Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Ш.Ш. УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ ТАРИХ ЖӘНЕ ЭТНОЛОГИЯ ИНСТИТУТЫНДА ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ОҚУ-АҒАРТУ ЖҮЙЕСІНІҢ ТАРИХЫНА АРНАЛҒАН ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ


Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология Институтында 2022 жылғы 29 қыркүйекте «1920-1930 жылдардағы Қазақстандағы оқу-ағарту жүйесі: тарихы мен тәжірибесі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Онлайн форматта өткен дөңгелек үстелді Институт «ХХ ғ. 20-30 жж. дәстүрлі қазақ қоғамын жаңғырту саясатындағы зайырлы білім мен ағарту жүйесі» атты гранттық жобасы аясында ұйымдастырды.

Дөңгелек үстелдің мақсаты ХХ ғасырдың 20-30-шы жылдары дәстүрлі қазақ қоғамын жаңғырту саясатында Қазақстандағы зайырлы білім беру және ағарту жүйесінің реформаларын зерттеу, орта, арнаулы орта және жоғары оқу орындарында мамандар дайындау тәжірибесінің ұтымды тұстарын жүйелеу, ұлт зиялыларының жаңа білім деңгейін сәтті еңсеруі жолындағы тағлымдық қаракеттері мен ағарту саласын дамытуға қосқан үлесі, 1920–1930-жылдардағы оқу-ағарту жүйесінің мәселелері мен жетістіктерін талдау болды.

Іс шараға Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкерлері, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті, Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының тарихшы ғалымдары, сондай-ақ жас ғалымдар және БАҚ өкілдеріқатысты.

Алқалы жиынның кіріспесін Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының кеңесшісі, саяси ғылымдарының докторы, профессор С.М. Борбасов ашып, шараның өту барысымен таныстырды. Сондай-ақ модераторлық тізгінін Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, жоба жетекшісі Айнагүл Қаипбаеваға тапсырды.

Дөңгелек үстел аясында т.ғ.д., Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д. Оразгүл Мұхатова, жетекші ғылыми қызметкерлер, т.ғ.к., Айнагүл Қаипбаева мен PhD доктор, Арман Әбікей, Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының аға оқытушысы, PhD доктор Ардақ Нұрмұхамедов және т.б. «1920-1930 жылдардағы Қазақстандағы оқу-ағарту жүйесі: тарихы мен тәжірибесі» атты тақырыбында сөз қозғап, зерттеу жұмыстарының нәтижелерін баяндады.

Алғашқы сөз кезегі ұсынылған профессор Оразгүл Хасенқызы өз баяндамасында ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы білім беру жүйесіне ұлт зиялыларының қосқан үлесі және мұғалімдер даярлаудағы дайындық курстарының білім беру жүйесін қалыптастырудағы рөліне тоқталып, ой-тұжырымдарымен бөлісті.

Баяндамада ғалым «Қазақстанда жаңа қоғамға сәйкес білім беру жүйесін қалыптастыруға, мамандар дайындауға ұлт зиялылары зор үлес қосты. Ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлы 1921 жылдың 18 қаңтарында Орынбор қаласында өткізілген Бүкілқазақстандық оқу-ағарту мәселелеріне арналған мектептерді ашуда олардың санына емес ең бастысы сапасына назар аудара отырып, қысқа мерзімде мұғалімдер даярлау курстарын ашудың қажеттілігін алдыға тартты. Өзі ұстаздардың біліктілігін көтеру мақсатында Алматы, Семей, Ақмола, Орынбор, Орал, Ақтөбе, Торғайда бір жылдық мұғалімдер семинарияларын ашты. Мұндай курсты бітіргендер мұғалім мамандығына ие болып, ауылдық мектептерге жіберілді. Семей қаласында ұйымдастырылған осындай қысқа мерзімді курста 67 орыс және 90 қазақ мұғалім дайындалып шықты. 1920 жылдың маусым айынан бастап 4 айлық курс ашылып, онда 100-ге дейін мұғалімдер оқыды» деген мәліметтерді ортаға салды.

Негізгі баяндамашылардың бірі, тарих ғылымдарының кандидаты Айнагүл Толғанбайқызы «Қазақстандағы Ағарту халық комиссариатының қызметі архив деректерінде» атты баяндамасында өткен ғасырдың 20-30 жылдарындағы Қазақстанның Ағарту халық комиссариаты қызметінің рөліне тоқталып, оқу-ағарту жүйесіне қатысты ҚР Орталық мемлекеттік архиві, ҚР Президент архиві, Ресей федерациясының мемлекеттік архиві, Ресейдің қазіргі заман тарихының мемлекеттік архиві, Өзбекстан Республикасының ОМА-да және Новосібір облысының мемлекеттік архиві деректернің негізінде Ағарту халық комиссариатының қызметін баяндады. 

