Новосібір қаласына ғылыми іс-сапар қорытындысы


Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, т.ғ.к. А.Т. Қайпбаева мен жетекші ғылыми қызметкер, PhD А.М. Әбікей 2022 жылдың 12-25 маусымы аралығында «ХХ ғ. 20-30 жж. дәстүрлі қазақ қоғамын жаңғырту саясатындағы зайырлы білім мен ағарту жүйесі» атты гранттық қаржыландыру бойынша ғылыми жобаны жүзеге асыру аясында Ресей Федерациясының Новосібір қаласына ғылыми іс-сапар жұмысын жүзеге асырды.

Ғылыми іс-сапардың мақсаты – Новосібір қаласының (РФ) архив және кітапхана қорларындағы кеңестік кезеңдегі елміздегі білім мен ағарту ісіне қатысты тың деректерді зерделеу, сараптау және құндылығына қарай толыққанды жинақтау болып табылады.

Новосібір қаласында Новосібір облысының Мемлекеттік архиві, Новосібір қалалық архиві, Новосібір мемлекеттік облыстық ғылыми кітапханасы, Мемлекеттік көпшілік ғылыми-техникалық кітапханасында жұмыстар жасалды. Сонымен қатар, Омбы облысының тарихи архиві мен А.С. Пушкин атындағы Омбы мемлекеттік облыстық ғылыми кітапханасында деректер мен ғылыми зерттеулер негізінде шаралар атқарылды. Осы орайда, Қазақстандағы өткен ғасырдың 20-30 жж. білім беру саласына қатысты жүргізілген реформалардың барысы мен нәтижелерін зерделеу бағытында архив құжаттары анықталып, диссертациялар, архив құжаттарының жинақтары, монографиялар және баспасөз құралдары негізіндегі құнды еңбектердің көшірмелері алынды.

Бұдан өзге, ғылыми мекемелермен әріптестік байланыс аясында да ұйымдастыру жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, Новосібір облысы Мемлекеттік архивінің директоры Дмитрий Геннадьевич Симоновпен кездесіп, екі елдің ғылыми мекемесінің атқару барысындағы жұмыстары баяндалып, ортақ мәселелер талқыланды. Аталған мекемелердің ғылыми ізденістерінің нәтижелері болып табылатын ғылыми еңбектермен алмасты. 

Сонымен қатар, іс-сапар барысында Ресей Ғылым академиясының Сібір бөлімшесі Тарих институтының директоры, т.ғ.д. Рынков Вадим Маркович пен Әлеуметтік-экономикалық даму тарихы секторының жетекші ғылыми қызметкері, т.ғ.д. Наталья Николаевна Аблажеймен, сондай-ақ Археография және деректану секторының меңгерушісі, т.ғ.к., доцент Петров Станислав Геннадьевичпен, ғалымдарыменкездесушаралары өткізілді. Кездесу барысында әріптестік ғылыми байланыстар жөнінде, ғылыми жоба аясында пікір бөлісіп, ғылыми еңбектерді сыйға тартумен қорытындыланды.