Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

«С.Сәдуақасұлының қызметі және Қазақстан мен Орталық Азияның әлеуметтік-экономикалық дамуының тиімділігі: тарих және қазіргі заман» атты ғылыми-теориялық республикалық конференциясы


Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты 2022 жылдың 6 қазанында ЖТН АР09261139 «Смағұл Сәдуақасұлының мемлекеттік, қоғамдық және ғылыми-педагогикалық қызметі (жаңа архив және жазба деректер негізінде)» ғылыми-зерттеу жобасын іске асыру аясында «С. Сәдуақасұлының қызметі және Қазақстан мен Орталық Азияның әлеуметтік-экономикалық дамуының тиімділігі: тарих және қазіргі заман» тақырыбында республикалық ғылыми-теориялық конференция өткізді.

Конференцияның мақсаты – Мемлекет басшысы Қ.-Ж.К. Тоқаевтың 2020 жылғы 24 қарашадағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлығын орындау барысында, жаңадан табылған құпиясыздандырылған архив деректері мен материалдары тұрғысынан, мемлекет және қоғам қайраткері С.С. Сәдуақасұлының (1900-1933), өмірін, оның сан қырлы мұрасының тыныс-тіршілігін насихаттау.

Конференцияға Қазақстан Республикасының жетекші ғалымдары, бірқатар архив мекемелерінің басшылары, белгілі қоғам қайраткерлері, жас ғалымдар мен студенттер, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.

Конференцияға қатысушылар Қазақстан тарихының теориялық-әдіснамалық мәселелері мен заманауи тұжырымдамаларын, Смағұл Сәдуақасов мұрасы арқылы Отан тарихының өзекті мәселелерін келесідей бағыттарда талқылады:

  • Смағұл Сәдуақасұлының мемлекеттік және саяси қызметі;
  • Қазақстан мен Орталық Азияның әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін тиімді басқару: тарих сабақтары. КСРО-да аудандастыру: С. Сәдуақасұлының ұстанымдары мен тәсілдері;
  • С. Cәдуақасұлының педагогикалық көзқарастары мектеп ісін ұйымластыру: теория және тәжірибеа. Алғашқы халық ағарту комиссариаттары мен соның ішінде С. Сәдуақасұлы мысалында;
  • Ұлттық-мемлекеттік құрылыстың құқықтық негіздері Қазақ Республикасы мысалында. Алаш қайраткерлері БАҚ баспасы дискурсында: тарих және қазіргі заман;
  • КСРО-дағы репрессивті механизмдер ұлттық республикалардың жетекші эшелонын қудалау мысалында. Тарихтағы тұлғаның рөлі Смағұл Сәдуақасов мысалында.

Конференцияға қатысушы Егемен Қазақстан республикалық газетінің бас редакторы, ҚР ҰҒА академигі Д. Қамзабекұлы «Смағұл Сәдуақасұлы – мемлекетшіл тұлға» тақырыбындағы баяндамасында С. Сәдуақасұлы жайлы тың деректерді келтіре отырып, маңызды мәліметтерге тоқталды. Сондай-ақ А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары Е. Маралбекұлы, әл-Фараби ат. ҚазҰУ профессоры Г. Муканова, СҚО архивінің директоры С. Маликова, СҚО кәсіподақтар орталығы аумақтық кісіподақтар бірлестігінің төрағасы Е. Нұрақаев, т.ғ.к., Ш. Булгауов, СҚО «Парасат» мектеп лицейінің мұғалімі Қ. Шарипова, Мңғыстау обл., Мұнайлы ауд., №13 мектептің мұғалімі Б. Айсұлтанова және т.б. көптеген баяндамалары тыңдалды.

Қызықты баяндамалар мен ақпараттық хабарламаларды, белгілі отандық зерттеушілердің, публицистер мен жас ғалымдардың пікір алмасуын тыңдаған конференцияға қатысушылар Қазақтың мемлекеттік және қоғам қайраткері, республика жоғары мектебі мен ұлттық театрдың ұйымдастырушысы, жастардың көшбасшысы, шешен және публицист, ұлттық құндылықтар үшін күрескер С. Сәдуақасұлының жарқын бейнесін одан әрі насихаттау қажеттігі туралы қорытындыға келе отырып, келесідей қарар қабылдады:

1. Институт ғылыми мақалалар мен баяндамаларды жинақтай отырып, «С. Сәдуақасұлының қызметі және Қазақстан мен Орталық Азияның әлеуметтік-экономикалық дамуының тиімділігі: тарих және қазіргі заман» атты республикалық ғылыми-практикалық конференциясының жинағын шығарсын, конференция материалдарын жоғары оқу орындарының тарих факультеттері мен кітапханаларына берілсін.

2. Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты қызметкерлерінің, еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылық құрамының ғылыми еңбектерінде С. Сәдуақасұлы мұрасын зерттеу мен насихаттау ісін кеңейту.

3. С. Сәдуақасұлының мұрасының сан қырларын республиканың жетекші жоғары оқу орындарының магистранттары мен докторанттарының диссертациялық зерттеулерінде Отандық тарихтың, экономиканың, аумақтық тұтастықтың, жоғары білім мен мәдениеттің өзекті мәселелерін зерттеу және аша түсу ұсынылсын.

4. Астана, Алматы қалаларының, Қостанай, Қызылорда, Семей және Солтүстік Қазақстан облыстарының, ҚР ОМО және ҚР ПА мемлекеттік архивтерінде Смағұл Сәдуақасұлының өмірі мен көп қырлы қызметі туралы дереккөздер қорын құру туралы мәселені қарастыру ұсынылсын.

5. Республикалық және өңірлік БАҚ өкілдері қазақтың бірегейлігі мен мемлекеттілігінің қалыптасуы мен дамуына, ұлттық құндылықтар мен аумақтық тұтастықты қорғауға, жоғары мектепті ұйымдастыруға және әдеби дарындар мен ұлттық театрды, баспа ісін ілгерілетуге мүдделі бірқатар БАҚ-тың талантты редакторы ретінде жастармен жұмыс істеуге өлшеусіз үлес қосқан С. Сәдуақасұлының мұрасы кеңінен насихатталсын.