Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

«Ишаналы Арабаев және қазақ-қырғыз зиялыларының ХХ ғасырдың бірінші ширегіндегі қызметі» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы


2022 жылғы 29 қарашада «Ғылым Ордасының» Орталық ғылыми кітапханасында Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты қырғыз халқының ұлы ағартушысы, «Алаш» қозғалысының қайраткері Ишаналы Арабаевтың 140 жылдығына арналған «Ишаналы Арабаев және қазақ-қырғыз зиялыларының ХХ ғасырдың бірінші ширегіндегі қызметі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткізді.

Конференция жұмысына Қырғыз Республикасының ғалымдары: Қ. Дикамбаев атындағы Жоғарғы Дипломатиялық академияның проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор З.К. Құрманов, И. Арабаев атындағы Қырғыз Мемлекеттік университеті жанындағы «Арабаев тану» ғылыми зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Ж.Р. Байдилдеев, И. Арабаев атындағы Қырғыз Мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты С.У. Асекова, И. Арабаев атындағы Қырғыз Мемлекеттік университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты М.М. Эсенгулова, сондай-ақ Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университеті ректоры, КР ҰҒА-ның мүше-корреспонденті, тарих ғылымдарының докторы, профессор Т.А. Абдырахманов, ҚР Президенті архиві директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Қ.Ш. Алимғазинов қатысып құттықтау сөз сөйледі.

Баяндамашылар Жетісу жерінде «Алаш» партиясының мүшесі болған және қазақ-қырғыз қарым-қатынастарының ілгерілеуіне ықпалын тигізген қоғам қайраткері, ғалым-ағартушы Ишаналы Арабаевтың, сондай-ақ Дүр Саурамбаев сияқты басқа да қазақ-қырғыз зиялыларының өмірі мен қызметі жайлы, Верный ерлер гимназиясында оқыған қырғыз шәкірттері туралы тың тарихи деректермен бөлісті. Сондай-ақ, жиында ХХ ғ. бірінші ширегінде ағартушылық ұйымдар жайында баяндамалар жасалды.

Конференцияның барысында Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор З.Е. Қабылдинов Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз Ұлттық Университеті мен Қ. Дикамбаев атындағы Қырғыз Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясымен меморандумдарға қол қойды.