Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

«XVIII-XIX ғғ. қазақ хандарының, сұлтандарының және батырларының өмірі мен қызметі жаңа деректерде: зерттеу проблемалары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы 


2022 ж. 28 қазанда Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында ЖТН AP08052271 гранттық қаржыландыру жобасын жүзеге асыру шеңберінде «XVIII-XIX ғғ. қазақ хандарының, сұлтандарының және батырларының өмірі мен қызметі жаңа деректерде: зерттеу проблемалары» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

Конференцияның мақсаты – соңғы жылдары ресейлік архив қорларынан алынған жаңа тарихи деректер, соның ішінде қазақ даласының бірқатар тарихи тұлғаларының Ресей билігімен ресми хат алмасу бойынша жазылған құжаттарын ғылыми өңдеу негізінде XVIII-XIX ғғ. Қазақстан тарихының белгісіз аспектілерін зерттеуді өзектендіру.  Тарих, тарихнама, деректану, сонымен бірге жаңа замандағы Қазақстан тарихының проблемалары бойынша жаңа зерттеу нәтижелерімен бөлісу.

Ғылыми конференцияның баяндамалары келесі өзекті мәселелерді талқылауға бағытталды: 

• XVIII-XIX ғғ. билеуші элитаның өмірі мен қызметін зерттеудегі теориялық-методологиялық проблемалар;

• XVIII-XIX ғғ. тұлғалар тарихы бойынша жаңа деректер;

• жаңа замандағы Қазақстан тарихының проблемалары.

Конференция жұмысына ғалымдар, тарихшылар, шығыстанушылар, архивистер, академиялық институт, ЖОО өкілдері, білім беру саласының қызметкерлері және БАҚ өкілдері, соның ішінде шет елдерден –  Түркия, Ресей, Қырғызстан, Қалмақ елінен оффлайн және онлайн режимде қатысты.

Конференция жұмысы Институт директоры З.Е. Қабылдиновтың құттықтау сөзімен басталды. Сонымен қатар Мимар Синан университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Ә. Қара және Институтымыздың Бішкек қ. филиалының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Ж.Р. Байдилдеев құттықтауларын жеткізіп, конференция тақырыбының өзектілігі туралы ойларымен бөлісті. Институтыың бас ғылыми қызметкері, профессор М.Ж. Әбдіров қазақ арасынан шыққан Ресей офицерлері мен генералдары туралы баяндамасымен конференцияның негізгі бөлімін ашты. Ресей Ғылым академиясы Қалмақ ғылыми орталығының жетекші ғылыми қызметкері, т.ғ.д. В.Т. Тепкеев қазақтар туралы XVII- XVIII  ғғ. ойраттың әдеби-тарихи ескерткіштері туралы баяндамасын жасады.Профессор О.Х. Мұхатова жаңа замандағы Қазақстан тарихын зерттеу проблемаларына тоқталып, тарихнамадағы зерттеу бағыттарына, ерекшеліктеріне тоқталды. Қарастырылған кезең бойынша зерттелінген және зерделеуды қажет ететін мәселелер шеңберін айқындап берді. Қырғыз ғалымы, Т.Қ. Чоротегин – Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің Аймақтану және қырғызтану кафедрасының профессоры ХІХ ғасырдағы қырғыз-қазақ мәдени байланыстарының тарихы туралы Шоқан Уәлиханов пен Арстанбек Буйлашұлы мысалында ғылыми баяндамасын жасады. Екі ел арасындағы достық, оның тарихындағы ортақ мәселелерге назар аударды. Профессор С.М. Борбасов «Қожаберген Жәнібекұлы – Абылай ханның сенімді серігі және сардары» атты баяндама жасап, ауызша деректерден қызықты мәлеметтерді келтіріп өтті. Ал тарих ғылымдарының кандидаты Ә.Қ. Шашаев Әлмерек батырдың өмірі туралы айтып, оның қазақ-жоңғар соғысындағы ерлігін ашып жеткізді. Тарихшы Р.Е. Оразовтың баяндамасы Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық күрестің соңғы кезеңі және жеңілу себептеріне арналды. Ол Кенесары тұлғасының, қызметінің тарихы мен зерттелу проблемаларын жетік меңгергенін көрсетіп, қазақтың соңғы ханы туралы жан-жақты деректер мен тың мәліметтер келтірді. Тарих магистрі А.Д. Арепова болса, XVIІІ ғ. қазақ-башқұрт қатынастарының даму ерекшеліктеріне, екі елдің ара қатынасының бұзылу себептеріне тоқталып өтті. Жас тарихшылар да конференция жұмысының барысында белсенділік танытты. Тарих ғылымдарының кандидаты Т.Ә. Рысқұлов қазақ қоғамындағы сұлтандар институтының эволюциясы, яғнионың пайда болу, тарихи даму және жойылу меселелерін ашып берді,  Анкара университетінің PhD докторанты О.Б. Қуанбай дипломат, мемлекет және қоғам қайраткері Құлсары батырдың өмірі мен қызметіне ресейлік архив деректері негізінде талдау жасады, ал А.С. Тылахметова Абылай ханның Ресей империясымен және Орта Азия елдерімен қарым-қатынасына тоқталып, Ресей архив деректерінен қызықты мәліметтер келтіріп,  зерттеу қорытындыларымен бөлісті.

Сонымен қатар конференция жұмысының барысында архив жинағы «Жизнь и деятельность казахских ханов, султанов, батыров XVIII– первой половины XIX вв. Сборник архивных документов и материалов». Алматы, 2022. және үш тілде жарық көрген «XVIII ғ.- XIX ғ. бірінші жартысындағы қазақ хандарының, сұлтандарының және батырларының өмірі мен қызметі (ресей архивтерінің деректері негізінде)». Алматы, 2022. ұжымдық монографиялардың тұсаукесері жасалды.

Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция соңында қабылданған қарар бойынша жоғарыда тұсаукесері жасалған еңбектерді кітапхана, архив, музей, ғылыми зерттеу  ұйымдарына  сыйлау туралы, сондай-ақ конференция материалдарын жинақтап, электронды түрде жариялауға ұсыну жайлы т.б. шешімдер шығарылды.