Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

«Қазақстандағы 1930-шы жылдардағы жаппай ашаршылық және қазақтардың шектес аумақтарға мәжбүрлі қоныс аударуы: заманауи түсіну және ғылыми бағалау мәселелері» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы


2022 жылдың 8 қыркүйегінде ҚР ҒжЖБ министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты «Қазақстандағы 1930-шы жылдардағы жаппай ашаршылық және қазақтардың шектес аумақтарға мәжбүрлі қоныс аударуы: заманауи түсіну және ғылыми бағалау мәселелері» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Халықаралық конференция «ХХ ғасырдың 30-жж. басындағы жаппай ашаршылық кезеңіндегі Орта Азия республикалары мен Ресейдегі қазақ босқындары: орналасуы мен бейімделуі» атты жобаны (жоба жетекшісі Құдайбергенова А.И.) жүзеге асыру аясында ұйымдастырылды. 

Қашықтықтан өткізілген конференцияға отандық және шетелдік ғалымдар, қоғам қайраткерлері, архив және мұражай қызметкерлері, өлкетанушылар, орта мектеп және жоғарғы оқу орындарының оқытушылары, магистранттар мен докторанттар және студент жастар қатысты. Атап өтсек, Ресей ғылым академиясы СБ Тарих институтының директоры Рынков Вадим Маркович (РФ, Новосибирск қаласы), Қырғыз Республикасы Сыртқы істер министрлігі Дипломатиялық академиясының проректоры, т.ғ.д, профессор З.К. Курманов (Бішкек қаласы, Қырғызстан), Ташкент мемлекеттік педагогикалық университетінің әлем тарихы кафедрасының доценті, т.ғ.к. Б.А. Пасилов (Ташкент қаласы, Өзбекстан), ӨзР ҒА Тарих институтының аға ғылыми қызметкері, т.ғ.к. Шухрат Эргашев (Өзбекстан) және Ресей Федерациясынан: Ресей Ғылым Академиясының Сібір бөлімінің Тарих институтының жетекші ғылыми қызметкері Н.Н. Аблажей (Новосибирск қаласы, РФ) мен М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің доценті, экономика ғылымдарының кандидаты А.С. Зуева (Мәскеу қ., Ресей), өз елімізден Мемлекет тарихы институтының директоры т.ғ.д., профессор Е.А. Әбіл, осы аталмыш институттың директор орынбасары т.ғ.д., профессор Б.Г. Аяған, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің “Мұстафа Шоқай” ғылыми орталығының ғылыми жетекшісі с.ғ.д., профессор Бәкір Әбдіжәлел Қошқарұлы; Әл-Фараби ат. ҚҰУ профессоры Қ.Қ. Құнапина, Қызылорда облысының мемлекеттік архивінің бөлім басшысы Д.А. Қалтаева, «Ахыска» түрік этномәдени орталығы қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Ш.А. Асиев және Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтынан: т.ғ.д., профессор С.М. Бөрбасов, т.ғ.д., профессор О.Х. Мұқатова, т.ғ.д., профессор А.И. Құдайбергенова, PhD доктор М.М. Қозыбаева және т.б. баяндама жасады.

Конференция жұмысы 1930-шы жылдардың басындағы Қазақстандағы ашаршылық және қазақ халқының іргелес республикалар аумағына ауа көшуі, мәжбүрлі көші-қон мен ашаршылық босқындары тарихының мәселелерін ғылыми тұрғыдан зерттеу, талқылау және бағалауға арналды.

Бөрібасов Сайын Молдағалиұлы және Құдайбергенова Айжамал Ибрагимқызы модераторлар болған конференция жұмысына барлығы 100-ден аса адам онлайн және оффлайн түрде қатысты (25 адам тікелей және 71 адам онлайн (соның ішінде Қостанай мемлекеттік университетінің бір топ студенттері бір онлайн терезе арқылы) қатысты. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де қатысты.

Ресей ғылым академиясы СБ Тарих институтының директоры Рынков Вадим Маркович өткізіліп жатқан ғылыми-тәжірибелік конференцияның келесідей артықшылықтарын:

а) жас мамандардың тартылуы;

ә) ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы ашаршылық тақырыбының  аймақтандыру мәселесінің көтерілуі деп атап өтті.

Сонымен бірге ол конференция тақырыбы аясында табылған өзекті тұжырымдарды, жаңа материалдарды талдап жазып, Ресейлік ғылыми журналда, жариялауға берсеңіздер деген өтінішін жеткізді.

Ғалым Әбіл Еркін Аманжолұлы 1930 жж. аштықтың қазақтардың локальды проблемасы емес екенін дәлелдеп, аштыққа түрткі болған ең басты факторды Кеңес үкіметінің орнауымен тікелей байланыстырды.

Шахисмайл Ахметұлы Асиев конференция жұмысына сәттілік тілей отырып, «Шындықты объективті түрде айту керек, қазақ халқы ешкімге ешқашан жамандық жасамаған. Қазақ халқы бәрінен де көп зардап шеккен халық. Конференциядағы мәселелер өте орынды қойылған» деп атап көрсетті.

Аяған Бүркітбай Ғелманұлы өз баяндамасында күштеп жүргізілген ұжымдастырудың нәтижесі болған қазақ жеріндегі ашаршылықтың қырғыз елінде едәуір оңай өтуінің себептерін түсіндірді.

