін, әртүрлі әлеуметтік топтар мен субмәдениеттерді зерттеуге бағытталған пән және методологиялық бағыт болып табылатындығын жеткізді.

Бұдан өзге, семинарда батыстық этнографияның ерекшеліктері, оның мазмұны мен сатылары, зерттеу әдістері мен принциптері, алынған мәліметтерді, нәтижелерді талдау тәсілдері қарастырылды. Далалық зерттеулер жүргізудің қағидаларын меңгерудің маңызы ақпаратты алу тәсілінің ерекшеліктерін, сондай-ақ қазіргі уақытта оларды қоғамдық ғылымдардағы қолданыс аясын кеңейтудегімаңызын ашты. Батыстық этнографияның жетістіктерімен танысу, оны тәжірибеде қолдану отандық ғылымның дамуына септігін тигізетіндігін, бәсекеге қабілеттілігін арттыратындығын айшықтады.

Семинарға республикамыздағы этнология, тарих, әлеуметтік және мәдени антропология және басқа да қоғамдық және гуманитарлық пәндер саласындағы мамандар, ғылыми қызметкерлер, магистранттар мен докторанттар қатысты.

Т.ғ.д., профессор С.Е. Әжіғали семинар соңында сөз алып, баяндама өте өзекті тақырыпқа арналғандығын айтып өтті. Жалпы, ғылымның дамуына қатысты өз тұжырымдарын жеткізе келе, кеңестік мектеп пен батыстық, американдық, еуропалық мектептер сияқты әлеуметті зерттейтін түрлі мектептер болғандығына, оның ішінде кеңестік мектеп халықтанудан дамыса, батыстағы антропология өзгешелеу даму жолында еді деген пікірлерімен бөлісті.Осы орайда, ғалым азиялық этнография отарлаушылық сипатта болғандығына, яғни империялық экспедициялар әскери, отарлық бағытта жүргендігіне тоқталды. Сонымен қатар, кеңестік этнография методологиялық жағынан өз заманында нәтижелі дамығандығын, кеңестік мектеп жетістіктерін жоққа шығаруға болмайтындығын да айта келе, көрнекті зерттеушілердің бірқатары С. Толстов, С. Иванов т.с.с. ғылыми ізденістерін айшықтады. Сонымен қатар, өзіндік тәжірибесі негізінде қазіргі зерттеушілердің назарына ұсыныстарын жеткізді әрі осы саладағы зерттеу бағыттарымен айналысатын жас мамандар, докторанттардың қажеттілігін алға тартты.

Сонымен бірге, семинарға қатысушы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих факультетінің оқытушылары: т.ғ.д., профессор, Б.К. Қалшабаева, т.ғ.д.,профессор А.Б. Қалыш, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ЖҒҚ, т.ғ.к. А. Қаипбаева т.б. баяндамашыға сұрақтар қойып, өз ойларымен бөлісті.

Семинар соңында қатысушылар тарапынан ұсыныстарайтылып, баяндамашыға ризашылықтарын білдірді.

kk