Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Білікті маман – сұранысқа ие тұлға!


Білікті де білімді тұлға болып қалыптасу уақыт пен жұмыс тәжірибесінде шыңдалатыны белгілі. Сонымен қатар білікті тұлғаның қалыптасуында қосымша ізденіс пен білімді толықтырудың да маңызы зор. Біліктілікті шыңдауды әрбір маман өздігімен оқып, ізденіп, шеберлігін шыңдаса, кейбір мекемелер өз қызметкерлерін өздері оқытып, заман талабы мен қызметінің сұранысына сәйкес жетілдіріп отырады.

Осы мақсатта Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты қызметкерлерінің шеберлігін жетілдіру жолында 2022 жылы 25 қарашада іс-шараларға шақыруды үйрету бойынша және 2 желтоқсанда кітаптарды орналастыруды (версткалауды) үйрету бойынша шеберлік сабақтары өткізілді.

Институтымыздың баспасөз хатшысы Бурибаева Гүлнар Талғатқызы Қазақстан тарихын насихаттауда және ғылыми зерттеулердің нәтижелерін апробациялауда отандық және шетелдік ғалымдардың қатысуымен өтетін халықаралық және республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциялар, методологиялық ғылыми семинарлар мен дөңгелек үстелдер және т.б. іс-шараларды ұйымдастыруда заманауи түрде ресімдеуді үйрету бойынша шеберлік сабағын өткізіп, тәжірибесімен бөлісті.

Энциклопедиядан бастап, іргелі ғылыми еңбектер, монографиялар жазумен және дайындаумен қатар, оларды беттеу (верстка жасау) ісі – Институтымыз үшін орны ерекше. Верстка жасауды үйрету бойынша Институт типографиясының басшысы Зикирбаева Венера Серікқызы шеберлік сабағын өткізіп, жас мамандарымызбен және орналастыруды үйренуге ниет білдірген басқа да әріптестерімізбен тәжірибесімен бөлісіп, верстка жасау бағдарламасының ерекшеліктерімен таныстырды.

Шеберлік сабақтарын өткізген Венера Серікқызына және Гүлнар Талғатқызына алғысымызды білдіре отырып, қатысқан әріптестерімізге алған білімін тәжірибе барысында қолдануына сәттілік тілейміз.

Тарих магистрі А.А. Бекенова