Бәкір Әбдіжәлел Қошқарұлы 1932-33 жж. аштық кезеңін шетел асып жүргеніне қарамастан қазақ елі үшін еңбек еткен Мұстафа Шоқайдың көзімен қарастырып, «Мұстафа Шоқай – Түркістандағы ашаршылық саясаттың қатал сыншысы» атты баяндамасында «Түркістандағы совет үкіметінің ашаршылық саясаты. Т. Рысқұловтың куә болуы» деген мақаласында М. Шоқай ресми мәліметтерге сүйене отырып: «Түркістандағы ашаршылықты кеңес үкіметі өзі ұйымдастырды деген қорытынды жасайды» деп атап көрсетті.

Ресейлік әріптесіміз Аблажей Наталья Николаевна 1932-33 жылдардағы ашаршылыққа ұшыраған қазақ халқының босқындары сонымен қатар ұрпақтарын Шыңжаннан елімізге қайтару мәселесі қарастырылған баяндамасында қызықты мәліметтер берді.

Құнапина Қайыркен Құдайбергенова “Жаңа Қазақстанда жаңа жетістікке жетудің көзі – Қазақстанның тарихын жаңадан ашық-қанығына жетіп зерттеуіміз керек”-дей отыра, мектептер мен ЖОО-дағы Қазақстан тарихы пәніне лайықты көңіл бөлінбеу мәселесін көтерді. 

Қамысбаева Қатира Балабекқызы (№ 146 орта мектеп мұғалімі, Алматы қ., ​Қазақстан) өз сөзінде Алматы қаласы ҰБТ тапсыру бойынша Қазақстан тарихы пәнінен 2020 жылға дейін 1-ші орында еді. Мектептерде сабақ сағаттарының қысқаруына байланысты бұл көрсеткіштің төмендеп бара жатқанын айтып, келесідей ұсыныстар жасады: Қазақстан тарихы сабағы сағаттарын орта мектеп бағдарламасында көбейту; Ғалымдар өткізетін конференцияларда мектеп оқытушылары мен оқушыларына арналған секция ашу; мектеп оқулықтарындағы түсініксіз тілден қол жетімді тілге ауыстыру; Ғалымдар мектеп оқушыларына тақырыптық дәрістер өткізу; хронологиялық оқиғалардағы бүтін нақтылыққа келу немесе тарих пәні бойынша мектеп оқулықтарында әр түрлі жылдар көрсетілген, сол себептен хронологиялық нақтылық керек, сол мәселені қарастыру; Тарихтан шығарылатын кітаптарға рецензияларды институт ғалымдары берсе, өйткені көп мектеп кітаптарының тілдері ауыр, қиын жазылған.

Өзбекстандық ғалым Пасилов Баходир Абдуллаевич баяндамасында Өзбекстандағы ұжымдастыру процесін сөз етті.

Мұхатова Оразгүл Хасенқызы Қазақстан тарихындағы босқыншылық проблемасын 3 кезеңге: 1. Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама; 2. 1916 ж. Ұлт азаттық көтеріліс; 3. 1932-33 ж. ашаршылық деп бөліп, әсіресе ашаршылық кезеңінің зардаптары мен қасіретінің тек архив беттерінде ғана емес, халық санасында күні бүгінге дейін сақталып келетінін айтты.

«Қызылорда облысының мемлекеттік архиві» КММ-нің қоғамдық-саяси тарихы бойынша филиалының бөлім басшысы Қалтаева Дана Алмабекқызы 1929-33 жж. ашаршылық тек қазақ халқын тарыдай шашып қана қойған жоқ, сондай-ақ қазақ мәдени мұрасы да осы тұста ең ауыр кезеңдерін өткізді деп атап көрспетіп, архив қойнауындағы құжаттармен таныстырды. Сондай-ақ, Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Руханият» патриоттық-танымдық клубының төрағасы (Ақтөбе қ., Қазақстан) Абдуллина Жібек Османғалиқызы да босқыншылық тақырыбына қатысты пікірлерімен бөлісті.

Қозыбаева М.М. шетелге қашуға мәжбүр болып, шекарада атылып, қуғын-сүргінге ұшырап, түрмеге қамалған отандастарымыздың аты ақталып, ұрпақтары оралуы керек деген ойымен бөлісті.

Сонымен бірге босқыншылықтың аймақтық ерекшеліктерін ашатын баяндамалар да ұсынылды. Мысалы: Курманов Зайнидин Карпековичтің«Қазақ ашаршылығы мен Қырғызстандағы босқындардың мәселелері туралы», Құдайбергенова Айжамал Ибрагимқызының «Ашаршылық жылдарындағы босқыншылықтың Өзбекстанға қашқан қазақ босқындары (1929-1933 жж.),. Байдалы Рауан Жомартұлының «Қарақалпақ жеріне қоныс аударған қазақ босқындарының қоныстануы мен бейімделуі», докторант Стамшалов Еркін Иманғазыұлының«ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы Қазақстанның оңтүстік-шығыс өңіріндегі қарулы босқыншылық көріністері» және т.б. баяндамалары босқыншылықтың аймақтардағы ерекшеліктеріне арналды.

Конференция соңында көрсетілген, ұсынылған ұсыныстар негізінде Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының шешімі қабылданды.

Ескерте кетсек, конференция жұмысында қаралған мәселелер баспаға даярланып, арнайы жинақ ретінде жарияланатынына назар аударамыз. Баяндамаларға қызыққан оқырмандар болса, жыл соңына қарай Институтқа хабарласып, алуына болады.

Құдайбергенова А.И. – Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы