Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

«QAZAQ TV» «Құпияны іздеуде» телебағдарламасының түсірілімі Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында


2022 жылдың 15 тамызында Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында “QAZAQ TV” республикалық телеарнасы жүзеге асыратын «Searched for mystery” (“Құпияны іздеуде”) телевизиялық жобасының деректі тарихи циклінің бірінші бағдарламасының түсірілімі өтті. Телекөрермендерге танымал бағдарламаның жүргізушісі рөліне Австралиялық танымал ғалым, Орталық Азия мен Қазақстанның тарихына қызығушылық танытатын әлеуметтанушы – Дэниел Беседин шақырылды.

Жоба авторы және продюсер Маржан Карменованың жетекшілігіндегі түсірілім тобы Институтымыздың жаңа уақыттағы Қазақстан тарихы бөлімінің бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Жеткергенұлы Әбдіровтан сұхбат алды. Ол «Ежелгі дәуірден қазіргі уақытқа дейінгі (шетелдік аудитория үшін) Қазақстанның қысқаша тарихы» атты танымал ғылыми кітабының «ЕЖЕЛГІ ЖӘНЕ АЛҒАШҚЫ КӨШПЕНДІЛЕР ДӘУІРІНДЕГІ ҚАЗАҚСТАН (б.з.д. 2,5 млн. VI ғ.)» бірінші бөлімінің авторы, сондықтан профессордың алғашқы көшпенділердің тарихы, Ұлы Дала өркениетінің пайда болуы туралы айтары мол.

Сондай-ақ, жобаға спикер ретінде директордың кеңесшісі, бас ғылыми қызметкер, саяси ғылымдарының докторы, профессор Саин Молдағалиұлы Борбасов қатысты. Оның сөз сөйлеуінің тақырыбы Шыңжаң қазақтарының ұлт-азаттық көтерілісінің жетекшісі – Оспан батырдың тарихына қатысты (1940-1951). Одан әрі телециклдің беттерінде көрермендер басқа қазақ батырларының – Қабанбай, Бөгенбай, Райымбек және т. б. ұлы әрекеттерімен таныса алады.

Тұтастай алғанда, деректі фильмнің негізгі мәселелері қола дәуірі мен ерте темір дәуірінен бастап Қазақстанның ежелгі тарихы, сақ билеушілері Томирис пен Заринаның басқаруы, сондай-ақ түркі, моңғол дәуірлері, Қазақ хандығы, оның ішінде XVII–XVIII ғғ. қазақ-жоңғар соғыстарының тарихы, Кенесары Қасымов бастаған ұлт-азаттық көтеріліс, Қазақстанның Ресей империясы құрамында болған кезеңдеріндегі тақырыптарды қозғайды. Бағдарламада ежелгі Қазақ әдет-ғұрыптарының шығу тегі, көшпенділер мен қазақтардың тілі, мәдениеті мен тұрмысы туралы мәселелер қозғалады. Түсірілім кезінде профессор өз білімімен бөлісіп, жоғарыда аталған тақырыптарға арналған ғылыми еңбектерін көрсетті.

«Құпияны іздеуде» жобасының тұсаукесері 2022 жылдың қыркүйегіне жоспарланған, алда тағы бірнеше түсірілім кезеңдері күтілуде, оған біздің институттың басқа спикерлері де шақырылмақ. Шығарылымды жіберіп алмас үшін жаңалықтарымыздан қапы қалмаңыздар.