Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

ИНСТИТУТ ҚАБЫРҒАСЫНДА ЖАПОНДЫҚ ТАРИХШЫ-ҒАЛЫММЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ


2022 жылдың 12 қыркүйегінде Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында жапон зерттеушісі, Хоккайдо университетінің славян-еуразиялық зерттеулер орталығының директоры (Жапония, Саппоро қ.) – Уямо Томохикомен ғылыми кездесу өтті.

Жапон зерттеушісі Томохико Уяма 2006 жылдан бастап славян-еуразиялық зерттеулер орталығының профессоры, Орталық Азияны зерттеу бойынша жапон қоғамының президенті, сондай-ақ Жапония Ғылыми кеңесінің қауымдастырылған мүшесі болып табылады.

Зерттеуші 1991 жылы Токио университетінің жалпы білім беру факультетінің орыс бөлімінде оқыған, 1993 жылы аталмыш оқу орнының аспирантурасын тәмәмдап, 1993-1996 жылдары докторантурасында білім алған.

Профессор Жапон елінде алғашқылардың бірі болып Орталық Азия өңірі бойынша, оның тарихы мен саясатын қоса алғанда, зерттеулер жүргізген тарихшылардың бірі болды. Сондай-ақ, зерттеуші 1995-1996 жылдары елімізде Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының Шығыстану институтының шақырылған ғалымы ретінде еңбек етті.

2017 жылы институттың тарихи демография және ҚХА бөлімінің ғылыми қызметкері, Ph докторанты К.М. Мұрзаходжаевтың «XIX ғ. аяғы-XX ғ. басындағы Қазақстандағы джадидтердің мәдени ағартушылық қызметі» тақырыбында шетелдік ғылыми жетекшісі болып бекітілді.

Ғылыми кездесу барысында жапон ғалымы институт ұжымына, сондай-ақ ғылыми қоғамдастыққа ZOOM-конференциясы форматында «Алаш» партиясына қатысты өзінің көпжылдық зерттеулерінің нәтижелерімен бөлісе отырып дәріс оқыды. Ол Ресейдің Жоғарғы билеушісі А.В. Колчактың үкіметін айналып өтіп, 1919 жылы Азамат соғысы кезінде Қазақ партиясының белсенділері – Райымжан Мәрсеков, Әлімхан Ермековті Жапон қолбасшылығы өкілдерімен Алаш Орда үкіметі құрған кавалериялық полктерге қару-жарақпен көмек көрсету жөнінде өтінішпен тікелей байланыс туралы қызықты мәліметтерді хабарлады. Аталған фактілерді профессор жапон мұрағаттарында, атап айтқанда Жапония Сыртқы істер министрлігінің мұрағатында анықталған құжаттар негізінде баяндаған. Уямо Томохиконың айтуынша, жапон тарапы мен «Алаш» партиясының өкілдері арасындағы келіссөздерге байланысты басқа да құжаттар бар.

Дәріс аяқталғаннан кейін кездесуге қатысқан ғалымдар Уямо Томохикоға оның ғылыми еңбектерін қазақ тіліне аудару жайлы, сондай-ақ, жақын арадағы ғылыми жоспарларына қатысты, азаматтық соғыс кезіндегі «Алаш» партиясы қызметінің кейбір аспектілері бойынша сұрақтарды нақтылап,  қайраткерлердің жапондармен байланысының 1930 жылдардың соңында КСРО-дағы «үлкен террор» кезіндегі қайғылы тағдырына әкеп соққандығы жайында сұрақтар қойды.

Дәріс соңында институт директоры З.Е. Қабылдинов қонаққа институт кітаптарын табыстап, қазақ халқының тарихын зерттеуге қосқан үлесі үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ алдағы уақытта тығыз ғылыми байланыстар мен өзара қарым-қатынастарды нығайтуды қалайтынын атап өтті.