Тарихи дереккөздерін сараптай келе тарихшы, республикалық Ағарту халық комиссариатының кеңестік билік кезеңінің алғашқы ширегіндегі қазақ қоғамын жаңа үкіметтік жүйеде қайта жаңғырту жолында зайырлы білім беру, сауат ашу науқанын қарқынды іске асыру, Қазақстандағы ғылымының әлеуетін қалыптастыру, өзге де мәдени сала бойынша Ахмет Байтұрсынұлы, Смағүл Сәдуақасов, Ораз Жандосов, Темірбек Жүргенов т.б. сынды ұлт қайраткерлері жоғары кәсібилікпен басқарған ағарту комиссариаты заманына сай ағарту жұмыстарын игі нәтижелер көрсеткіші бойынша атқарғандығын дәйектейді. Әйтсе де, архив қорлары құжаттарының ауқымды бөлігі ғылыми айналымға қосылғанымен, жекелеген құжаттар әлі де болса терең зерделеуді қажет етеді деген тұжырымдарымен бөлісті.

Институттың жетекші ғылыми қызметкері, PhD Арман Мұратұлы «Қазақстандағы жоғары білім беру жүйесінің қалыптасуы» тақырыбында ғылыми баяндама жасап, Қазақстанның 1920-1930-шы жылдары Жоғары оқу орындарының сандық және сапалық өсуі жүзеге асырылғандығын архив қорларындағы деректер негізінде кеңінен айшықтап, бұл Қазақстандағы жоғары білімнің дамуындағы жағымды құбылыс екендігін пайымдады.

Келесі баяндамашы Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының аға оқытушысы, PhD доктор Ардақ Амангелдіұлы «Ұлт қайраткерлерінің оқулықтар дайындаудағы рөлі» тақырыбы аясында жаңа жүйеге сай оқулықтар жазу ісіне тоқталды. Қазақ зиялыларының оқулықтарды жазып, ғылыми қауымдастыққа танымал оқулықтарды қазақ тіліне аударып, ана тілін ғылым тіліне айналдырудағы зор еңбектерін саралады. Өкінішке орай, ұлт қайраткерлері еңбектерінің мазмұны 1917 жылдан кейінгі саяси жағдайға байланысты өзгеріске ұшырағандығын жеткізді. Осы орайда, Ресей федерациясының мемлекеттік архиві қорында сақталған тарихи дерек негізінде 1922 жылы баспа меңгерушісі Н. Төреқұловтың РСФСР Ағарту халық комиссариаты жанындағы ұлттық азшылық кеңесіндегі Розенге жолдаған хатындағы Ахмет Байтұрсынұлының «Оқу құралы» атты еңбегіне қатысты пікіріне тоқталды.

Аталған мәселеге қатысты ұсынысын жеткізген Айнагүл Толғанбайқызы, архив қорлары мен республика кітапханаларының қолжазбалар мен сирек кітаптар қорында сақталған ұлт қайраткерлерінің ұлттық құндылықтарға негізделген оқулықтарының араб қарпінде жазылуына байланысты, бүгінде көптеген оқулық авторлары бұл еңбектерді еркін оқуға қиналатындықтан тарихи тәжірибені пайдалану мүмкіндігінің шектеулі екендігін атап өтті. Сондықтан, ұлт зиялыларының тағлымы мол құнды еңбектерін түпнұсқадан қазіргі қолданыстағы кирилл немесе транслитерация үлгісінде латын қарпінде қайта жариялап, қалың қауымға қолжетімділігінің назарға алынғаны абзал деген пікірін айтты. Сайын Молдағалиұлы да аталған пікірді қолдап, өз ойымен бөлісті.

Шара соңында жарыссөз ұйымдастырылып, ғылым докторы А.Т. Қапаева және ғылым кандидаты Ә.Қ.Шашаев сияқты ғылыми қызметкерлер жоба орындаушыларының ұжымдық монография және архив құжаттарының жинағын даярлау барысындағы нәтижелі жұмыстарына тоқталып, тақырыпты зерттеу мәселелеріне қатысты пікірлерін, ой-тұжырымдарын ортаға салып, еліміздегі зайырлы білім мен ағарту жүйесі тарихының кешенді зерделенуі әлі де жалғасын табуы тиіс деген ұсыныстарын алға тартты. Ғылыми шара соңында модератор – саяси.ғ.д. Сайын Молдағалиұлы қорытынды сөзінде дөңгелек үстел жұмысының алдына қойған мақсатына жеткендігін баяндап, зерттеушілердің ізденісіне сәттілік тіледі.

Қаипбаева А.Т. Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты